Accessibility links

Оккупацияланған Қырымға Қазақстан оқушыларын жіберген Россотрудничество туралы не белгілі?


Қазақстандықтар әлі күнге Ресей заңсыз аннекциялаған Қырым түбегіндегі "Артек" лагерінде демалып жүр. Басқа елдерден келген балалар мен жасөспірімдер Қырымға Ресейдің Россотрудничество федералды агенттігі арқылы барады. Бұл ұйым кейінгі бірнеше жылда шетелде "Орыс үйі" деген атаумен жұмыс істейді. Азаттық ұйымның Қазақстандағы жұмысын талдап көрді.

"Артек, Қырым – ертегі. Ешқашан мұндай сұлулық, тау мен ғажайыпты көрген емеспін", – дейді видеода толқып сөйлеп тұрған жас жігіт. Ол жігіт – 17 жастағы Әділ Овчаренко. Екібастұз тумасы. Видеода Әділдің Қырымға Қазақстаннан келгені айтылады.

Бұл видео бірнеше күн бұрын Facebook желісіне жарияланған. Ресейде аталған әлеуметтік желі "экстремистік" деп танылған, бірақ Ресейдің Россотрудничество федералды агенттігі Facebook-те парақша жүргізіп, өз қызметі туралы ақпарат бөлісуін тоқтатпаған.

Азаттық тілшісі Овчаренкомен VKontakte желісінде сөйлесіп көрді. Ол Қазақстанда туғанын, бірақ өмірінің көп бөлігі Ресейде өтіп жатқанын айтты. Vkontakte-парақшасындағы ақпаратқа қарағанда, Томскідегі гимназияда оқиды.

Овчаренконың оккупацияланған түбекке Қазақстаннан не Ресейден барғаны белгісіз. Мұндай оқиғалар бұған дейін де болған.

Мамырдың басында Россотрудничествоның Астанадағы өкілдігі Facebook парақшасына тағы бір хабарлама жариялады. Онда "Тірі классика" мәнерлеп оқушылар байқауына қатысып, жеңімпаз атанған Астана, Тараз және Шымкент қалаларының оқушылары бір айға Қырымға кеткені жазылған. Жазбаның астында әуежайда қолына Қазақстанның жалаушаларын ұстаған жеті бала мен бір әйелдің суреті бар.

Қазақстандық балалар соғысып жатқан мемлекеттің оккупацияланған аумағына кетті деген хабар көпшілікті дүрліктірді. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі жауапкершілікті ата-аналарға ысырып, балалардың байқауға өз бетінше қатысқанын айтып ақталды. Ведомство мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қазақстандық балалардың сапарына бақылауды күшейтуге уәде берді. Осыдан кейін бұл мәселе жабулы күйінде қалды.

Қырым түбегіндегі "Артек" лагерінің кіреберісі.
Қырым түбегіндегі "Артек" лагерінің кіреберісі.

Бірақ басқа мемлекеттердің балаларын "Артек" лагеріне жіберу тоқтаған жоқ. Овчаренко – Россотрудничество агенттігінің мектеп оқушыларына арнап ұйымдастырған, жалпыресейлік "Үлкен қоңырау" байқауының финалы аясында Қырымға барған 14-17 жас аралығындағы 200 шетелдік жасөспірімнің бірі.

"Орыс үйінің" Facebook-тегі негізгі парақшасына байқау туралы бірнеше видеоролик жарияланған. Онда қуаныштан жүздері бал-бұл жанған балалар ойнап, ән айтып, көңіл көтеріп жүреді. Қолдарына Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан туларын ұстап алған. Видеода Қазақстан туы жоқ.

"Үлкен қоңырау" сайтындағы дерек бойынша, "Артек" лагерінде өткен байқауға 700 бала барған. Қалған 500 бала – Ресей мектептерінен жиналған 5-7 сынып оқушылары. Финал тақырыбы "Ресейді мақтан тұтамын!". Балалар топтарға бірігіп, Ресей өңірлері мен жетістіктері туралы оқиды. Бұл жетістіктер "XXI ғасырдағы Ресей" экспозициясына кіреді" делінген хабарламада.

"Байқаудың финалы басталды" деген жаңалықпен қатар сайтта "Украина арнаулы қызметінің" кибершабуылы мен Ресей президенті Владимир Путиннің "Вагнер бүлігіне" қатысты мәлімдемесі тұр.

"ОРЫС ҮЙІ" НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

"Үлкен қоңырау" байқауы Қазақстанда да өтеді. 2021 жылға дейін елде Россотрудничество ретінде жұмыс істеген "Орыс үйі" 2004 жылы ашылған. Қазір Астана, Алматы және Ресеймен шекаралас Өскемен және Орал қалаларында бөлімшелері бар.

Россотрудничество басшылығы ұйымның Ресейдің досы мен қасын ажырататын "жұмсақ күш" екенін мойындайды.

"Балаларға белгілі бір субъектінің әлеуеті туралы толығырақ біліп, оқу орындарымен танысып, Ресей мәдениетін зерттеп, өздері барған жерлер туралы естелік қалдыруға (адам бауыр басқан жеріне қайта оралғысы келеді) мүмкіндік бердік" деп жазды Россотрудничество басшысының орынбасары Дмитрий Поликанов.

Қазақстанда "Орыс үйі" қайырымдылық және әлеуметтік жобалармен айналысады. Ұйым білім беру бағдарламаларына ерекше басымдық береді. Олардың мақсаты – орыс тілі мен мәдениетін қолдау, ал көздеген тобы – балалар мен жастар.

Россотрудничество қазақстандық жастарға Ресейдің оқу орындарында білім алуға гранттар бөледі. 2022 жылы тегін білім беруге бөлінген квота саны 500-ден 700-ге дейін артқан. Ресейлік оқу орындарында 70 мыңдай қазақстандық оқиды. 9 жылда олардың саны үш есе өсті.

Россотрудничество мәдени-ағарту шаралары арқылы әскери тақырыпты да насихаттайды. Мектептегі Совет әскерінің жеңісі туралы айтылған "Отанға махаббат – ең биік сезім!" сабағы, Совет одағынан қалған ескерткіштер алдында суретке түсіп, "Қазақстанұмытқанжоқ" деген хештегпен жариялау, соғыс ардагерлері туралы "Туған жерімнің тірі куәгерлері" жобасы осыған дәлел. "Орыс үйі" мұндай байқаулар мен шараларды көп өткізеді.

"Жеңіс диктанты" жобасының орны бөлек. Бұл – Екінші Дүниежүзілік соғыс тарихы туралы тест. Былтыр бұл жоба да Қазақстан қоғамында наразылық туғызған. Нәтижесінде Семейде "Жеңіс диктанты" өтпейтін болды. Биыл шара тағы ұйымдастырылды, бірақ бұл жолы былтырғыдай қарсылық болған жоқ.

Арасында Россотрудничество акцияларына мемлекет те үн қатады. Былтыр Алматыда оқушыларға Қырым аннекциясын құптайтын ресейлік фильм көрсетілгеннен кейін де солай болды.

Ресей президенті Владимир Путин "Артек" лагерінде. 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин "Артек" лагерінде. 2017 жыл.

Россотрудничество жұмысының тағы бір бағыты әртүрлі байқаулар өткізумен байланысты. "Тірі классика" және "Үлкен қоңыру" – осындай байқаулардың бірі. Финалистер мен жеңімпаздарға көбіне Украинаның оккупацияланған территориясына жолдама беріледі.

РОССОТРУДНИЧЕСТВОНЫ ЖАУЫП ТАСТАУҒА БОЛА МА?

2022 жылы Россотрудничества басшысының орынбасары ұйымның бюджеті 4 млрд рубль (2023 жылғы шілдедегі курс бойынша шамамен 44 млн доллар) деп мәлімдеген.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ Россотрудничество ұйымын "Кремльдің жұмсақ күші мен гибридті ықпалын жүргізетін басты мемлекеттік агенттік" деп, санкциялық тізімге енгізді.

Еуроодақ “Орыс үйінің” шаралары қоғамға Украинаның оккупацияланған территорияларын Ресейдің жері деп көрсету үшін ұйымдастырылып отыр деп санайды.

Украинада Россотрудничествоға қарсы санкциялар 2021 жылы енгізілген.

Қазақстанды да дәл осы жолды таңдауға шақыратындар көп. Әр жолы “Орыс үйінің” кезекті жобасы туралы шу шыққанда агрессор мемлекеттің пропагандасын жүргізіп отырған, басшысы қазақстандық шенеуніктерді қорлаған ұйымды жауып тастайық деген ұсыныстар айтылады.

Әлемде тіл мен мәдениетті насихаттау саласында жұмыс істейтін агенттік көп. Франция Alliance française ұйымының филиалын қаржыландырады. Германия Гёте институтының жұмысын қолдайды. Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев осыны еске салды. Ол қазақстандық балаларды Қырымға жіберуге болмайды деп есептейді, бірақ Украинадағы соғысқа байланысты "Орыс үйінің" жұмысын тоқтату керек деген пікірге қосылмайды.

– Белгілі бір мемлекеттер әлемнің басқа бөліктерінде соғыс жүргізіп жатса, бұл олармен байланысымызды үзіп, ұйымдар қызметіне тыйым салуымыз керек дегенді білдірмейді. Ресейге қарсы мұндай шара қолданудың салдары ауыр болуы мүмкін. Балаларды жіберуге болмайды. Өйткені Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын мойындайды. Ал Украина үкіметі Қазақстан азаматтарының Қырымға баруына рұқсат берген жоқ. АҚШ Ирак пен Ауғанстанда соғыс жүргізіп жатқанда USAID-пен жұмыс істедік. Ресеймен одақтас екенімізді ескерсек, мұндай әрекет қастық болып бағалануы мүмкін, – дейді ол.

Әбішев транспаренттілікті күшейту керек деп сенеді.

– Россотрудничествадан ақша алғандар Сорос қорынан не басқа ұйымнан қаржыландырылатын жобалар сияқты мемлекет алдында есеп беруі керек. Қазақстанда шетелдің қаржысына кім жұмыс істеп жүргенін білуіміз қажет. Россотрудничестводан ақша алып отырғандар Ресей қаржысына жұмыс істейтінін мойындауы керек, – деді Ғазиз Әбішев.

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірінше, Россотрудничество мен Батыс ұйымдары арасында айырмашылық бар.

– Милитаризм, жеккөрініш пен ресейлік патриотизмнің пропагандасы жүріп жатыр. Батыс елдерінің бағдарламалары қандай? Әдетте олар тәуелсіз университеттерді біріктіреді. Білім жүйесінде автономия жоғары, университеттер академиялық еркіндікке ие. Россотрудничество қызметінде бағдарламаларды мемлекет ұсынады, білім жүйесінде де биліктің ықпалы басым. Бағдарламаны университеттер мен мектептер емес, министрлік дайындап, ресейлік идеологияны құяды, – дейді Әлжанов.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Сарапшы "Орыс үйінің" қызметін шектеу керек деп есептейді.

– Ресей – бұрынғы метрополия. Онымен шекарамыз үлкен, ақпараттық саясатқа да ықпалы бар. Сондықтан үкімет қарсы шараларды дұрыс, кешенді жоспарлап, мүмкіндігінше, шектеулер енгізіп, ұйым бағдарламасы қауіп төндірмеуі керек деген келісімге келуі тиіс. Өйткені соғыс кезі мен Қырымда бомбалау жүріп жатқанда балаларды лагерьге апару ақылға сыймайды, – дейді ол.

"ЖҰРТ ҚАЛАҒАН ЖАҒЫНА БАРА БЕРСІН"

"Үлкен қоңырау" байқауының финалы қызып жатыр.

– Мұнда келгенімізге бақыттымыз! Еңбектеніңдер, достар! Бәрі өз қолымызда! Келер жылы байқаудан қалмаңдар. Бұл "Артекке" келу мүмкіндігі, – дейді тағы бір роликте сөйлеген Қырғызстаннан келген оқушы қыздар.

"Артек" лагеріндегі үйлердің бірі.
"Артек" лагеріндегі үйлердің бірі.

Адиль Овчаренко Азаттық тілшісіне жазған хаттарында байқауға 20 шақты қазақстандық қатысып жатқанын, бірақ нақты санын білмейтінін айтты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "Бұл - әркімнің жеке шаруасы" дейді. Ол Азаттыққа "лагерьде қазақстандық балалар бар-жоғын білмеймін" деді.

– Азаматтарымыз еркін жүріп-тұра алады. Қайда барғысы келсе, сонда барады, – деді дипломат.

Астанадағы "Орыс үйі" нақты ақпарат бермеді. Ұйым өкілі Ольга Мищеева қолында нақты деректер жоғын айтты, мәдениет бөлімі Қазақстаннан фестивальге ешкім барған жоқ деді.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі де баспасөз хатшысы жоқ деп, Азаттық сауалын жауапсыз қалдырды.

Кейінгі апталарда Қырымда біршама қауіпті оқиғалар болды. Қырым көпіріне шабуыл жасалып, үш адам қаза тапты. Әскери қоймадағы өрт салдарынан мыңдаған адам эвакуацияланды.

Азаттықтың "Лагерьде қорықпайсың ба?" деген сұрағына Овчаренко "Жоқ. Қорқуым керек пе?" деп жауап берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG