Accessibility links

"Сот төрелігін мазақ ету", "билікке жақындарды қорғау". Қазақстан билігі Қаңтарды жан-жақты тергеуден сескене ме?


Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы "әуежайды басып алды" деген азаматтарға үкім шыққан соң сот ғимараты алдында полиция жасағына сұрақ қойып тұрған әйел. 11 шілде 2023 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы "әуежайды басып алды" деген азаматтарға үкім шыққан соң сот ғимараты алдында полиция жасағына сұрақ қойып тұрған әйел. 11 шілде 2023 жыл

"Биліктің Қаңтар оқиғасын тергемеуі және 238 адамның қазасына жауапты болуы мүмкін қауіпсіздік күштерін жауапқа тартпауы Қазақстанның шындыққа адал болу принципіне нұқсан келтіреді" дейді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон. Қазақстан Қаңтар оқиғасына халықаралық ұйымдармен бірге неге жан-жақты тергемей отыр? ЕҚЫҰ немесе БҰҰ Қазақстан билігінің рұқсатынсыз Қаңтар оқиғасын зерттей ала ма? "Әуежайды басып алу" ісі сотының үкімі нені білдіреді? Азаттық осы және басқа сұрақтар төңірегінде Хью Уильямсонмен сұхбаттасты.

"КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАРДЫ ҚОРҒАЙТЫН АВТОРИТАРЛЫ ҮРДІС"

− Жақында Financial Times басылымында шыққан пікір-хатыңызда "Қазақстанның шындыққа адалдығы қыл үстінде тұр" депсіз. Неге бұлай дегеніңізді ашып айта аласыз ба?

Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон
Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон

− Қазақстанның шындыққа адалдығы қыл үстінде тұрғанның себебі, ел халықаралық дәрежеде жақсы имиджге ие болуға, беделді болуға тырысады, шынайылық − сол имидждің бөлігі. Бірақ үкіметтің Қаңтар оқиғасына келгендегі іс-әрекеті, оқиғаны тергемеуі және 230-дан астам адамның қазасына жауапты болуы мүмкін қауіпсіздік күштерін жауапқа тартпау фактісі [Қазақстанның] шындыққа адал болу принципіне нұқсан келтіреді.

− Наразылық кезінде 238 адам қаза тапты. Күштік құрылым өкілдері тек үш іс бойынша ғана сотталды. Бұл нені көрсетеді?

− Қазақстан − авторитарлы ел, тергеушілердің тәуелсіз тергеу жүргізуі сирек. Мұқият, жан-жақты тергеу Қазақстанның билік құрылымы үшін аса маңызды күштік құрылымдардың рөліне нұқсан келтіреді. Дегенмен соған қарамастан жан-жақты тергеуге бару өте маңызды, себебі бұл билік адамдар қазасы үшін жауаптыларды әшкере етуге дайын, заң үстемдігі бәріне бірдей, мемлекет ешкімді жасырып, қорғап қалмайды дегенді қоғамға көрсете алар еді. Өкінішке қарай, бұл жерде күштік құрылымдар тәрізді билікке жақындарды қорғайтын авторитар үрдіс байқалады.

− Президент Тоқаев 2022 жылы қаңтар айының аяғында берген сұхбатында Қаңтар оқиғасы кезінде елге гастарбайтер кейпінде арнайы дайындықтан өткен лаңкестер келгенін айтқан. Оның сөзінше, "оларды шекара бақылау өткелінен өткізіп, қалаға кіргізіп, операцияға жетекшілік жасатқан". Бірақ бұған дәлел келтірілмеді. Ал жақында Алматыдағы сот бес адамды әуежайды "басып алу" ісі бойынша 4 жылдан 8 жыл түрме жазасына кесті, олардың арасында екі белсенді бар. Сот үкімі туралы не дейсіз?

− Қаңтар оқиғасына қатысқан басқа да белсенділерге сот үкімі шыққандықтан, бұл үкім ерекше емес. Басқа істерден түсінгеніміз, белсенділерді қатаң түрме жазасына кесуге негіз бола алатын, сенім ұялататын айыптаулармен таныс емеспіз.

Бұл істің бүге-шігесін білмеймін, бірақ бұл да сол сияқты бейбіт наразылыққа қатысқандарға кінәні аударған жағдай ма деп алаңдаймын. Билік оларды "әуежайды басып алған бұзақылар – осы" деп нұсқап, кінәні аудару үшін пайдаланып жатыр. Бұл – сот төрелігін мазақ ету. Бұл адамдар наразылыққа шыққаннан басқа ешқандай бұрыс әрекетке бармаған болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда төрт жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қисынсыз. Дей тұрғанмен үкім расында да негізсіз болса, апелляция сатысына жеткенде сот бұл шешімнің күшін жояды деп үміттенемін.

− Қазақстанда болған бейбіт митингілерде жұрт "халыққа қарсы оқ атуға бұйрық берген адам ұлт көшбасшысы бола алмайды" деген сөздер айтылды. 238 адамның қазасы жан-жақты тергелмегеннің бір себебі қауіпсіздік күштерін сотқа тартса, "оқ атуға бұйрық берген кім?" деген сұрақ туындауы мүмкін, ал бұл өз кезегінде президентке әсер етуі ықтимал...

− Мұның қалай өрбігенін болжай алмаймыз, бірақ прокурорлар заңды жолды басшылыққа алуы керек. Мұндай жағдайда басшылық еткендердің тізбегіне қарау қажет. Наразылыққа шыққандарға оқ атып, құқық бұзғандар кім және оларға нұсқау берген кімдер екеніне қарау керек.

Саяси сараптама тұрғысынан қарасақ, меніңше, үкіметтің бұған (238 адамның қазасын тергеуге – ред.) барғысы келмейтін себебі, бұл үкіметтің өзіне тиюі немесе оның беделіне сызат түсіруі мүмкін. Бірақ Қазақстан өзін заң үстемдігі салтанат құратын елміз деп мәлімдейді, сондықтан "адам құқықтары мен заң үстемдігін сақтаймыз" деген жай ғана сөз жүзінде қалмай, іспен дәлелдеуі керек. Ол (Тоқаев) сенімге ие президент болғысы келсе, бұл процесті іске асыруы керек.

− Елдің бірнеше қаласындағы жүздеген адам Қаңтардан кейін уақытша қамау абақтысында азапталғанын мәлімдеді. Сотқа бірнеше іс қана жетті. Прокуратура азаптау мен негізсіз қудалау үшін бірнеше адамнан кешірім сұрады. Бұл нені көрсетеді?

− Сотқа бірнеше істің ғана жеткені және соншалық аз адамнан кешірім сұрағаны мемлекеттің бұл айыптаулардың бәрін тергеуге ниеті жоқтығын көрсетеді. Азаптау көрген көптеген адам арыз-шағым түсірді. Соншалықты аз іс тергелді, бұл биліктің, атап айтқанда, прокуратураның мұны тергеуге саяси ерік-жігері өте аз екенін көрсетеді.

Бұл Қазақстан нендей дүниелерге басымдық беретінін әйгілейді, өйткені жалпы ахуалға қарасақ, басты назарда – Қаңтар оқиғасында азапталғандар мен құрбан болғандардың істері емес, әуежайды ["басып алу"] тәрізді істер.

Билікке наразылық шеруі. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Билікке наразылық шеруі. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

ЕҚЫҰ МЕН БҰҰ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫН ӨЗ БЕТІНШЕ ТЕРГЕЙ АЛА МА?

− Уақыт өтіп жатыр, Қаңтар оқиғасынан бері 18 ай өтті. Халықаралық ұйымдардың тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырғанына қарамастан, Қазақстан билігі әлі де одан бас тартып келеді. Халықаралық ұйымдар өз бетінше тәуелсіз зерттеу жүргізе ала ма?

− Қазақстандағы бірнеше үкіметтік емес ұйым екі немесе үш зерттеу жүргізді, біз оған қолдау көрсеттік. Human Rights Watch [халықаралық құқық қорғау ұйымы] да былтыр қаңтар айының аяғында, оқиғадан 2-3 апта өткен соң, Қазақстан билігіне өз айғақтарын ұсынды. Біз көбірек зерттеу жүргізе аламыз. Алайда бәрі Қазақстан билігіне байланысты.

Халықаралық зерттеу туралы қоса кететін бір жайт, жақында Астанаға барғанымызда сыртқы істер министрінің орынбасарымен сөйлестік. Ол Қазақстан заңнамасы бойынша, шетел прокурорлары елдегі қылмыстық істерді тергеуге қатыса алмайтынын айтты. Бұл – үкіметтің халықаралық тергеу неліктен жүрмеуі керек дегенді ақтап алу әрекеті.

Үкімет Еуроодақ пен БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссарының тәуелсіз тергеу жайлы үндеуін дұрыс түсінбеді. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары бірнеше ай бұрын Қазақстанға келгенде [Қаңтарда] не болғанын, қандай құқық бұзылғанын және адамдар қалай қаза тапқанын халықаралық адам құқықтары қағидаларын негізге ала отырып зерттеуге шақырған. Содан кейін барып кейбір істер бойынша қылмыстық тергеу ашуға болатын еді. Яғни, мәселе қылмыстық тергеуде емес. Бұл жерде адам құқықтары халықаралық нормаларын негізге ала отырып халықаралық зерттеу жүргізу туралы сөз болып отыр. Меніңше, үкімет мұны түсінеді, бірақ Қазақстан заңнамасы бойынша халықаралық прокурорлар елдегі қылмыстық істі тергеуге қатыса алмайды дегенді жамылып отыр. Біздіңше, Қазақстан Еуроодақ пен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары үндеген халықаралық тергеу жүргізуі керек.

− Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Беларусьте тәуелсіз зерттеу жүргізді. ЕҚЫҰ 2020 жылы тамызда президент сайлауы нәтижесіне қарсы митингілер мен ұстаулар кезінде елдің қауіпсіздік күштері адам құқықтарын жүйелі түрде бұзғанын мәлімдеді. ЕҚЫҰ Мәскеу механизмін іске қосып, Беларусьтегі адам құқықтары бұзу фактілерін зерттеді. ЕҚЫҰ немесе БҰҰ Қазақстан билігінің рұқсатынсыз Қаңтар оқиғасын зерттей ала ма?

− ЕҚЫҰ Беларусьте, жақында Ресейде де зерттеу жүргізді. Бұл жерде "Мәскеу механизмі" туралы сөз болып тұр. ЕҚЫҰ-ға мүше бірнеше ел "Мәскеу механизмін" өз бастамасымен іске қоса алады. Ол үшін мемлекеттің келісімі қажет емес. Бірақ мәселе мынада: ЕҚЫҰ мұны Беларусь пен Ресейге келгенде іске қоса алады, себебі бұл мемлекеттердің [тәуелсіз зерттеу жүргізуге] келіспейтінін біледі. Бұл ретте олар – белгілі бір дәрежеде дұшпан мемлекеттер. Өкінішке қарай, Қазақстанға келгенде ЕҚЫҰ мемлекеттің зерттеуді ұйымдастыру процесіне қатысқанын қалайды. Сол себепті Қазақстан қарсы болғандықтан, олар "Мәскеу механизмін" іске қоспайды. Демек, ЕҚЫҰ-ға мүше басқа елдер мұны іске қоса алады, бірақ олар Қазақстанның тергеуге қатысқанын қалайды. Мұның әлі күнге дейін іске аспағаны сондықтан.

− Дегенмен мемлекет оған қатысқысы келмейтін тәрізді...

− Ол рас. Бәлкім, ЕҚЫҰ үшін бұл мәселе жайлы пікірін қайта сүзгіден өткізіп, 18 айдан соң зерттеуді бастайтын уақыт келген шығар. Әлбетте, біз ЕҚЫҰ елдерін бұған шақырамыз. 18 айдан кейін Қазақстан өз еркімен зерттеуді бастамайтынын мойындаса, ЕҚЫҰ үшін сөзсіз дұрыс болар еді. Сол себепті "Мәскеу механизмін" қолдану дұрыс болар еді.

БИЛІК "ҚЫЛБҰРАУДЫ ҚАТАЙТЫП, ЖҰРТ НАЗАРЫН ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН БАСҚА ЖАҚҚА АУДАРДЫ"

− Шетелдегі және ел ішіндегі сарапшылар "Қаңтар оқиғасы билікке талас болды, нәтижесінде Тоқаев өз позициясын күшейтті" деп есептейді. Оқиғадан кейін билік белсенділерді қудалауды күшейтіп, қылбұрауды бұрай түскені байқала ма?

− Меніңше, олар қылбұрауды бұрай түсіп, жұрт назарын Қаңтар оқиғасынан басқа жаққа аударудың жолын іздеді. Бұл екеуі де іске асты. Олар белсенділерді қудалады. Көптеген сот істерін ашты.

Екіншіден, олар Конституцияны қайта жазды. Президент сайлауын өткізді, там-тұмдап реформа ұсынды. Үкімет екі майданда да Қаңтар оқиғасынан кейінгі күйзелісті еңсеру стратегиясын әзірледі.

Меніңше, үкімет әріқарай да осы стратегияны жалғастыра бермек. Халықаралық серіктестер, Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания [Қазақстанға] бұл жеткіліксіз екенін айтуы керек. "Біз экономика, қауіпсіздік, сыртқы қарым-қатынасқа келгенде, сіздермен серіктес боламыз. Бірақ сіздер Қаңтар оқиғасын тергеу арқылы өз үлестеріңізді қосуыларыңыз керек. Тек соны жасаған жағдайда ғана бізбен қарым-қатынас ілгері басып, нағыз серіктес бола аламыз" деуі керек. Еуроодақ пен АҚШ тәрізді елдерді осыған шақырамыз.

Бұл мемлекеттер расында да Қазақстанға мұны айтпаса, ел ішіндегі күштердің үкіметтің Қаңтар оқиғасын зерттеу жайлы пікірін өзгерте ала ма, белгісіз. Жоғарыда айтқанымыздай, азаматтық қоғамға қарсы қылбұрауды бұрай түсті. Сондықтан, азаматтық қоғам батыл болғанымен, бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда әлсіз.

− Азаматтық қоғамға қысым мен қудалауды күшейте түсудің арты неге апаруы мүмкін?

− Қаңтар оқиғасынан кейін авторитарлы тәсілдерді күшейте түсті дер едім. Үкіметке қарсылардың: БАҚ, саяси белсенділер, оппозиция мен азаматтық қоғамның үнін өшіру одан бетер күшейе ме деп алаңдаймын. Сондықтан бұл модель алдағы бір немесе екі жыл бойы жалғаса бере ме деп қауіптенемін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG