Accessibility links

"Мақсатымыз – орыстардың мазасын кетіру". Украина әскері Бахмутқа оралды


Украин сарбаздары Бахмут түбінде Ресей позицияларын атқылап жатыр. 10 шілде 2023 жыл.
Украин сарбаздары Бахмут түбінде Ресей позицияларын атқылап жатыр. 10 шілде 2023 жыл.

Украина әскері Бахмуттың солтүстік және оңтүстік жағына қарай жылжып, алдыңғы жолғыдай көп шығынға ұшырамас үшін қираған қаланы қоршауға алуға тырысып жатыр.

– Өткен жаздағы туған күнімде Клищевкадағы окопта түскен суретім бар. Биыл сол суретті қайталағым келеді, – дейді өз бөліміндегі жауынгерлерге қосылып, майданға аттануға бара жатқан Француз есімді украин сарбазы. Бұл – оның лақап аты.

Ол Бахмуттың оңтүстік-батысындағы Клищевка деп аталатын шағын ауылды қорғаған. Ұзақ уақыт қантөгіс алаңына айналған қала мамырда Вагнер әскері мен орыстардың қолына өткен еді.

Украина оңтүстікте Херсоннан бастап шығыста Донбасс пен Харьков облысына дейін созылған майдан шебінде қарымта шабуыл бастағаннан кейін бес аптадан соң, стратегиялық маңызы болмаса да, символикалық мәнге ие болып үлгерген Бахмут қаласын қайтаруға кірісті.

Бір айға созылған тыныштықтан соң Украина күштері қаланың оңтүстік және солтүстік қапталынан жылжып, қарсыласпен қоян-қолтық ұрысқа түспей, қаланы құрсауға алуға тырысып жатыр.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр 10 шілдеде Украина әскері Бахмуттың айналасындағы төбелерді басып алып, қаланы қоршап тұрғанын мәлімдеді. Украина күштері қалаға кіріп-шыққандарды бақылап, арасында соққы беріп жатыр.

Дәл сол күні Украина құрлық әскерінің қолбасшысы, генерал Александр Сырский Бахмуттағы орыс әскері тұзаққа түскенін, Украина күштері қаланы артиллериялық қару нысанасында ұстап отырғанын хабарлады.

ТҮНГІ ЖОРЫҚ

Ресейдің мыңдаған жауынгері шоғырланған ауданда күндіз-түні шайқас жүріп жатыр.

9 шілдеде Француз бір апта бойы өз бөліміндегі жауынгерлермен бірге Бахмут маңында түнгі жорықта жүргенін айтты.

Қираған Бахмут қаласы. 22 маусым 2023 жыл.
Қираған Бахмут қаласы. 22 маусым 2023 жыл.

– Мақсатымыз – сұр аумаққа (Ресей мен Украина арасындағы ешкімге тиесілі емес территория) өтіп, орыстардың мазасын кетіру, – деді ол.

Арнайы жасақ Ресей әскерінің осал тұстарын тауып, соққы беріп, кері шегінеді. Бұл кезде артиллериялық топ қарсыласты атқылап, арнайы жасақ өкілдерін қорғап тұрады.

Украина әскері көбіне түнгі жорыққа шығады, өйткені жазық жер мен қираған қалада күндіз қарша бораған оқтан қорғанатын орын жоқ.

Артиллерия құрлық әскеріне күндіз басып алған аумағын қорғап қалуға көмектеседі.

“Біз орыстардың осыған дейін жасағанын қайталап жатырмыз”, – деді Француз. Оның айтуынша, Клищевканың айналасындағы окоптардан қыста өлген украин жауынгерлері мен жақында қаза тапқан орыстардың мәйіті табылған.

Украина сарбазы жақын арада орыс күштері болған траншеяда. Донецк облысы, Украина. 4 шілде 2023 жыл.
Украина сарбазы жақын арада орыс күштері болған траншеяда. Донецк облысы, Украина. 4 шілде 2023 жыл.

СИМВОЛИКАЛЫҚ СОҚҚЫ

Ресей тарабы үздіксіз оқ жаудырып жатқандықтан, Украина әскері өз жауынгерлерінің мәйітіне тиісе алмаған. Кері шегінген Ресей әскері істі қиындату үшін кей мәйіттің астына граната қалдырып кеткен.

5-десанттық-шабуылдаушы бригадасында фельдшер болып істейтін Асланның айтуынша, олар әуелі Бахмутқа, кейін жақын маңдағы Часов Ярға тұрақтаған. Қыста және көктемде Бахмутты қорғау кезінде болған шайқастармен салыстырғанда қазір Украина тарапынан адам шығыны аз.

Ресей артиллериялық шабуыл бойынша әлі де басымдыққа ие болғанымен, жараланып, медициналық көмек алуға келетін украин жауынгерлер саны азайған.

Бахмуттың іргесіндегі Часов Яр мен Ивановское елдімекендері тып-типыл болып қираған. Ресей майдан шебінен алыстау орналасқан Константиновка мен Краматорск қалаларын күнде атқылап, бомбалап жатыр. 27 маусымда адам толы пиццерияға жасалған шабуыл салдарынан кемі 13 адам қаза тапты.

14 жасар егіз қыздарын жерлеп жатқан Олег Аксенченко. Анна және Юлия Аксенченколар Краматорскідегі пиццерияға шабуыл кезінде қаза тапқан.
14 жасар егіз қыздарын жерлеп жатқан Олег Аксенченко. Анна және Юлия Аксенченколар Краматорскідегі пиццерияға шабуыл кезінде қаза тапқан.

Аслан өзі жараланғаннан кейін фельдшер болған. Ол қасық қаны қалғанша күресуге дайын, бірақ бір жылдан бері демалыс алмаған жауынгерлер соғыстан әбден қажығанын айтады.

– Көргеніміздің бәрі шынымен болғанын мойындау қиын, – дейді ол бірнеше айға созылған Бахмут шайқасын меңзеп.

Қаланы қорғауға қатысқан жауынгерлердің көбі енді оны қайтаруға атсалысып жатыр. НАТО дайындаған әскер ұрысқа майданда жүрген күштер жол ашқанда бір-ақ араласады деген болжам бар.

Әскери сарапшылар пікірінше, Ресей әзірге Украинаның қарымта шабуылына қарсы стратегиялық резервін пайдаланбаған. Ондаған мың жауынгер Украина қарулы күштеріне қарсы соғысатын сәтін күтіп, сақадай-сай отыр.

Украина Бахмутты қайтарып алса, Ресейдің тасымал жүйесіне нұқсан келіп, символикалық соққы болуы мүмкін. Одан бұрын Бахмутты басып алған “Вагнер” тобы 23-24 маусымда “бүлік” шығарып, Мәскеуге бет алып, Ресейдің әскери басшылығын алай-дүлей күйге түсіріп еді.

2014 жылы Украинаның Мәскеуге адал президенті Виктор Янукович биліктен тайдырылғаннан кейін, Ресей Киевке қарсы сепаратистерді қолдап, Донбаста соғыс өртін тұтатқан. Сол кезде Украина жағында соғысқан Француз “Бахмутты қайтаруға болады, бірақ бұл оңай емес”, – дейді.

– Батыс елдері бізге жаңа ұшақтар жібермеді. Олар АҚШ-тың жеке құрам мен көліктерді жоятын қару-жарақ жіберу туралы шешімінен аса алмай отыр. Бірақ бұл техника ірі әскери операция бастауға жетпейді. Олар бізді грек аңыздарындағы көзсіз батыр көргісі келеді. Бірақ соғыста жаудың көзін жою үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалану керек, – дейді ол.

Украина сарбаздары жуырда ғана басып алған окопта тынығып отыр. Бахмут түбі, 4 шілде 2023 жыл.
Украина сарбаздары жуырда ғана басып алған окопта тынығып отыр. Бахмут түбі, 4 шілде 2023 жыл.

АҚШ-та орналасқан Соғысты зерттеу институтының дерегінше, Бахмут маңында соғысып жүрген ресейлік күштерге “ШтормZ” деген ат берілген. Олар Ресейдің қорғаныс министрлігіне қарайды. Жауынгерлер “Вагнер” тобының әдісімен түрмеден жиналады. Көбі соғысқа жазасынан құтылып, ақша табу үшін барады. Ресей оларды жан-жақты дайындықтан өткізбей, соғысқа салып жібереді.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың айтуынша, Бахмут түбінде шешен әскері де жүр. Ол телеграм-арнасына Апта Алаудинов деген кісінің Клищевкада жүрген видеосын салды. Украинаның жергілікті командирі Петр Кузык Азаттықтың Украин қызметіне “майданда шешен күштерін көрмедік” деген.

Украинаның “Холодный Яр” бригадасының барлау қызметінде істейтін Евгений Чабан “Вагнер” тобы кеткеннен кейін Бахмутты қорғап жатқан Ресей әскері ұйымдастырудың нашарлығынан зардап шегіп жатыр дейді.

Ол қолға түскен радиокеліссөздерге сүйеніп, Ресей әскерінде құрал-жабдық жеткізу мен медициналық көмек көрсетуде қиындықтар болып жатқанын анықтаған. Чабан ресейлік командирлер “Вагнер” стилінде ішкі террор ұйымдастырып жатқанын айтады.

30 жастағы Чабан бұрын дыбыс режиссері болған. 2022 жылы ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргенде Евгений территориялық қорғаныс отрядына жазылған. Кейін бірнеше рет жараланған ағасының сөзін тыңдамай, соғысқа кеткен.

– Техникалық тұрғыдан әскерлеріміздің арасында еш айырмашылық жоқ. Бірақ олар мұнда не істеп жүргенін білмейді, ал біз не үшін күресіп жатқанымыз білеміз. Күресті жалғастырамыз, орыстар келген жағына қайтпайынша берілмейміз, – дейді Чабан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG