Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты "Жала жабу" бабы бойынша абақтыға қамаған "Сарыағаш-Информ" газетінің редакторы Амангелді Батырбеков шілденің 23-іне түнде түрмеден шықты. Журналист сот шешімін заңсыз деп санайды.
"Облыстық сот апелляциялық шағымымды қанағаттандырмады. Кассациялық шағым түсірдім. Күресті жалғастырамын" деді Батырбеков Азаттыққа.
3 шілдеде Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты Амангелді Батырбековті "Жала жабу" бабымен кінәлі деп танып, 20 күнге түрмеге қамаған. Журналист үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Батырбековтің үстінен мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы шағымданған. Депутаттың шағымдануына журналисттің 2023 жылдың 10 наурызында Facebook парақшасында "Сыбайластық па не бұл?" деген жазбасы себеп болған. Жәбірленуші журналистің "алаяқтық бабымен қозғалған қылмыстық істе Болатбек Нәжметдинұлы күдікті болып танылған" деген сөзін "көрінеу жалған мәлімет жариялап, абыройым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтірді" деп көрсеткен.
Батырбеков жала жаппағанын, 2020 жылы Нәжметдинұлы "Алаяқтық" бабымен күдікті болып танылғанын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасы бар екенін айтады.
10 шілдеде журналистерді қорғау жөнінде үкіметтік емес халықаралық комитет (CPJ) Қазақстан билігін Амангелді Батырбековті тез арада босатуға шақырды.
Комитет мәлімдемесінде бұған дейін "жала жапты" деген айыппен әлденеше рет қамауда болған, былтыр қастандық жасалған журналисті тағы да 20 тәулікке қамауға алғаны - алаңдатарлық жағдай деп атады. CPJ Қазақстан билігін журналистерді түрмеге жабу қаупін азайтатын заң нормаларын енгізуге шақырған.
БАҚ пен журналистр құқығын қорғайтын "Әділ сөз" ұйымы "Амангелді Батырбековті нақақ соттаған" дейтін қорытындысын жариялаған.
2022 жылы 4 қаңтарға қараған түні Батырбековтің Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы үйінің маңында ұлы Дінмұхамедке белгісіз адамдар оқ атып, жаралаған. Кейін бұл журналистің өміріне қастандық жасау мақсатында берілген тапсырыс екені белгілі болды. Тапсырысты бұрынғы шенеунік Бауыржан Майрихов бергені анықталған. Майрихов пен оның төрт серігі 11 жылдан 13 жылға дейін сотталған.
2019 жылы Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Әбдиев "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп Батырбековті сотқа берген. Бұл үшін Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырғанымен, Түкістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.
ПІКІРЛЕР