Accessibility links

Полиция: Думан Мұхаммедкәрім Алматыға ауыстырылмайды


Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімді қолдап келген топ өкілдерімен сөйлесіп тұр. Алматы облысы, 28 шілде 2023 жыл.
Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімді қолдап келген топ өкілдерімен сөйлесіп тұр. Алматы облысы, 28 шілде 2023 жыл.

Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рүстем Әбдірахманов қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім Талдықорғаннан Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырылмайды деді. Жұма күні Қонаев қаласындағы прокуратура алдына жиналған белсенділерге шыққан полиция департаменті бастығының орынбасары осылай деді.

Оның айтуынша, "қылмыс облыста жасалғандықтан" күдікті сол жердің тергеу изоляторында отыруға тиіс (Оның айтуынша, Талдықорған бұрын Алматы облысы болған). Бұған қоса, айтуынша “Алматы қаласында уақытша қамау изоляторында орын жоқ”.

“Ол үйқамаққа да жіберілмейді, себебі дәрігерлер оның түрмеде отыруға денсаулығы жарайды деген қорытынды жасады” деді Рүстем Әбдірахманов.

Ал прокуратура алдына жиналған белсенділер"Думан Мұхаммедкәрімді үйқамаққа немесе Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырыңдар” деп талап етті. Олар 23 күннен бері аштық жариялап жатқан журналистің денсаулығына алаңдайтынын айтты. Бір күн бұрын адвокаты Мұхаммедкәрімнің жағдайы нашар екенін айтқан.

Жұма күні түсте прокуратураға кіріп, қайта шыққан Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов жиналғандарға "Думан Мұхаммедкәрім кеше кешкісін аштығын тоқтатып, тамақ ішті. Жағдайы жақсы" деді. Алайда жиналғандар оның сөзіне күмәнмен қарады.

Қазір Талдықорғанда жүрген Ғалым Нұрпейісов жұма күні таңертең Азаттыққа өзі ауырып қалғанып айтқан. Осылайша журналистің аштықты тоқтатқаны туралы ақпарат әзірге толық расталған жоқ.

Осы аптада белсенділер Алматы облысы прокурорының орынбасары белсенділерге "журналисті Алматыға ауыстыруға келіскенін" хабарлаған. Алайда бұл тек "ауызша ғана келісім" болып шықты.

Талдықорғандағы тергеу изоляторында жатқан қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім өзін Алматыға ауыстыруда талап етіп, 5 шілдеде аштық жариялаған. Ол тек су ғана ішіп отыр. Осыған дейін дәрігерлер журналистке үш рет келген, алайда журналист олардың емінен бас тартқан.

Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің "тыйым салынған ұйым ісіне араласу" (405-бап, 2-бөлім) және "экстремизмді қаржыландыру" (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша күдікті деп танылған. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. 22 маусымда Думан Мұхаммедкәрім тергеу сотының шешімімен екі айға қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG