Accessibility links

Қырғызстанның мемлекеттік тіл туралы заңын Ресей СІМ Сергей Лавров "демократияға сай емес" деп санайды


Сергей Лавров
Сергей Лавров

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қырғызстанда қабылданған "Қырғыз Республикасының мемлекеттік тілі туралы" заң жөнінде пікір айтты. Бұл заңда Қырғызстанның мемлекеттік тілі - қырғыз тілін пайдалануды міндеттейтін салалар мен лауазымды қызметтер көрсетілген.

Ресей СІМ сайтының хабарына қарағанда, 19 шілдеде Мәскеудегі коммерциялық емес ұйым жетекшілерімен кездесуде Сергей Лавров "орыс тілі мен мәдениетін шетелде насихаттау" жөнінде сөз еткен.

"Қазір ТМД кеңістігінде күрделі жағдайлар болып жатыр" деген ол "бірнеше ай бұрын Қырғызстанда заң қабылданды. Бұл идея пайда болған сәтте-ақ біз қырғыз достарымызға "қырғыз тілін жаппай міндеттеу - демократияға сай еместігін" ескерткенбіз. Мемлекеттік қызмет санатына мұғалімдер мен мемлекеттік медициналық мекемелерде жұмыс істейтін дәрігерлер де кірген. Жұмысты жалғастырамыз. Қырғыз конституциясында орыс тілі ұлт аралық қатынас тілі екені бірнеше рет ескертілсе де басқа жаққа тартып отыр, – деді Ресей СІМ.

17 шілдеде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Қырғызстанның мемлекеттік тілі туралы" заңға қол қойған.

Қырғызстан парламентінің депутаттары биыл мамырда мақұлдаған заң бойынша, бұдан былай мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорын мен мекемеде қырғыз тілін қолдану міндетті саналады.

Мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, ұлттық банк қызметкерлері, күш құрылымдары, сот, прокуратура, адвокаттар, нотариустар, оқу орындарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері мемлекеттік тіл – қырғыз тілін білуге және қызмет міндетін орындау кезінде пайдалануға тиіс.

Бұл заң меншік түріне қарамастан телерадиокомпанияларды бағдарламаның кемі 60 пайызын қырғыз тілінде жүргізуге міндеттейді. Бірлескен компаниялар мен шетелдік компаниялар атауы қырғыз тіліндегі транслитерациямен жазылуға тиіс.

Заңда орыс тілі Қырғызстанда ресми тіл ретінде қолданылатыны көрсетілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG