26 шілдеде Алматы гарнизоны әскери сотында Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне байланысты сот процесі басталды. Сот жабық болғандықтан оған ақпарат құралдары кіргізілген жоқ. Соттан кейін тараптар шекісіп қалды.
Жәбірленуші тараптың адвокатының айтуынша, олар сотқа екі өтініш берген. Жәбірленуші тарап процесте "мемлекеттік құпия" деп танылмаған бөліктерін қараған кезде сотқа Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды қатыстыру туралы өтініш берген. Сот өтінішті жартылай қанағаттандырған. Бұған қоса, адвокат процеске қатысып жатқан Айкөркемнің ағасы 20 жастағы Бауыржан Мелдехан орыс тілін түсінбегендіктен сотқа аудармашы тарту керектігі жөнінде өтініш түсірген.
"Мұндай аудармашының мемлекеттік құпия деп танылған құжаттармен жұмыс істеуі үшін арнайы рұқсаты болуы керек. Біздің өзіміздің осындай рұқсат алуымызға екі ай кеткен еді, бұл жолы қанша уақыт кететінін бір Құдай біледі" деді жәбірленуші жақтың адвокаты соттан кейін Азаттық тілшісіне.
Бұл істе бір күдікті – А.И. Жұман есімді азамат бар. Оған "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған. Жәбірленуші жақ оған "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылуы керек деп айтып келеді.
Сәрсенбі күні шамамен жарты сағатқа созылған процестен кейін сот ғимараты алдында тараптар біраз шекісіп қалды. Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан күдікті Жұманның "еркін қыдырып жүргеніне" ашуланып, оны ұстамақ болды. Алайда оған полиция қызметкері және айыпталушының туыстары кедергі келтірді.
Айдос Мелдехан "Балама оқ атқан қылмыскер неге бостандықта жүр?" деп ашуланды.
Ал күдікті А.И. Жұман өзінің "кінәсіз" екенін айтып, Қаңтар кезінде қала орталығынан Айкөркем отырған " Volkswagen көлігін көрмегенін" жеткізді.
Былтыр Қаңтардағы жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Меделханның балалары отырған көлікке үкімет күштері оқ жаудырған. 16 жастағы қызы жараланып, Айкөркем оққа ұшқан, 8 жастағы ұлы шошынған.
ПІКІРЛЕР