Accessibility links

"Бірақ соғыс қазір бітпейді". Бахмут түбіндегі майдан – фотограф көзімен


Дмитрий Куприянның "Соғыс аяқталғанда" жобасынан алынған суреттер
Дмитрий Куприянның "Соғыс аяқталғанда" жобасынан алынған суреттер

Киев тумасы Дмитрий Куприян Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін майданға кеткен. Бұрын соғысты әртүрлі қырынан көрсететін бірнеше суреттер циклын жариялаған. Қазір Дмитрий Бахмут түбіндегі шабуылдаушы отряд құрамында соғысып жүр. Ол қол астындағы жауынгерлерін суретке түсіріп, соғыс аяқталғаннан кейін еңбегін жариялағысы келеді.

Дмитрий Куприян ескі суреттеріне аукцион жариялап, жиналған қаржыны дрон сатып алуға аударады. Азаттық фотографпен кездесіп, майдан шебіндегі өмірмен танысып қайтты.

Дмитрий майданда жүріп, екі рет жараланған. Оның соғыстан жинаған кадрлерінің арасында оқ тиіп, майысып кеткен каскасының суреті де бар. Жауынгер темір каска бірнеше рет жанын сақтап қалғанын айтады.

Дмитрий Куприян жарақат алып, ауруханада жатыр. 7 маусым 2022 жыл.
Дмитрий Куприян жарақат алып, ауруханада жатыр. 7 маусым 2022 жыл.

– Бірінші рет ақпанда жараландым. Ол кезде бір снайпер қақ шекемнен атты. Оқ басымдағы темірге қадалып, аман қалдым. Оқтың жарықшағы құлағыма кіріп кетті. Биыл сәуірде тағы оқ тиіп, каска басымды екінші рет қорғап қалды, – дейді ол.

Дмитрий – Бахмут түбіндегі шабуылдаушы отрядқа мүше. Ол майданда жүрген жауынгер көзімен соғыс барысын былай сипаттайды:

– Майдандағы бар жауынгердің атынан сөйлей алмаймын. Көргенімді ғана айтайын. Ресей әскері әлсіз, кері шегініп жатыр. Мұны картадан да көруге болады. Шегінген әскер жай кетпейді. Екі жақтан да адам шығыны бар. Бізге қоймаларды бомбалайтын жаңа қару-жарақ берді. Ресей бұдан қатты зардап шегіп отыр. Әскери қимылдар бәсеңдеген кезде қарама-қарсы окоптың бірінде орыстар, екіншісінде украиндер жатады. Арасында бір-біріне қарай оқ атып қояды, одан ешкімге зиян келмейді. Кейде барлаушы дрондар ұшырып, жағдайды бақылаймыз. Шабуыл басталса, біз барамыз. Үстімізде дрон жүреді, сол арқылы командир бәрін бақылап, бұйрық беріп отырады. Осылай шағын топпен бір учаскені жаулап аламыз. Ендігі мақсат – қолға өткен жерлерді қорғап қалу. Ресейліктер уысынан шығарып алған жерін қайтарып алуға тырысады. Бұл тартыс бір тарап әлсіреп немесе бұл позициядан бас тарту туралы шешімге келмейінше жалғаса береді, – дейді Куприян.

Дмитрий 2008 жылдан бері фотоөнермен айналысады. Украинадағы ең биік тау Говерла туралы соңғы жобасын 2022 жылы әскери қызметте жүріп аяқтаған. Қазір айналасында болып жатқан оқиғаларды, күнделікті өмірін, майдандас достарын, жаттығу мен дайындық жұмыстарын түсіреді. Ол соғыс аяқталған соң суреттерін жариялап, басып шығаруға мүмкіндік туар деп үміттенеді.

Атыстан аман қалған Дмитрий Куприянның каскасы.
Атыстан аман қалған Дмитрий Куприянның каскасы.

Куприян соғыс тақырыбымен бұрыннан таныс. 2017 жылы “Good old war” (“Старая добрая война​”) суреттер циклын түсірді. Бұл суреттер поляроидқа басылған. Дмитрий 2015 жылы Киев түбінде мобилизацияда жүргенде іске жарамай қалған ескі фотоаппараттарды алып, айналасын суретке түсіре бастаған. Осылай жауынгерлердің күнделікті өмірі туралы суреттер сериясы шыққан.

2015-2017 жылдары “Осколки войны” деген жоба бастап, қару-жарақ қалдықтарын жинап, суретке түсіріп шықты. Автор жобаның маңызын былай түсіндіреді:

– Оқ-дәрі жарықшағы табылғанда, оның қай тарапқа тиесілі екенін ажырату мүмкін емес. Ол кезде АТО (Ресей Қырымды аннекциялап, Донецк және Луганск облыстарындағы сепаратистерге қару-жарақ жібергеннен кейін Украина билігі антитеррористік операция бастады) жүріп жатыр еді. Оқ-дәрі сынықтарын Донецк және Луганск облыстарындағы шекара сызығының бойынан жинап шықтым. Сынықтардың бәрі Украина жақтан табылған. Арғы бетке өтсем, кері қайта алмас едім. Әр табылған сынықты қайдан, қалай тапқанымды сипаттап жазып шығамын, бұл – қазіргі соғыс тарихы. Ол кезде қару-жарақты онша ажырата алмайтынмын. Қазір түр-түрін, бар ерекшелігін білемін. Соғыс сынықтары – майданда жүргенде күнде кешке жазатын күнделігім сияқты. Өйткені соғыс жалғасып жатыр, демек оны сипаттауды жалғастыру керек, – дейді Куприян.

"Соғыс жарықшақтары" жобасынан.
"Соғыс жарықшақтары" жобасынан.

Дмитрийдің “Банальность агрессии” деген жобасы да бар. Онда автор террористік актілер мен соғыс табиғатын зерттейді. Фотограф автомат, пулемет, гранатомет тазалайтын мата қиындыларын жинап, әлемдегі әртүрлі террористік актілердің мақсатын жазып шыққан. Ол “Терроршылар әдетте теракт көмегімен бір мақсатына жеткісі келеді, соңында қатыгездік пен агрессия қалыпты құбылысқа айналып, адамдар оны басқа да қажеттіліктерін өтеуге пайдалана бастайды. Адам өз қалағанына қол жеткізу үшін радикализмге де барады”, – дейді.

Дмитрий 2017 жылы досымен бірге Донецк және Луганск облыстарындағы соғыстан зардап шеккен ғимараттарды суретке түсірген. Ол оқ іздері, қираған ғимараттар арқылы соғыстың қашан аяқталары белгісіз екенін көрсеткісі келген. Қазір бұл жобаға жаңа мән қосылды. Украина аумағында зымыран тиіп, өртенген, жарылыстан тып-типыл боп құлаған үй көп. Қолына қару алып, әскерге қосылған, жертөледе тұрып жатқан, үйін тастап, шетел асуға мәжбүр болған мыңдаған адам соғыстың соңғы күнін аңсайды. Үміт пен қорқыныш аралас бұл жоба “Соғыс аяқталғанда” деп аталады.

Қару тазалайтын мата қиындылары.
Қару тазалайтын мата қиындылары.

Дмитрий 2000 жылы әскерге бармау үшін әскери кафедраға оқуға түскен. Оқу бітіргенде запастағы офицер, кіші лейтенант дәрежесін алған. 2014 жылы әскерге шақырғанда бас тарта алмаған. 1 жыл 2 ай 9 күн мобилизацияда болған. Ол кезде радиобайланыс бөлімінде майданнан алыс болса, қазір соғыстың дәл ортасында жүр. Шығармашыл адамның өнерге еш қатысы жоқ қан майданда жүруге өз себебі бар:

– Әрине, үйге қайтып, демалып, соғысқа дейінгі кәсібіме қайта оралғым келеді. Бірақ соғыс қазір бітпейді, әлі ұзақ соғысамыз. Мен соғысқа қатыспасам да, жеңеміз деп ойлайтындарға айтарым: олай болмайды. Қазір біз соғыспасақ, бес жылдан кейін балаларымыз соғыста жүреді. Бізге “Үйге тығылып, елімізді неге қорғамадыңдар?” десе, не айтамыз?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG