Accessibility links

Пентагон: Украина кассеталы оқ-дәрі алды


АҚШ-тың кезекті әскери көмегі барысында Украина кассеталы оқ-дәрі алды. Мұны АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі хабарлады.

Бейсенбіде жедел-стратегиялық "Таврия" әскери тобының қолбасшысы Александр Тарнавский Украина әзірге кассеталы оқ-дәрі пайдаланбағанын, бірақ ол "майдан шебіндегі жағдайды түбірінен өзгертуі мүмкін" екенін айтқан.

7 шілдеде АҚШ Украинаға құны 800 миллион доллларға тең жаңа әскери көмек пакетін ұсынған. Кассеталы оқ-дәріден өзге оның ішінде Bradley және Stryker беренкөліктері мен HIMARS снарядтары мен гаубицалар, әуе қорғанысының оқ-дәрілері бар.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан АҚШ кассеталы оқ-дәрінің барлық қаупін түсінетінін, сол себепті бұл шешімді ұзақ ойланып қабылдағанын айтқан. Алайда Ресей әскері кассеталы оқ-дәріні Украинада қазірдің өзінде қолданып отыр, Украинаның соған тең қарумен қорғануына құқығы бар деген.

Салливанның сөзінше, Украина кассеталы оқ-дәріні мейлінше абайлап қолдануға, бейбіт адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге уәде берген.

АҚШ-тың Украинаға кассеталы оқ-дәрі беретіні туралы ақпарат шыққан соң Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу "олай болса біз кассеталы оқ-дәріні пайдалануға кірісеміз" деген еді. Сергей Шойгудың сөзінше, Ресей Украинада әзірге кассеталы оқ-дәрі қолданбаған. Алайда, майдан алаңынан түскен мәліметтер Ресейдің кассеталы оқ-дәрі қолданғанын көрсеткен.

Кассеталы оқ-дәріні қолдануға тыйым салатын халықыралық конвенцияға 123 мемлекет қол қойған.

Кассеталы оқ-дәрі жасайтын ірі өндірістері бар АҚШ, Ресей, Қытай конвенцияға қол қоймаған. Үндістан, Пәкстан, Израиль, Оңтүстік Корея, мен Украина да конвенцияға қол қоймаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG