Accessibility links

ОАР президенті Путинге: Сыйлық сұрап келген жоқпыз, астық келісімі керек


Оңтүстік Африка республикасының президенті Сирил Рамапоса және Ресей басшысы Владимир Путин.
Оңтүстік Африка республикасының президенті Сирил Рамапоса және Ресей басшысы Владимир Путин.

Оңтүстік Африка республикасының президенті Сирил Рамапоса Санкт-Петербургте өтіп жатқан Африка басшыларының Ресей президентімен кездесуі кезінде Владимир Путинді "астық келісіміне" оралуға шақырды. Ол Ресейдің Африкаға астық жеткізу туралы ұсынысы астық келісіміне балама бола алмайтынын ұғындырды.

– Біз "сыйлық" сұрап келген жоқпыз. Жомарттық танытып, қиындыққа тап болған Африканың кейбір елдеріне тегін астық берейін деп жатырсыз, оны түсінеміз... Алайда біз бұл жаққа ол үшін келген жоқпыз, – деді "астық келісімі" туралы айтқан Рамапоса. Оның сөзі Кремль сайтында жарияланған стенограммада бар.

– Сіз астық туралы айттыңыз. Біз Қара теңіз астық бастамасын жүзеге асыруды ұсынамыз. Қара теңізді ашу қажет. Қара теңіздің халықаралық нарыққа ашық болғанын қалаймыз, – деді Рамапоса.

Бұған дейін Путин Африканың алты мемлекеті: Буркина-Фасо, Зимбабве, Мали, Сомали, Орталық Африка республикасы және Эритреяға тегін 25-50 мың тонна астық жеткізуге уәде берген. "Агентство" басылымының жазуынша, бұл Африка елдеріне қажет астықтың тек шағын бөлігі ғана. Ресей президенті сонымен бірге Африка нарығындағы украин астығын коммерциялық негізде алмастыруға дайын екенін айтқан.

Жұма күні кешке "Ресей-Африка" саммитінің негізгі бөлігі аяқталғаннан кейін Путин бұған дейін Украинадағы жағдайды реттеу бойынша ұсыныс жасаған Африканың бірнеше елінің басшыларымен кездескен. Арасында Рамапоса да бар.

Путин оларға Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы айтып, бұл "БҰҰ жарғысына қайшы емес" деп айтқан. Ал Африка жетекшілері қақтығысты бейбіт жолмен тоқтатуды қолдайтынын айтқан.

  • Ресей астық келісімінен 17 шілдеде шыққан. Мәскеудің айтуынша, келісімнің Ресей азық-түлігі мен тыңайтқышын экспорттауға қатысты бөлігі орындалмаған.
  • 18 шілдеден бері Ресей әскері күн сайын Одесса облысын атқылап, астық келісімінде қолданылған порт инфрақұрылымдарын қиратып жатыр. Кремль Одессаны атқылауын "17 шілде күнгі Қырым көпіріне жасалған шабуылға жауап" деп атаған.
  • Астық бастамасы Одесса порттарынан халықаралық нарыққа 33 млн тонна ауыл шаруашылық өнімі тасымалын қамтамасыз еткен. Ресей келісімнен шыққаннан кейін тауар биржасында астық қымбаттады.
  • АҚШ, Еуроодақ және БҰҰ Ресейді астық келісіміне қайта оралуға шақырды. 28 шілдеде Африка одағы да сондай үндеу жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG