Accessibility links

Державин әкімдігі: Қала атауын Кенесарыға ауыстыру ісі уақытша тоқтап тұр 


Ақмола облысындағы Державинск қаласы.
Ақмола облысындағы Державинск қаласы.

Ақмола облысына қарасты Державин қаласы әкімдігі Азаттыққа елді мекен атауын Кенесары деп өзгерту процедурасы қазір уақытша тоқтап тұрғанын айтты.

– Заң бойынша әрі қарай процедура ономастикаға кетуі керек. Ономастика әзірге ол жұмысты тоқтатып тұр, – деді Державин қаласы әкімінің орынбасары Досбол Сейітбек.

Әкім орынбасары Азаттықтың мұның себебі неде деп сұрағанда аудандық әкімдіктің ономастикаға жауапты бөліміне сілтеп, "оның себебін ономастика бөлімі біледі" деді.

Жарқайың аудандық тілдерді дамыту, мәдениет бөлімінің бас маманы, ономастика саласына жауапты қызметкер Нәзира Шпанова "жиын хаттамалары мен тұрғындар тізімі қала әкімдігінен әлі келген жоқ" дейді.

Оның сөзінше, аудандық әкімдік атауды ауыстыру бойынша жұмысты осы хаттама түскен соң бастайды.

Екі тарап сөзіне қарағанда, қала әкімдігі "аудандық әкімдік жұмысты уақытша тоқтатқанын", аудандық әкімдік "қала әкімдігінен тиісті құжаттар келмегенін" айтып отыр.

19 маусымда Ақмола облысы Жарқайың ауданының орталығы Державин қаласының атауы Кенесары болып өзгергені туралы БАҚ-та хабар тараған. Сол күні қала атауын ауыстыру туралы жиын өтіп, қатысқан 325 адамның көбі өзгерісті жақтаған. Ресми жиынның қорытынды бөлігінің видеосы да шыққан.

"Кенесары қаласы деп өзгертуді қолдағандар – 192, қарсылар – 125 және 4 бюллетень" деп хабарлайды видеода дауыс беру есебін жариялаған адам.

Досбол Сейітбектің айтуынша, бұл жиын халықтың пікірін, реакциясын білу үшін өткізілген және дауыс беру соңғы шешімді білдірмейді. "Жоғарыда басшылық бар, солармен ақылдасып көреміз" деп жауап берді Державин әкімінің орынбасары.

Жарқайың аудандық әкімдігі қызметкері Нәзира Шпанова Державин атауын Кенесарыға өзгерту туралы жиын заңды түрде өткенін айтты. Шпанованың сөзінше, қала атауын ауыстыру бойынша жұмыс былтыр басталған.

Дегенмен Державиннің кейбір тұрғындары бұл мәселе бойынша асығыс шешім қабылданғанын алға тартып, Кенесары атауына қарсы петиция, бастамалар көтерген. Қала әкімдігі "тұрғындардың қарсы қол жинағанын естідік, бірақ әкімдікке құжат күйінде ешкім тапсырмады" дейді.

Державин – 1966 жылдан бері қала статусы бар елді мекен. Астанадан 450 шақырымдай қашықта орналасқан қалада 7 мыңдай адам тұрады. Әкімдік дерегінше, тұрғындардың тең жартысы – қазақ, жартысы – өзге ұлт өкілі.

Қазақстанда Совет одағынан қалған елдімекендер мен көшелердің атауын өзгерту туралы бастамалар жиі көтеріліп тұрады. Советтік атауларды өзгерту жиындарында бірнеше рет шу шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG