Accessibility links

Астана шетелден қайтарылған ақшаларды басқаратын компания құрмақ


Қазақстан қаржы министрлігі "шетелден қайтарылған активтерді басқаратын" компания құру туралы үкімет қаулысын қоғам талқысына шығарды.

"Жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен "Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылсын" деп жазылған жобада.

Компания 12 шілдеде қабылданған "Заңсыз активтерді мемлкетке қайтару" заңы негізінде құрылмақ. Бұл заң қоғамда "заңсыз шығарылған активтерді заңдастыруға мүмкіндік береді", "құжатта заңсыз шетке кеткен ақшаны елге қайтармаудың жолдары бар" деп сынға қалған еді.

Үкімет құрамыз деген компания шеттен қайтарылған активтерді сақтау, бөлу, қаржыны арнайы мемлекеттік қорға бөлумен айналысады деп жоспарланған.

Жоба авторалы компанияға мемлекет бюджетінен қаржы бөлінбейді деп отыр. Жобаны талқылау 14 тамызда аяқталмақ.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде белгілі бір адамдар тобы байлықтың басым бөлігін иеленіп алғанын айтқан. Кейбір сарапшылар қазіргі биліктің шетелге шығарылған заңсыз активтерді қайтаруын капиталдарды бөлісу деп атаған. Биыл шілдеде қол қойылған заңға а сәйкес, заңсыз активі бар болуы мүмкін деген жеке және заңды тұлғаларды уәкілетті орган алдымен күдіктілер тізіміне енгізеді. Тізім аноним түрде жасалады. Яғни оған кім енгені құпия болады. Тізімге шамамен 45 миллиард теңгеге тең не одан асатын активі бар адамдар ғана енеді.

Билік бұл заңның мақсаты "заңсыз активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру" деп түсіндіреді.

Бұған дейін бас прокуратура Қазақстанға 760 млрд теңге актив қайтарылғанын хабарлаған. Қай елден және кімнің активі қайтарылғаны туралы ақпарат ашық жарияланбады. Биыл сәуірде Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары мәлімдемесінде Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару процесі ашық жүргізілмей отырғанын, процесс құпияланғанын жазған. Қордың сарапшылары активтерді қайтару процесі құпия бола берсе, олигархтар мен шикізат алпауыттары арасында "тиісуге болмайтын" адамдардың тізімі жасалуы мүмкін, "заңмен құқығы мүлде шектелмеген" көлеңкелі топтар пайда болуы ықтимал деген қауіп айтқан.

Tax justice network дерегінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдегі офшорларға 140-160 млр доллар шығарылған. Кейбір сарапшылар елден шығарылған қаржы бұдан да көп болуы мүмкін деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG