Accessibility links

Министр қазақ-ауған форумында: Астана Ауғанстанмен байланысты сақтауға мүдделі


Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин

Астана Ауғанстанмен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланысты сақтауға мүдделі. 3 тамызда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қазақ-ауған бизнес-форумының қатысушылары алдында осылай деп мәлімдеді.

Үш күнге созылатын форумға қатысу үшін Астанаға Ауғанстаннан 200-ден астам делегат келген. Қазақстан СІМ-нің айтуынша, басым бөлігі Ауғанстанның бизнес және іскерлік орта өкілдері.

Форумды бүгін, 3 тамызда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ашты. Ол сөзінің басында "Бисмилляхир-рахмани-рахим" ("Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын") деді.

Жұманғарин ауған делегациясын жылы қарсы алып, Ауғанстанның "жоғарғы билігіне" қазақ үкіметінің шақыруын қабылдап, үкімет пен бизнес өкілдерінің форумға қатысуына жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.

"Қазақстан Ауғанстанның тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, бейбіт, демократиялық және гүлденген мемлекет ретінде қалыптасуын қалайтынын тағы да қайталап өтейін. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтауға мүдделіміз" деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Қазақстанда қазақ-ауған бизнес форумын өткізу 2021 жылы Ауғанстан билігін басып алған тәліптер жөнінде Астананың ұстанымына қатысты бірқатар сұрақтарды туындатып отыр. Бірқатар елдерде, оның ішінде Қазақстанда да "Талибан" террористік ұйым ретінде танылған. Бұған дейін Қазақстан СІМ Астанаға келетін ауған делегаттарының арасында санкция тізімінде бар азаматтардың жоғын айтқан.

Сәрсенбі күні билік Астанаға тәліптер үкіметінің өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған ауған делегациясы келгенін хабарлаған. Шетел әріптестерімен кездесу кезінде Жұманғарин сәуір айында Кабулға сапарында тараптар екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд-тан 3 млрд долларға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғанын еске салды.

Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде "сауда номенклатурасын кеңейту бойынша ілгерілеушіліктер бар": Ауғанстанға ұн мен бидай тасымалдап жүрген Қазақстан енді металл және минералды тыңайтқыш та жеткізеді. 2 тамызда кездесу кезінде Астана Қазақстанда ауған сауда өкілдігін ашуды ұсынған.

"Қазіргі кезде экспорттық кәрзеңкенің әртараптанып жатқанына куә болып отырмыз" деді Жұманғарин. Министрдің айтуынша, Қазақстан Ауғанстанға құны 500 млн доллар болатын тауар, мұнай-химия, металл, жеңіл, машина жасау саласы өнімдерін жеткізуді жоспарлап отыр.

"Талибан" қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ауғанстанда тәліптер 2021 жылғы 15 тамызда билікке келді. Алайда әлі күнге "Талибан" билігін ешқандай мемлекет ресми түрде мойындаған жоқ. Дегенмен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан дипломатиялық арналар арқылы осы елмен байланысты дамытуға тырысып келеді.

XS
SM
MD
LG