Ресей Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін жүкті Қазақстанды айналып өтетін дәліз арқылы жеткізбек, бұл Астанаға бағытталған соққы ма? Энергетикалық дағдарысқа тап болған Қазақстан неліктен Ресейге жүгінуге мәжбүр? "Латын әліпбиіне өту Қазақстанды Мәскеуден алшақтатар еді, бірақ билік мұны созбалаққа салып отыр". Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарды көтерді.
МӘСКЕУ ҚАЗАҚСТАНДЫ АЙНАЛЫП ӨТЕТІН ДӘЛІЗБЕН ТАУАР ЖЕТКІЗУДІ ЖОСПАРЛАЙ МА?
Ресей Қазақстанды айналып өтіп, Қырғызстанның оңтүстігі, Өзбекстан, одан ары Түркіменстан мен Каспий теңізі дәлізі арқылы Астраханға тауар жеткізуді жоспарлап жатыр. Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында мұның астарында не жатқанына үңіледі.
Гоблдың жазуынша, Ресейде билік басына Владимир Путин келгелі Мәскеу өзімен серіктес елдерге көмектесіп, қарсыластарды әлсіретіп, Ресейге аймақтан бәсекелес шықпауы үшін посткеңестік кеңістіктегі елдер арқылы сауда бағыттарын үнемі өзгертіп отырды.
"Енді Кремль бұл жоспарды Ресейден барынша тәуелсіз, тіпті дұшпандығын таныта бастаған Қазақстанға қолданып көрмек" дейді ол.
Бұл ретте "Оңтүстік көлік дәлізі" туралы сөз болып отыр. Оған сәйкес, Ресей Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін жүктің бір бөлігін Түркіменстандағы Түркіменбашы портына бұрып, Каспий теңізі арқылы Астраханға жеткізбек. Осылайша жүк Қырғызстан-Қазақстан және Қазақстан-Ресей шекарасын айналып өтеді.
Гобл мұның астарында Мәскеудің Ресей мен Түркіменстандағы порттарды дамытып, Каспий теңізімен тауар тасымалдау мен сауда кеме қатынасын кеңейту талпынысы жатқан болуы мүмкін деп топшылайды. "Бұл Ресейге Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстандағы ықпалын күшетіп, Қазақстандағы транзит төлемдерін азайтып, Астананың аймақтағы ықпалын азайтуға мүмкіндік береді" деп топшылайды автор.
Ресей сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық қатынастар жөніндегі Мәскеу мемлекеттік институтының ғылыми қызметкері Андрей Князев Мәскеудің бұл бастамасына Қазақстанның Ресейге қарсы Батыс санкциясын бұзбау жайлы шешімі түрткі болды деп есептейді. Бірақ Князевтің ойынша, түпкі себеп − тауардың Қырғызстан-Қазақстан және Қазақстан-Ресей шекарасынан өте алмай, шекарада ұзақ қаңтарылып қалуы. Бұл техникалық проблемадан гөрі Еуразия экономика одағына кіретін шекаралас мемлекеттің алдындағы міндеттемені бұзатын саяси мәселе болып көрінеді.
Ресейдің Қазақстанды айналып өтетін "Оңтүстік көлік дәлізі" арқылы тауар жеткізу бастамасының іске асар-аспасы белгісіз. Себебі бұл үшін Орталық Азиядағы автокөлік жолдары мен теміржолды жаңартып, жүк кемелерін көбірек өткізу үшін Каспийдегі порттар жұмысын жақсарту керек. Мұны іске асыру қиын, ал қысқа мерзімде жасау тіпті мүмкін емес. Гоблдың пайымдауынша, Мәскеудің қысқа мерзімде Қазақстанды айналып өту жоспары шын мәнінде Ресейдің Астана саясатына көңілі толмайтынын және сол саясатты өзгертуге мәжбүрлеу әрекеті болуы мүмкін.
Князевтің "Независимая газета" басылымындағы пікірі осы долбарды растай түседі. Князевтің айтуынша, жаңа дәліз президент Тоқаевтың Қазақстанды Орталық Азия мен Каспий аймағындағы басты көлік торабына айналдыру жоспарына соққы жасайды. Князев "егер Қазақстан шекарадағы кедергілерді жойса, онда ешкім Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдауға қарсы болмас еді" дейді. Бірақ Астана бұл қадамға бармаса, Қытайдан Каспий теңізі арқылы Қазақстанды айналып өтіп Ресейге апаратын дәліз "Қазақстан темір жолының басты бәсекелесіне айналмақ". Гобл Князев осылайша Ресей Қытайды Қазақстанға емес, "Оңтүстік көлік дәлізіне" ақша салуға шақырды деп топшылайды. Бұл өз кезегінде Ресейге Астанаға қысым жасауға мүмкіндік береді.
Гоблдың ойынша, Кремль "Оңтүстік көлік дәлізін" нақты жоспар емес, келіссөзде қысым көрсету тетігі ретінде пайдаланғысы келетінін көрсететін тағы бір себеп – Мәскеу Қазақстанның Ресей мен Үндістанды жалғайтын Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің бөлігі ретінде қала бергенін қалайды. Бұл дәліз Әзірбайжан, Иран, Қазақстан мен Түркіменстан арқылы өтеді. Егер Кремль Қазақстанды айналып өтетін "Оңтүстік дәлізді" дамытатын болса, Астана Солтүстік-Оңтүстік дәлізіне қосылудан бас тартуы мүмкін. Ал бұл Мәскеу мүддесіне қауіп төндіреді, сондықтан Ресей шенеуніктері бұған бармайды.
"ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫСТЫ ЕҢСЕРУ ҮШІН РЕСЕЙГЕ ЖҮГІНДІ"
Энергетика саласындағы сараптама мен зерттеуге маманданған Energy Intelligence басылымы Қазақстан энергетикалық дағдарысты еңсеру үшін Ресейге жүгінуге мәжбүр болғанын жазды.
Елде тозығы шыққан электр желілері экономика үшін маңызды мұнай-газ секторына кесірін тигізіп жатыр. 3 шілде күні Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат салдарынан Атырау облысындағы бірнеше аудан мен Атырау қаласының шағын аудандар жарықсыз қалды. Электр энергиясының өшіп қалуы мұнай өңдеу зауыты, мұнай өндіретін негізгі кен орындары мен экпорт құбырының жұмысына әсер етті.
Мақала авторы Майкл Ричи Астана Мәскеу мен Батыс арасында баланс ұстау талпынса да, МАЭК-тегі апат Ресейге тәуелділікті айғақтады дейді. Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Ресейдің "Газпром нефть" мұнай компаниясы Қазақстанға АИ-95 бензинін жедел жеткізе бастағанын хабарлады.
Қазақстан мұнайының 80 пайызын немесе тәулігіне 1,2 миллион баррельді Теңіз кен орнынан Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск портына экспорттайтын Каспий құбыр консорциумы да апат салдарын тартты.
Каспий құбыр консорциумы электр энергиясы өшкеннен екі күн өткенде елдің батысындағы "электр желілерінде болған төтенше апаттың салдары әлі толықтай жойылмағанын" хабарлады. Мәлімдемеде "Теңізшевройл" шикі мүнайды өндіріп жатса да, электр энергиясының тапшылығынан Теңіз, Атырау мен Исатайда үш мұнай айдау станциясын тоқтатуға мәжбүр болғаны" жазылған. Сол күні кешірек Каспий құбыр консорциумы ахуал қалпына келіп, мұнайды қайта тасымалдай бастағанын хабарлады.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы МАЭК-тегі апат салдарынан "Өзенмұнайгаз", "Ембімұнайгаз", "Маңғыстаумұнайгаз" бен "Қаражанбасмұнай" кен орындарында мұнай өндіру жұмыстары жартылай және толық тоқтатылғанын хабарлады. "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы екі сағатқа тоқтатылды.
"Қазақстан энергожүйесінде апат қалыпты құбылысқа айналып барады. Ақпан айындағы апат бірнеше аймақтағы үй шаруашылықтарын -14 градуста жарықсыз қалдырды" дейді автор.
Ұлыбританиядағы PRISM тәуекелдерді басқару жөніндегі консалтинг компаниясының сарапшысы Бен Годвин мәселенің тамыры тереңде жатыр деп есептейді. Оның ойынша, бұл дағдарыс инфрақұрылымға көп жыл бойы немқұрайлы қараудан туындаған.
"Сыбайлас жемқорлық – бұл хикаяның бір бөлігі. Алайда бұл немқұрайлықтың артында реформаның іске аспауы, құрдымға кетуі жатыр. Үкімет монополияны жоятын нарық механизмдерін ендірмеді. Сондай-ақ газ және жанармай өндірісіне инвестиция салуға ынталандырмады" дейді Годвин.
Қазақстан біртіндеп жылу электр станцияларынан бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне көшпес бұрын өтпелі кезеңде газ қолдануды жоспарлап отыр. Бірақ газ тапшылығына байланысты бұл жоспар іске аспай қалуы мүмкін. Қазақстанда үлкен газ қоры бар, алайда өндірілетін газдың жартысынан астамы қайта айдалады. Ел ішінде тұтыну тез өсіп жатқанықтан, газды экспорттау 2025 жылы тоқтап қалуы мүмкін.
"Қазақстан Ресейге тәуелділігін азайтуға тырысып жатса да, газды Мәскеуге тиімді шарттармен Ресейден импорттау жайлы келіссөз жүргізе бастады" дейді автор.
"Қазақстанның энергетикалық нысандарды салып, тұрмыстық және өндіріс орындарын газбен қамтамасыз етуге уақыты да, капиталы да жоқ. Оның орнына Қазақстан Ресейге жүгінуге мәжбүр. Ол Ресейге онсыз да экспорт дәліздері мен басқа да стратегиялық мақсаттар жағынан тәуелді" дейді Годвин.
"ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ӨТУ ҚАЗАҚСТАНДЫ РЕСЕЙДЕН АЛШАҚТАТАР ЕДІ"
Ұлыбританиядағы Financial Times басылымы латын қарпіне көшу Қазақстанды Ресейден алшақтатар еді деп жазды.
Басылым тілшісі Тони Барбер жаңа алфавит әлі талқыланып жатқандықтан, 2030 жылға дейін оған көшу екіталай дейді. Дегенмен бұл реформаның символдық мәні бар.
"Кирилл қарпі орыс тіліне негізделген, ол Қазақстанның Совет билігі тұсындағы ұзақ, кейде жан түршігерлік зорлық-зомбылық тарихын еске салады. Латын қарпіне көшу Қазақстанды сол әліпбиді қабылдаған түркі тілдес мемлекеттер мен Батыс елдеріне жақындатады" дейді Барбер.
Кей қазақтар реформаның тезірек жүргенін қалайды. Qazaqshajaz интернет-қозғалысы әлеуметтік желіде тек орыс тілін қолданатын компанияларды қысымға алып, қазақ тілін қоса қолдануды талап етеді. Financial Times билік осындай қозғалыстарға қарамастан, бәрібір уақытты созып отырғанына назар аударады. Былтыр Тоқаев қазақ тілін қолдану жыл сайын артып жатқандықтан, алаңдауға негіз жоқ екенін айтқан еді.
Үкіметтің бұл мәселеге сақтықпен қарауға негізі бар. Ресей ұлтшылдары Қазақстан солтүстігіне көз тігіп, қазақ тілінің есебінен орыс тілінің дискриминацияға ұшырап жатқанын айтады. Қазақстан билігі мұны жоққа шығарады.
Жақында Астанаға келіп кеткен Барбер жұрт қазақ тілімен қатар орыс тілінде де сөйлейтінін байқаған. 1987 жылы елге алғаш келгенде ол қазақ тілінде бір ауыз сөз естімегенін есіне алады. Дегенмен одан бір жыл бұрын бұрқ ете қалған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазіргі ұлттық бірегейлік үшін маңызды болғанын келтіреді. Қазір Желтоқсанды Ресей отаршылдығына қарсы бағытталған, тәуелсіздікке жол ашқан көтеріліс деп көрсетеді. Бұл нарративті елді отыз жыл бойы басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та алға тартты. Барбердің жазуынша, 1987 жылы Назарбаев Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы кезінде өзіне және ресейлік бірнеше тілшіге берген сұхбатында алаңға шыққандарды бұзақылар мен нашақорлар деп айыптап, тәртіпсіздіктер кезінде екі адам қаза тапқанын айтқан. Желтоқсан кезінде нақты қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін белгісіз.
"Әрине, коммунистік кезеңде ашықтан-ашық өтірік айтылатыны анық еді. Ал Тоқаев кезінде Назарбаевтың жеке басына табыну жойылды. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігін күшейтіп жатқан тұста шындықты айтатын адал үкімет пен жаңа алфавит өмірдің ажырамас бөлігіне айналады дегенге сенгің келеді" дейді автор.
ПІКІРЛЕР