Accessibility links

Уақыт тоқтаған қала. Державинск атауын өзгертуге кім және не үшін қарсы?


Кенесары vs Державин. Қала атауы ауыса ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:58 0:00

Кенесары vs Державин. Қала атауы ауыса ма?

"Совет одағы тұсында қаланы қалай атаймыз деп ешкім сұраған жоқ. Ендігі жерде өзіміз шешуіміз керек", – дейді бір тарап. Екінші тарап "Қала атауын өзгертсек, тарихты өшіріп, адамдарды өткенінен айырамыз" деп санайды. Ақмола облысындағы Державинск қаласы толқып тұр. Шағын қалаға Кенесары ханның атын беру туралы ұсыныстан кейін тұрғындардың пікірі екіге жарылған.

Шұрқ тесік жол, қирауға таяған ғимараттар мен ілуде бір адам көрінетін көше. Сирек кездесетін тұрғынның көбі – орта жастағы не қарт адамдар. Жастар мұнда қалмайды. Астанаға, Қостнайға не Ресейге кетеді.

Бұл – Ақмола облысындағы шағын қала Державин. Жарқайың ауданының орталығы. Совет билігі тұсында Державин іргесінде атышулы 38-ракеталық дивизия орналасып, тікелей Мәскеуден басқарылған жабық, әскери қалашық болған.

Совет одағы тарағаннан кейін көбі Державиннен көшіп, сол кездегі халықтың бестен бірі ғана қалған. Қазір мұнда 6 мыңдай адам тұрады. Жергілікті әкімдік дерегінше, тұрғындардың жартысын – қазақтар, қалған бөлігін басқа ұлт өкілдері құрайды. Қаладағы үш мектептің екеуі балаларды орысша, біреуі ғана мемлекеттік тілде оқытады. Халықтың негізгі дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Мал ұстайтындар да бар.

Ақмола облысындағы Державин қаласы. 28 маусым 2023 жыл.
Ақмола облысындағы Державин қаласы. 28 маусым 2023 жыл.

Державиннің орталық алаңына шығатын көшеде тұрған сағат қашан қарасаң да, 3:45-ті көрсетіп тұрады. Қалада сағаттың тілі ғана емес, уақыт та тоқтап қалғандай: қалалық әкімдік төбесінде көк ту желбіреп тұрғаны болмаса, қаладағы тіршілік Совет одағына түсіп кеткендей әсер қалдырады.

Ленина, Комсомольская, Мира. Қаладағы 24 көшенің басым көпшілігінің атауы Совет Одағынан бері өзгермеген. Бұрын көшелердің атауын өзгертуге талпыныс үнемі кей тұрғындардың наразылығымен аяқталатын. Енді елдімекен атауын өзгерту бастамасы халықты екіге жарып, қос тараптың арасында талас туғызып отыр.

"ҮЛКЕН ҚАЛА ЕДІ"

Өзара тартысып жатқан тұрғындар қатарында 77 жастағы Төлеген Ыбыраев та бар. Ол Державинге 1950-жылдардың соңында 10 жасында көшіп келген. Бұл жердің тау-тасына дейін біледі.

Ыбыраевтың айтуынша, бұрын қалада өмір сүруге қажеттің "бәрі" болған. "Клуб, аурухана, балалар бақшасы, сауда орталығы. Солардың бәрі болды ғой. Үлкен қала болған. 30 мыңдай халық болды осы жақта", – дейді ол. Ақсақал қалада өмір бойы тұрып келе жатқан адамдардың көбі түп-тамырын білмейді деп қынжылады.

– Төрт-бес жыл бұрын бір қазақты жерледік. Атын айту керек қой намаз шақырғанда. Анатолий. Әйелі де, балалары да Анатолий деп айтты. Біздің білетініміз. Сол намаз бітейін деп жатқанда бір кісі түрегелді де, "мен баяғыда бұл кісілердің аталарымен бірге тұрғам. Оның аты Бектұрған деді ме, солай" деді. Түсіндіңіз бе? Азан шақырып қойған аты – Бектұрған. Енді қалай айтуға болады? Біз тек қана жердің аты емес, ауылдың аты емес, өзіміздің атымызды ұмытып бара жатырмыз. Жасымыз келіп қалды, ертең балаларымызға не айтамыз, немере-шөбере өсіп келе жатыр, – дейді Ыбыраев.

Ол Державин атауын өзгертіп, елдімекенге Кенесары ханның атын беруді ұсынған бастамашыл топқа кірген. Бірнеше жыл бұрын бұл мәселе қызу талқыланып жатқанда ақсақалдар кеңесі сарапшыларды шақырып, тарихи негіздеме дайындатқан.

Биыл 19 маусымда Державин тағы да көпшіліктің назарына ілікті. Тұрғындар жиынында қала атауын өзгерту мәселесі дауыс беруге шығарылған. Залда отырған 325 адамның жартысынан көбі – 192 адам қала атауын өзгертуді қолдаған.

Ақпарат құралдарында Державиннің атауы өзгереді деген хабар тарады. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызған. Көбі дауыс беру туралы естімегенін, бұл туралы кейін әлеуметтік желіде тараған видеодан білгенін айтып, қала атауын өзгерту туралы шешімге қарсы шықты.

Сергей Ерин 2004-2007 жылдары Державиннің әкімі болған. Қазір өңірдегі ірі кәсіпкерлердің бірі. Ол қоғамдық резонанс туғызған мәселеге қалалық әкімдікті кінәлап, жергілікті билік жағдйды дұрыс түсіндірмей, халықтың шамына тиді деп отыр.

– Аудандық газетте қала атауын өзгерту туралы шағын ғана хабарлама жарияланды. Жиынға барған адамдардың көбі талқылауға келдік деп ойлады. Яғни олар ұсыныс жолдап, нұсқаларды қарап, керек пе, жоқ па, талқыға саламыз деп барды. Бірақ олай болмады. Әкімдік халықпен тілдесіп, оларды тыңдамады да. Былай айтқанда, біздің халық дұрыс мағынасында консервативті. Олар оқыс қимылды, әдеттен тыс әрекетті жақтырмайды, – дейді Ерин.

Державин қаласының әкімдігі. 28 маусым 2023 жыл.
Державин қаласының әкімдігі. 28 маусым 2023 жыл.

Кәсіпкер атауларды қазақшалау мәселесі бұрын да көтерілгенін мойындайды. Ол кезде көше атаулары туралы сөз болып, жергілікті биліктің "ойланбай жасаған әрекеті салдарынан" шу шыққан.

– Болмағанда, қала бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қоғам пікірін зерттеп, мониторинг жасауы керек еді. Содан кейін ғана бұл мәселені талқыға шығару қажет еді, – дейді Ерин.

"ӨТКЕНСІЗ БОЛАШАҚ БОЛМАЙДЫ"

Державинді аралап жүріп, елдімекен атауын ауыстыруды көбі тым жақын қабылдайтынын түсінуге болады. Мәселен, Людмила Куделюк бұл өзгерісті “Отаннан айыру” деп бағалайды.

– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл, енді бәрін өзгертеміз дейді. Жақсы. Олай болса, түк болмағандай атымызды да, тегімізді де ауыстырайық, – дейді Куделюк.

– Осы жердің тумасымын. Бала күннен Державин дегенге үйрендік. Кезінде әскери бөлім, үлкен дивизия болған. [Державин] ретінде бізді бүкіл одақ біледі, – дейді тағы бір тұрғын Асылбек Ахметов.

Ал Амангелді Сүлейменов қала атауын ауыстырудың символикалық мәні бар дейді.

– Совет үкіметі кезінде ешкім бізден сұраған жоқ қой, қаланың атын қалай қоямыз, не деп қоямыз деп. Енді егемендік алғаннан кейін, өзіміз бөлек мемлекет болғаннан кейін осы біздің Қазақстанда, менің ойымша, қаланың аттары қазақша болуы керек, – дейді осы қалада тұратын Сүлейменов.

Державинде тұратын Аспанай Әлжанова қаланың қазіргі атауында еш мағына жоқ, сондықтан кейінгі ұрпақ үшін елдімекен атауын қазақшалау керек деген пікірге қосылады.

– Үлкен ұлым 4-сыныпта оқиды. "Неге Державин?" деп сұрады. Қаланың дамуына үлес қосқан адамның құрметіне берген дейін десең, ондай адам болмаған. Қанша тырыссам да, түсіндіре алмадым. Өткенсіз болашақ жоқ дейді ғой. Егер біз өткенімізді білмесек, балаларымызға тәуелсіздігіміз бен жерімізді қорғаған батырлардың кім екенін түсіндіре алмаймыз, – дейді Әлжанова.

Державин атауы айналасында туған дауға көзқарасын білдіруге көп адам жиналды. Олар түсірілім тобын қоршап, бір-бірінің сөзін тыңдамай, тартыса кетті.

Журналистерге сұхбат берген Елена Хабарова әкімдік болмайтын шаруаға бас қатырып отыр деп есептейді. Оның пікірінше, елдімекен атауын ауыстыруға кететін ақшаны қаладағы басқа маңызды мәселелерді шешуге жұмсаған дұрыс.

– Жолымыз шұрқ тесік, су құбыры дұрыс істемейді. Қалада жұмыс жоқ. Көбі не сатушы, не таксист. Өлместің күнін кешіп отырмыз, – дейді Хабарова.

Державин көшелерінің бірі. 28 маусым 2023 жыл.
Державин көшелерінің бірі. 28 маусым 2023 жыл.

Халық 19 маусымда өткен жиынды еске алғанда, тұрғындардың бірі Галина Гапон 6 мың халқы бар қалада баршаға ортақ маңызды мәселелер ондаған адамның айтуымен шешілмеуі керек деп даурықты.

– Қаланың тағдырын шешу мектептегідей бір парақ қағазда жазылатын сауалнама емес қой. Жыл сайын киім ауыстырғандай қала атауын өзгертпейміз ғой, бұл атау мәңгіге қалады, – деді Гапон.

Кей тұрғындар Державин атауын өзгерту туралы ұсыныстан ұлтшылдық белгісін көреді.

– Ұлттық деңгейдегі мәселе қайдан шыққанын білмеймін. Қазір бізде сол басталды. Ашықтан ашық орыстың түгі керек емес деп жазатындар бар. Не үшін? Айтыңызшы, не үшін? – дейді Екатерина Чибикова жыларман болып.

НЕГЕ КЕНЕСАРЫ?

Державин тұрғындарының бір бөлігі бастамаға қарсы адамдарды түгендеп, тізім жасай бастаған. Галина Рожковская үй-үйді аралап, сауалнама жүргізгенін айтады. Нәтижесінде 400 адам Державин атауын өзгертуге қарсымыз деген.

– Мысалы 20 адам десек, соның бір-екеуі қала атауын өзгертуді қолдаса, 18 адам қарсы болды. Өйткені бұл – өзгертуге болмайтын тарих, – дейді Рожковская.

Белсенді Кенесары ханның тарихта ойып орын алатын тұлға болғанын мойындайды, бірақ оның Державинге қатысы жоқ дейді.

– Ол Қазақстанға шабуылдаған әлдебір күштерге қарсы тұрған. Бірақ қалай болса да бұл [оқиғалар] Державинге жақын жерде не оның аумағында болмаған, – дейді Рожковская.

Жергілікті "Целинная знамя" газетінің тілшісі Светлана Шорбан қала атауын ауыстыруға қарсы қол жинаған. Ол тың игеруге дейін бұл жақта ештеңе болмаған деп дәлелдеуге тырысты.

– Бұл жерде тың игеру, соның бастамасымен алғашқы тың игерушілер болды. Бәрі шағын шатырдан басталды ғой. Оған дейін мұнда ештеңе болмаған, бос жатқан жер еді, – дейді ол.

Державин қаласы.
Державин қаласы.

Өңірдің тарихы мен шежіресін зерттеумен әуестеніп жүрген Жайлаубай Ысқақұлы жерлесінің сөзімен келіспейді. Ол Қазақстан тарихын Совет үкіметі орнаған кезеңмен өлшеу шовинистік көзқарас деп санайды. Оның сөзінше, Жарқайың ауданы аумағында қоныстанған ру өкілдері Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары жасағына қосылып, патша үкіметіне қарсы тұрған.

– Осы арғын, қарауыл рулары Кенесары ханның көтерілісіне тікелей қатысқан рулар екен. Қима, Терісаққаннан бастап, шұғырша руы, бөгенбай, мәнте, сарғалдақ бәрі болған, – дейді ол.

Державин атауын қазақшалауға тарихи негіздеме дайындаған сарапшылардың бірі – тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев. Ол қала тұрғындары дауыс берген жиынға қатысып, “Державин неге Кеңесары аталуы керек?” деген сұраққа жауап берген. Азаттық тілшісі ғалыммен Астанада кездесіп, “жалпыұлттық деңгейдегі тұлға” туралы пікірін тыңдады.

– Кенесары тұлғасы деген жалпы қазақтық тұлға, жалпы қазақстандық тұлға. Ол біздің жерімізге қатысы жоқ деген болмайды. Қазақтың ортақ билігінің соңғы өкілі Абылай хан болатын болса, кәдімгі бүкіл қазақты тұтас билеп тұрған, үш жүздің атының басын бір қазыққа байлаған Абылай хан болатын болса, Абылай ханның немересі – Кенесары. Кенесары – қазақтың соңғы ханы. Кәдімгідей ақ киізге көтеріп сайланған соңғы ханы, – дейді ғалым.

Артықбаевтың сөзінше, Кенесары патша әскеріне қарсы көтерілмесе, Державиннің орнына орыс бекінісі салынбас еді.

– Кенесары осы Көкшетау маңайында күресті. Ақмола маңайында күресті. Ақмоланы 1838 жылы осы дуанды құрғызбаймын деп соғысты. Осы орыстың бекінісінің жартысын жағып жіберді. Казармасы ғана қалды. Бірақ бұл жерде де табан тіреп тұра алған жоқ, өйткені Ресейдің күші басым болды, империяның күші, қарулы әскер, зеңбірек. Сөйтіп шегініп, далалық аймаққа шегінді. Шегінген кезде ол қайда барды? Жаңағы Жарқайың жеріне барды. Кенесары қуғындап барған орыстың әскері 1840 жылы Жарқайыңда бекініс салды. Егер де Кенесары ол жерге бекінбесе, орыс бекініс салмас еді. ...Тарихты тек қана сол 1840 жылы орыс бекінісінен бастағысы келеді. Ол болмайды, біздің тарихымыз ана заманнан басталады. Көне заманнан басталады. Айтып отырмын ғой, тіпті Жарқайың бекінісінің өзі орта ғасырлық қаланың үстінен салынды", – дейді Артықбаев.

Ақмола облысы Жарқайың ауданының әкімшілік орталығы Державин қаласы. 28 маусым, 2023 жыл.
Ақмола облысы Жарқайың ауданының әкімшілік орталығы Державин қаласы. 28 маусым, 2023 жыл.

ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?

Державин әкімдігі 19 маусымда өткен атышулы жиынға қала тұрғындары түгел қатыспағанын жоққа шығармайды. Бірақ қала әкімінің орынбасары Досбол Сейітбек өз пікірін білдіргісі келгендерге мүмкіндік бердік деп, алдыңғы жиын жағдайды барлау үшін ұйымдастырылғанын айтты.

– Әзірге тек жай жиын өтті. Халықтың пікірін тыңдайық, елдің реакциясы қалай болар екен деп. Дәл осылай болады деп ойлаған жоқпыз. Енді көреміз тағы да. Жоғарыда басшылық бар, солармен ақылдасып, қалай болатынын, – деді қала әкімінің орынбасары.

Досбол Сейітбектің айтуынша, қала атауын өзгерту процесі енді ғана басталған. Әзірге бар жұмыс тоқтап тұр. Әкімдік бұған ономастикаға жауапты органдарды кінәлайды. Олар әкімдік қажет құжаттарды жіберген жоқ дейді. Жарқайың аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Назира Шпанованың сөзінше, қала тұрғындарымен өткен кездесу хаттамасынсыз жұмысты жалғастыруға болмайды.

– Менің құзыретім жаңағы хаттамалар қолыма түскеннен кейін барып басталады. Әзірге қала әкімдігінен ешқандай құжат берілген жоқ, – дейді Шпанова.

Ол тұрғындар түгел қатыспаған жиынды “заңсыз” дегендердің пікірімен келіспейді. Шпанова тұрғындармен кездесу барлық талаптарға сай өтті деп есептейді.

– Өткен процедура заңды түрде өтті. Себебі бұл ашық, бейнежазба жүргізіліп отырды. Екіншіден берілген парақтар нөмірленген болды. Келген азаматтардың барлығына келуге болатын еді. Залға сыймаған азаматтар да келіп, дауыс беруге құқылы болды. Келген адамдар дауыс берді, – дейді Шпанова.

Этносаяси зерттеулер институтының өкілі, әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова Державиндегі дауды заңды құбылыс санайды. Елдімекен атауын өзгерту – сезімтал тақырып, ал өзгеріске қарсыласу – болмысымызда бар нәрсе, сондықтан тұрғындармен диалог маңызды дейді ол.

– Жер, су, қала, мекен атаулары адамның қоршаған ортасында бірнәрсе ауысып кетсе, адамдар өзінің ортасынан айрылғандай болады. Сұрақтар туындайды. "Неге олай?", "Осылай өзгерсе, менің өмірім өзгеріп кете ме?" деген. Ол адамның ішкі бірегейлігімен байланысты. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл деп ауыз толтырып айтамыз ғой, бірақ 30 жыл деген – өте қысқа тарихи уақыт. Бұрынғы тарихымыз басқаша болған. Бір жағынан тарихты қабылдап, екінші жағынан, жаңа дәуірге аяқ басуымыз керек. Осыны халыққа жақсылап түсіндіруіміз қажет, – дейді Сәдуақасова.

СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ САРҚЫНШАҒЫ

Державин қаласы Астанадан 450 шақырымдай жерде орналасқан. 1956 жылы шағын кент болып құрылып, он жылдан кейін қала мәртебесі берілген. 1966-1996 жылдары аралығында қала іргесіндегі әскери бөлімде Совет әскерінің құрлықаралық зымырандары тұрған.

Совет одағы ыдырағаннан кейін 38-ракеталық дивизия тарап, бұл жақтағы шахталардың бәрі жабылған. Тұрғындар жерде әлі де темір-терсек көп дейді, сондықтан металл өткізетіндер бұл жаққа жиі келеді.

Азаттық тобы кезіндегі қуатты әскери бөлімнен қалған, жартылай бүлініп, қаңқасы тұрған ғимаратқа кіруге батпады. Тұрғындар іргесі сөгіліп, қабырғасы құлаған нысанның қауіпті екенін ескерткен соң, журналистер базаны сыртынан ғана түсіріп алды.

Әскери бөлім аумағы қаланың бір шетінде тұрғандықтан, Степной деп аталған. Әкімдік мұнда иесіз қалған көпқабатты үйлердің бірнешеуін жөндеп, оны Жастар ықшамауданы деп атап, пайдалануға беріпті. Бірақ ауданның бұрынғы атауын өзгертерде тұрғындарды жинап, пікірін сұрамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG