Accessibility links

Қарағандыда жұмысшылар мен ата-аналар балалар шипажайының ғимаратына тиіспеуді талап етті


Облыстық балалар шипажайына жиналғандар. Қарағанды, 2 тамыз 2023 жыл.
Облыстық балалар шипажайына жиналғандар. Қарағанды, 2 тамыз 2023 жыл.

2 тамызда Қарағандыда ондаған адам "Березка" облыстық балалар шипажайы ғимараты алдында бейбіт акция өткізді. Олар билікті шипажайдың ғимаратын тартып алмауға үндеді.

Жиналғандар арасында ата-аналар мен балалардан бөлек, шипажай қызметкерлері де болды. Жұрт "Шипажайға тиіспеңдер!" деп айқайлап, пікірлерін айтты. Балалардың кейбірі балконға плакатпен шықты.

—Менің балам демікпе ауруына ұшыраған. Мұнда ол өзін жеңіл сезінеді. Жақында оны осы жерге әкелуім керек еді, алайда басшылық қабылдамай қойды. Енді біз не істейміз? Мұнда балам айлар бойы емделетін, – деді жергілікті тұрғын Мадина Молдабекова.

Ақпаратқа қарағанда, билік аталған шипажайдың ғимаратын алып, балаларды Қарағандыдағы көпсалалы ауруханаға орналастырғысы келеді. Жұмысшылар мен ата-аналар бұған наразы.

—Мұнда тіпті жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ), бронхы қабынуын емдейтін, ал ол жақта ондай болмайды. Мұнда үлкен жасыл аула бар, балаларға ұнайды. Менің балам бұл жерге үш ай сайын келеді, – деді ата-аналардың бірі Гүлзат Сейітова.

Совет заманында тұрғызылған 300 орындық балалар шипажайы ондаған жыл бойы істеп келеді. Шипажай ауруханалардың кеңесімен 4 жастан бастап балаларды қабылдайды. Мұнда оларды емдейді және денсаулықтарын нығайтады. Шипажайда жеке оқу корпусы бар.

— Мұнда істегеніме 40 жылға жуық уақыт болды. Сондықтан оны жабуға қарсымын. Балаларға обал. Мұнда тұрмысы нашар отбасылардан келген балалар көп. Көбі ауылдан келеді. Оқу мен емдеу қатар жүреді. Егер шипажайды ауруханаға ауыстырса, онда оқу да жайына қалады. Ал бұл балаларға тікелей әсер етеді. Шипажайдың жұмысшылары – медбикелер мен мұғалімдердің тағдыры не болатыны белгісіз, – деді шипажайда мұғалім болып істейтін Галина Агламова Азаттық тілшісіне.

Ақпаратқа қарағанда, шипажай ғимаратсыз қалайын деп отыр, ал онда емдеуден өтіп жатқан балалардың саны 60-қа дейін қысқарады. Шипажай қызметкерлері 30 тамыздан бастап штаттар саны қысқаратыны туралы хабарлама алған.

— Жабу туралы бұйрық сәуірде шыққан, ал бізге жиналысты үш айдан кейін бір-ақ өткізді. Шипажайды қалдырыңдар, үнімізге құлақ асыңдар, – деді шипажай қызметкері Ольга Синютина.

Шипажай қызметкерлері мен ата-аналар денсаулық сақтау министрлігіне шағым жазған. Олар шипажайдың жабылатынын растаған.

—Денсаулық сақтау министрлігі ресми жауабында мұнда тек диагноздары күрделі балаларды ғана емдейді және олардың саны 60-тан аспайды, ол жақта сабақ мүлде болмайды деп жауап берді. Шипажай мен реабилитация бөлімі – екеуі екі түрлі нәрсе. Әкімдік дұрыс істеп отырған жоқ. Ғимарат керек болып еді, бірден шипажайға көздері түсті. Ескі ғимараттарды қалпына келтіргісі келмей, дайын ғимаратқа ие болғысы келеді. Бізде халық үнін еститін мемлекет жоқ, барлығы халыққа қарсы жасалып жатыр, – деді жиналыс кезінде балалардың бірінің анасы Дарья Вировец.

Жиналғандардың сөзіне қарағанда, бұрын шипажайдың аумағы үлкен болған. Кейін оның аумағы қысқарып, босаған жерлерге коттедждер салынған.

Оқиға орнына келген денсаулық сақтау басқармасының өкілі бұл жер медициналық колледжге берілетінін айтты. Оның айтуынша, шипажай жабылмайды, тек "көпсалалы ауруханаға қосу және қайта құру" кезеңінен өтеді.

—Қазір [ауруханада] 60 адам жұмыс істейді, тек жартылай ғана істеп тұр, себебі "Қамқорлық" қоры орталықты жабдықтап жатыр. Көпсалалы аурухананың реабилитациялық бөлімі болуға тиіс. Ал бұл ғимаратта медициналық колледж болады, – деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Бибігүл Төлегенова.

Кейбір мұғалімдерге медициналық колледжге ауысуды ұсынған.

—Бастауыш сынып мұғалімдері ауыспайды, себебі медициналық колледжге олардың қызметі керек емес. Алайда білім басқармасы оларға жұмыс тауып беруге дайын, – деді Төлегенова.

Ата-аналар мен шипажай қызметкерлері мұндай шарттармен келіспейді. Олар биліктен шипажайдың ғимаратын қалдыруды сұрап отыр.

XS
SM
MD
LG