Accessibility links

WP: АҚШ Ресейге санкция тауарын жіберген қырғыз компанияларына осы аптада санкция салуы мүмкін


Kyrgyzstan's foreign trade
Kyrgyzstan's foreign trade

Осы аптада Қырғызстан компаниялары АҚШ санкциясына ілінуі мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың аты аталмаған жоғары лауазымды бірнеше шенеунігіне сілтей отырып The Washington Post жазды.

"Тыйым салынған технологияларды Ресейге жеткізетін Орталық Азиядағы арна" (In Central Asia, a hidden pipeline supplies Russia with banned tech) деп аталатын мақалада таяуда Қырғызстан мен Қазақстан шекарасы арқылы Ресейге әкетіп бара жатқан Қытай дрондарының ірі партиясы ұсталғаны жазылған.

Автор "Батыс елдерінен әскери тауар сатып алу мүмкіндігінен айырылған Мәскеу Орталық Азиядағы бұрынғы совет республикаларына көбірек жүгіне бастады, олардың кейбірі Ресеймен тарихи және қаржылық тұрғыда әлі де байланысып отыр және Еуропамен де, Қытаймен де белсенді сауда жасайды" деп жазған.

Басылым мәліметіне қарағанда, Байден әкімшілігінің өкілдері бұл ретте, әсіресе Қырғызстаннның рөліне алаңдап отыр, өйткені дрондар сол елден жіберілген. The Washington Post басылымына сұқбат берген АҚШ шенеуніктері Қырғызстанда "Ресей заңды түрде ала алмайтын Батыс пен Азия тауарларын жеткізетін кәсіпорындар көп" деп мәлімдеген.

Басылымның жазуынша, Ресей Украинаға басып кірген соң, әсіресе кейінгі айларда Қырғызстанда Ресеймен байланысты импорт-экспортпен шұғылданатын компаниялар күрт көбейген. Бұл туралы ақпараты мол АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігінің сөзінше, мұндай фирмалар дрондар мен ұшақ бөлшектерінен бастап, оптикалық көздегіштер мен бомбалардың жетілген схемаларына дейінгі санкция тізімінде тұрған Қытай мен Еуропа тауарларын алып-сатумен айналысып, пайда тауып отыр. Тауарлар негізінен ұшақпен, немесе құрлықпен жеткізіледі.

Басылым сөйлескен екі шенеуніктің айтуынша, АҚШ пен Еуропа дипломаттарының бірнеше рет Бішкекке барғаны нәтижесіз аяқталғандықтан Байден әкімшілігі Қырғызстанға "экономикалық қысым жасауға" дайындала бастаған. "Компанияларға санкция салу, қара тізімге енгізу секілді шаралар осы аптаның ішінде-ақ қабылдануы мүмкін".

Басылым мақаласына "сауда құжаттарына байланысты ашық ақпараттар Қырғызстандағы көлеңкелі рыноктың ауқымын көрсетеді" деп жазылған. Ашық есепке қарағанда, 2022 жылы Қырғызстанның Ресейге экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 250 пайыз өскен.

"Ал кейбір тауарлар, мәселен оптикалық көздегіш бұрын Қырғызстаннан Ресейге мүлде экспортталмаған" деп жазады The Washington Post.

Қырғызстанның Вашингтондағы елшілігі бұл жайтты түсіндіруді өтінген The Washington Post басылымына "Қырғызстан басшылығы халықаралық нормаларды сақтауға, контрабанда мен өзге де заңсыз тауарлардың жолын кесуге мүдделі" деп жауап берген.

Қырғыз дипломатиялық өкілдігі Мәскеумен тауар айналымының күрт өскенін шекара арқылы өтетін тауарды электронды бақылау жүйесінің жетілгенімен байланыстырған. "Сыншылар "шынайы экономикалық контексті" ескермеген, өйткені Қырғызстан мен Ресей Еуразия экономика одағына мүше елдер, Қырғызстанның миллионнан астам азаматы Ресейде жұмыс істейді" деп жауап қатқан.

Бұған дейін Азаттық Қырғызстан мен Қазақстан компаниялары Батыс техникасын Украинадағы соғысқа қатысы бар Ресей компанияларына қалай жеткізіп отырғаны жөнінде зерттеу жариялаған.

Жыл басынан бері Қырғызстанға Еуропа одағы мен АҚШ-тың өкілдері әлденеше рет келіп, қырғыз билігіне санкцияланған тауарларды Ресейге өткізуге болмайтынын ескертіп кеткен.

22 мамырда АҚШ сауда министрлігінің өнеркәсіп пен қауіпсіздік бюросы (Bureau of Industry and Security — BIS) "Ресейдің әскери-өндірістік кешеніне қолдау көрсеткені үшін" санкцияға ілінген компаниялар тізімін жариялаған. Оған Ресейдің 69 компаниясынан өзге Арменияның ОсОО, Қырғызстанның Tro.Ya компаниялары қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG