Accessibility links

Ресейде тағы бір генерал қызметінен қуылды деген хабар тарады


Владимир Селивёрстов, 14 қазан 2020 жыл (Фото: Ресей қорғаныс министрлігі)
Владимир Селивёрстов, 14 қазан 2020 жыл (Фото: Ресей қорғаныс министрлігі)

Ресейде күш құрылымдарына жақындығы бар деген, әскер тақырыбын жиі қозғайтын телеграм-каналдар қорғаныс министрі Сергей Шойгу генерал-майор Владимир Селиверстовты жұмыстан шығарғанын хабарлады. Селиверстов әуе-десант әскеріне қарасты 106-дивизияны басқарған.

Ресей Украинаға басып кіргенде Селиверстовтің дивизиясы Киев облысында болған. Ал биыл қаңтардан бастап ол дивизия Бахмут маңында соғысқан.

"Военный осведомитель" телеграм-каналының жазуынша, дивизия басшысының жұмыстан не себепті босатылғаны белгісіз, бірақ бұл жағдайға генералдың "бір беткейлігі" түрткі болуы мүмкін. "Селиверство әуе-десант әскері штабының шешімдерімен түгел келісе бермейтін" дейді телеграм-канал.

"ВЧК-ОГПУ" телеграм-каналының хабарлауынша, Тула облысының губернаторы Алексей Дюмин жұма күнгі Мәскеуге сапарында генералға жақтаспақ болған, бірақ одан нәтиже шықпаған.

Украина президентінің офисі Киев облысы Буча, Гостомель және Ирпень қалаларындағы бейбіт тұрғындарды өлтіруге қатысы бар Ресей күштері арасында осы 106-дивизияны да атаған.

"Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымының сөзінше, Селиверстов басқарған дивизия сарбаздарының фотожурналист Макс Левин мен оны алып жүрген украин әскери қызметкері Алексей Чернышовтың қазасына қатысы болған.

Левин былтыр 13 наурызда байланысқа шықпай қойған. Оның мәйітін 1 сәуір күні Киев облысы Буча ауданында табылған. Сол кезде бұл аймақта осы 106-дивизия болған. Ресей әскері Бучадан 31 наурызда кеткен.

2014 жылы Селиверстовқа "Ресей батыры" атағы берілген. Ол 106-дивизияның командирі болып 2021 жылы тағайындалған.

Мұның алдында қорғаныс министрлігін сынағаны үшін Оңтүстік әскери округтегі 58-әскердің командирі Иван Попов жұмыстан кетірілгені мәлім болған.

The Wall Street Journal басылымы "Вагнер" тобының бүлігінен кейін Ресейде 13 ірі әскери қызметкер жұмыстан босатылды деп хабарлаған.

Маусымның аяғында "Вагнер" жекеменшік әскери тобының жетекшісі Евгений Пригожин қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен штаб бастығы Валерий Герасимовке наразылық ретінде Дондағы Ростов қаласын бақылауға алып, одан әрі Мәскеуге аттанған. Бірақ орта жолдан, "қантөгіс болмасын" деп кері қайтқан. Бүлік деп бағаланған бұл оқиға Ресей президенті Владимир Путиннің беделіне зор нұқсан келтірді деп сипатталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG