Ресей шетел азаматтарын келісімшарт арқылы Ресей армиясына баруға үгіттей бастады. Бұған бірнеше БАҚ назар аударды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның интернет сегментінде "шетелдегі бауырларға" қайырылған жарнама пайда болған. Жарнаманың басындағы кадрда Қазақстан мен Ресей тулары көрінеді және "Плечом к плечу"(иық тіресу) деген ұран жазылған. Ал жарнама мәтінінде Ресей армиясына қосылғысы келетіндерге бір реттік 495 мың рубль, кейін ай сайын 190 мың рубль төлейтіні жазылған. Әскери қимылдарға қатысқаны үшін "қосымша төлемдер төлейтіні" де айтылған. Агенттіктің жазуынша, ұсынылған төлем Мәскеу мен Мәскеу түбіндегі жалдамалы әскерге төленетін ақша көлемімен деңгейлес.
Қолданушы жарнаманы басса, Сахалин облысындағы адам капиталын дамыту жөніндегі агенттік ашқан ресейлік мемлекеттік сайтқа барады. Келісімшартты сол Сахалинде қол қоюды ұсынады.
Қолданушылар дәл осындай жарнама Арменияның интернет сегментінде пайда болғанын хабарлады.
- Қаңтар айында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу алдағы үш жылда Ресей әскерінің санын 1,5 млн-ға дейін көбейту міндетін жариялаған. 1 сәуірден бастап Ресей қорғаныс министрлігі жалдамалы әскерге жаңадан адамдар ала бастағанын хабарлаған.
- Ресей билігі шетелдіктерді армияға тарту туралы хабарламаға түсініктеме бермеді. Ресейдің одақтасы Астана Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ, ресми түрде қолдаған да жоқ. Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін және Ресей аннексиялап алған аудандарды мойындамайтынын мәлімдеген. Бұған дейін қазақстандық компаниялар Ресейге электронды техника бөлшектерін экспорттағанын дәлелдейтін көп айғақ анықталған.