Алматыда орталық қалалық клиникалық ауруханасында үш науқасқа ВИЧ жұғу фактісі бойынша жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу аяқталып, қорытындысы жарияланды. Тексеру қорытындысы аталған факт "адам факторымен, атап айтқанда жеке қызметкерлердің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзуымен байланысты" екенін көрсеткен. Бұл жөнінде қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйенген жергілікті БАҚ хабарлады. Аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев қызметінен шеттетілген, бірнеше медицина қызметкері қызметінен босатылған.
Комиссия өкілдері өзге ауруға шалдыққан, ауруы асқынған науқас инфекция ошағы болуы мүмкін деген қорытындыға келген.
"Пациент инкубация кезеңінде (орташа есеппен үш аптаға дейін созылады) болса керек, ондай кезде қанда вирусқа қарсы антидене жоқ болғандықтан ВИЧ-инфекциясын зертхана арқылы анықтау қиындай түседі. Ол пациентке инфекцияның қайдан жұққанын анықтау мүмкін болмады, себебі науқас негізгі ауруынан қайтыс болып кеткен. ВИЧ анықталған үш науқас орталық қалалық клиникалық ауруханасына түскен кезде оларда инфекция болмаған. Олар жаңағы пациентпен бірге реанимация бөлімінде жатқан" деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Әсел Қалықова. Оның сөзінен Tengrinews үзінді келтіреді.
Комиссия жекелеген қызметкерлердің инвазиялық манипуляция жүргізу кезінде операциялық процедура стандартын бұзғанын және олардың қызметі бақыланбағанын анықтаған.
Бұған қоса, комиссия медицина қызметкерлері санитарлық норма талаптарын сақтау бойынша дайындық және қайта дайындықтан уақытында өтпегенін де анықтаған. Тексерушілер дезинфекция режимінің сақтамау фактілері де тіркелгенін айтты.
Комиссия жұмысының қорытындысы құқық қорғау органдарына берілген.
Маусым ортасында Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасының үш пациентіне ВИЧ жұққаны белгілі болған. Кейін тексеру басталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда 4 мың адам ВИЧ-пен ауырған. Оның алдындағы жылы бұл көрсеткіш 3,5 мың адам болған.
Алматыдағы СПИД орталығының бас дәрігері Марат Түкеевтің айтуынша, жыл сайын Алматыда 400-500 адамнан ВИЧ анықталады. 80 пайызы – жыныс жолдары арқылы, 20 пайызы инъекциялық есірткіні қабылдау арқылы жұққан.
ПІКІРЛЕР