Accessibility links

Зеленский мен Столтенберг астық дәлізіндегі кедергілерді жою мәселесін талқылады


Йенс Столтенберг және Владимир Зеленский Киевтегі кездесу кезінде, 20 сәуір 2023 жыл.
Йенс Столтенберг және Владимир Зеленский Киевтегі кездесу кезінде, 20 сәуір 2023 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский және НАТО басшысы Йенс Столтенберг Қара теңізде астық дәлізіндегі тосқауылдарды жою мәселесін талқылады. 17 шілдеде Мәскеу астық келісімінен шыққан.

"Қара теңіздегі қазіргі жағдай мен оның ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігіне әсері жөнінде пікірлерімізбен бөлістік" деп жазды Зеленский Телеграм-арнасында.

Ресей қорғаныс министрлігі 20 шілдеден бастап Мәскеу Қара теңізде украин порттарына жол тартқан барлық кемені әскери жүк тасымалдауы мүмкін кемелер ретінде қарастыра бастайды деп мәлімдеген.

Ізінше Украина қорғаныс министрлігі де осыған ұқсас мәлімдеме таратты.

Осы уақыт аралығында Ресей Одесса облысына бірнеше рет ракетамен шабуыл жасап, облыстың теңіз порттары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын нысанаға алған. Кремль Одессаға шабуылдың "астық келісіміне қатысы жоқ", "бұл Қырым көпіріне жасалған шабуылға жауап" деп мәлімдеді.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдің Одесса мен жағалаудағы өзге де елді мекендерге шабуылын айыптады.

Астық бастамасы Одесса порттарынан халықаралық нарыққа 33 млн тонна ауыл шаруашылық өнімі тасымалын қамтамасыз еткен. Ресей келісімнен шыққаннан кейін тауар биржасында астық қымбаттады.

АҚШ, Еуроодақ және БҰҰ Ресейді астық келісіміне қайта оралуға шақырды. Түркия басшысы Режеп Ердоған астық келісімі Ресей президентімен кездесуден кейін қайта қалпына келетін шығар деп үміттенетінін жеткізді. Ердоғанның айтуынша, Путин Түркияға тамыз айында барады. Кремль кездесу мерзімін хабарлаған жоқ.

XS
SM
MD
LG