Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан" ұйымына партия ретінде тіркелу процесіне рұқсат беруден бүгін 16-рет бас тартқан. Бұл жөнінде "БелсенділерЭкстремист Емес" мониторинг тобы хабарлады.
Әділет министрлігі "бастамашыл топтың тізімі заң талабына сай келмейді" деген уәж айтқан. Бірақ ненің сай келмейтінін нақты көрсетпеген.
"Алға, Қазақстан" бастамашыл тобы 5 шілдеде 3101 адамның тізімін ұсынған. "Алға, Қазақстан" ұйымдастыру комитеті 1500 адамның видеосы бар екенін айтады. Олардың сөзінше, бұл - бастамашыл топтың тізімі заң талабына сай келетінін көрсетеді.
Әділет министрлігі 2022 жылдың мамыр айынан бері "Алға, Қазақстан" ұйымының өтінішінен осымен 16-рет бас тартқан. Тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан" ұйымы партия ретінде ресми түрде тіркелу процедурасын бастауға бір жылдан бері рұқсат ала алмай келеді. Әділет министрлігі бұған дейін де түрлі уәжбен қайтарған.
"Алға, Қазақстан" белсенділері партия ретінде тіркелуге рұқсат бермеудің саяси астары бар деп санайды. Олар сотқа да беріп көрген.
"Алға, Қазақстан" жетекшілерінің бірі Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымға қатысты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген күдікпен қамауда отыр. Жыланбаев өзіне тағылған айыпты теріске шығарған.
ПІКІРЛЕР