Accessibility links

Тәуелсіздіктің бір жылдығында билік Алашорданың 75 жылдығын атамады


Алаш қайраткерлері (солдан оңға қарай отырған): Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейханов, Райымжан Мәрсеков. 2-қатарда сол жақтан үшінші – Көкбай Жанатайұлы. Алаш (Семей) қаласы, 1918 жыл. Болат Мүрсәлім құрастырған "Алашорда" кітабындағы фото.
Алаш қайраткерлері (солдан оңға қарай отырған): Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейханов, Райымжан Мәрсеков. 2-қатарда сол жақтан үшінші – Көкбай Жанатайұлы. Алаш (Семей) қаласы, 1918 жыл. Болат Мүрсәлім құрастырған "Алашорда" кітабындағы фото.

Алашорда автономиясының 75 жылдығымен тұспа-тұс келген Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығында президент Нұрсұлтан Назарбаев қандай даму бағдарын ұсынды? Ақмоланы "Ақорда" деп атауды кімдер ұсынған еді? "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында сол кезден жеткен дауыстарды тыңдап, 1992 жылғы кейбір оқиғаларды білуге болады.

Тәуелсіздіктің бір жылдығында жұрт Алашорда мен Желтоқсанды еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:10 0:00

1992 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығы Алашорданың 75 жылдығымен тұспа-тұс келді. Қоғамда, қарапайым адамдар ортасында айтылғанымен бұл тарихи датаны билік елеусіз қалдырды.

АЛАШОРДАНЫҢ ҚЫЗУ ӘРЕКЕТІ

13 желтоқсан, яғни Алашорда үкіметі құрылғанына 75 жыл толған күні эфирден берілген хабарында Азаттық радиосы Алашорданың мемлекеттік құрылысы мен сыртқы саясат жоспары жөнінде баяндаған.

Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығы кезінде берілген бағдарламаларында Азаттық радиосы автономды Алашорда мен тәуелсіз Қазақстан арасында мемлекет болудың алғашқы қадамдарын салыстырғандай әсер береді.

Алашорда автономиясы үкіметінің (Халық Кеңесінің) мүшелері. Үшінші қатарда солдан оңға қарай бірінші отырған – Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін ақ бас киім киіп отырған адам – Алашорданың төрағасы Әлихан Бөкейханов. Алаш қаласы, 1918 жыл. Сурет Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан алынды.
Алашорда автономиясы үкіметінің (Халық Кеңесінің) мүшелері. Үшінші қатарда солдан оңға қарай бірінші отырған – Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін ақ бас киім киіп отырған адам – Алашорданың төрағасы Әлихан Бөкейханов. Алаш қаласы, 1918 жыл. Сурет Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан алынды.

"1917 жылдың 13 желтоқсаны күні Алашорда үкіметі қызу түрде іске кірісіп, халық ағарту және әлеуметтік саладағы жұмыстарды қазақ халқының ұлттық ерекшелігіне сай реттей бастады. Ұлттық құралды күштер бөлімшелерін ұйымдастырды. Басқалармен саяси қатынасқа ену жағын қарастырды. Советтік Ресей үкіметімен де байланыс орнатуға тырысты. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған үкімет делегациясы 1918 жылдың қаңтарында Мәскеуде Сталинмен кездесті. Сталин қазақ делегациясына совет үкіметінің Қазақ-қырғыз автономиясын танитындығы жайында кепілдік берді. Сонымен бірге Алашорда үкіметі өзге түркі мұсылман мемлекеттерімен бірге, сол қатарда Қапказия аймағындағы елдермен де байланыс құруға кірісті" делінген Азаттық радиосының 1992 жылғы 13 желтоқсандағы хабарында.

Мұнда "ұлттық құралды күштер" деп қарулы күштерді айтып отыр.

Омбы қаласындағы архивтен табылған Алаш әскері туралы видеодан скриншот.
Омбы қаласындағы архивтен табылған Алаш әскері туралы видеодан скриншот.

Дегенмен Алашорданы мойындаймыз деп уәде беріп, кейін оған қарсы әрекет еткен большевиктер өздерінің екіжүзді саясат ұстанатынын көрсетеді. Азаттық осы хабарында совет көсемі Ленин мен ұлт істері бойынша халық комиссары Сталиннің ұлттық үкіметті әуелден құлатуға тырысқанын айтады. Азаттық хабарына қарағанда, большевиктердің мұндай жымысқы саясаты кейін ғана әшкере болған.

Бұл кезде әуелде Одақ атымен құрылып, өзге де мемлекеттерді одақтас деген атаумен өзіне бағынышты еткен Совет одағының құлағанына да бір жыл болған еді.

"Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда, Алашорда үкіметі құрылған соң, 74 жыл өткенде екінші рет бақыт нұрына бөленіп үлгерді. Бұл жолы Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өз алдына жеке отау көтеріп шықты" дейді Азаттық радиосы сол хабарында.

ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ НҰРҒА БӨЛЕНДІ?

Қазақстан шынымен бақыт нұрына бөленді ме? Совет одағынан ең соңғы бөлінген, тәуелсіздігіне бір жыл толған, әлі де жоғы түгенделіп, бары байқалмаған Қазақстанның даму бағдары қандай болуы мүмкін еді?

Бұл сұрақтарға сол кезде тәуелсіздіктің бір жылдығы рәсімінде президент Нұрсұлтан Назарбаев жауап бергендей болды. Алайда оның айтқандары амалға аспаған күйде қалды.

АҚШ президенті Джордж Буш (оң жақтан екінші) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) Ақ үйдің ауласында сөйлеп тұр. Вашингтон, 20 мамыр, 1992 жыл.
АҚШ президенті Джордж Буш (оң жақтан екінші) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) Ақ үйдің ауласында сөйлеп тұр. Вашингтон, 20 мамыр, 1992 жыл.

Қазақстан тәуелсіздігіне арналған салтанатты рәсім 1992 жылғы 15 желтоқсанда өтті. Жиынды парламент төрағасы Серікболсын Әбділдин ашып, сөз кезегін президент Назарбаевқа берген. Совет одағынан ең соңынан бөлініп шыққан елдің басшысы сонда жаңарған Қазақстан туралы қайталай айтқан екен.

"Біз осыдан екі жыл бұрын жариялаған егемендігіміздің нәтижесі болып табылатын тәуелсіздіктің бір жылдығын атап өтудеміз. Бұл тұстар біздің өзіміздің ғана емес, балаларымыз бен немерелеріміздің де естерінен кетпестей оқиғалармен көмкерілген. Бұл біздің мемлекетіміздің негізі салынған, жаңарған Қазақстанның елтаңбасы, туы мен әнұраны дүниеге келген, планета елдерінің көпшілігі біздің тәуелсіздігімізді мойындаған, жаңарған Қазақстанды өздерінің әлемдік отбасына қабылдаған шақ еді. Бұл – өз тәуелсіздігін мәлімдеген қандай да бір мемлекет үшін аса бақытты, мерейлі бір оқиға. Біз өз тарихымыз бен мәдениетімізді түбегейлі жаңғыртуға, ішкі және сыртқы саясатымызды дербес жүргізуге, бұрынғы өмірден бүтіндей өзгешеленетін, еркін қоғамның алғашқы заңдылықтарын қалауға кірістік" деген президент Назарбаев.

Ол баяндамасында Қазақстанның алдында үш жыл ішінде тұтыну рыногын қалыптастырып, бес жылда шикізаттық елдер қатарынан шығып, 10-15 жылда жаңа индустриалды елдер сапына қосылу міндеті тұр деп мәлімдеген.

"ЖАРАЛҒАН НАМЫСТАН ҚАҺАРМАН ХАЛЫҚПЫЗ"

Өткен эпизодта тәуелсіздіктің бір жылдығы қарсаңында Қазақстан парламенті Конституция жобасын талқылай бастағаны айтылған. Қазақстан өз тәуелсіздігіне мемлекеттік атрибуттары түгенделмей жеткен ел болды.

Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері 1992 жылы маусымда қабылданғанымен, оның ішінде әнұранды талқылау кейінге қалған еді. Бұған себеп ретінде әнұранға лайық мәтін жоқтығы айтылған.

1992 жылғы 9 желтоқсанда жұмысын бастаған Жоғарғы кеңестің 9-сессиясында осы мәселе қаралып, жаңа әнұран мәтіні мен соған қатысты заң қабылданды. Назарбаев жоғарыда елтаңба, әнұран жайлы айтқанда осыған меңзеген.

Азаттық радиосының хабарлауынша, әнұранды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын сол кездегі Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин басқарған. Парламент ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев пен Жадыра Дәрібаева жазған "Жаралған намыстан қаһарман халықпыз" деп басталатын әнұранның жаңа мәтінін басым көпшілік дауыспен қабылдаған. Ал әуеніне 1943 жылы Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди жазған нұсқа әбден лайық деген ұйғарымға келген.

Ескі әнұран есіңізде ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00

1992 жылғы 15 желтоқсанда Алматыда Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына арналған салтанатты рәсімде осы әнұран жаңа мәтінімен алғаш рет шырқалды.

Қазақстан өз тәуелсіздігінің бір жылдығына Назарбаев айтқандай тәуелсіздігін "планета елдерінің көпшілігі" болмаса да біршамасы мойындаған күйде жетті. Әлемдік державалар мен аймақтағы көрші елдер бұған дейін Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп танитынын жариялап, дипломатиялық өкілдер жұмысқа кіріскен.

Азаттық радиосы 1992 жылы желтоқсан айындағы хабарларының бірінде Қазақстан тәуелсіздігін соған дейін әлемнің 40-тан астам елі мойындағанын хабарлаған. Бұл уақытта сол кездегі мемлекет астанасы Алматыда Иран, Түркия, Америка, Франция, Германия, Пәкістан мен Қытайдың Қазақстандағы тұрақты немесе уақытша өкілдері жұмыс істей бастаған.

АСТАНАҒА "АҚОРДА" АТАУЫН КІМДЕР ҰСЫНДЫ?

Тағы бір назар аударарлық қызық жайт бар. Совет одағынан ең артынан шығып, тәуелсіздігін өзгелердің соңы болып жариялаған Қазақстан мемлекеттік атрибуттарын түгендей алмай жүргенде қоғамда астананы ауыстыру туралы да пікірлер айтыла бастаған. Әсіресе, сол кездегі баспасөзде ара-тұра осыған қатысты мақалалар жарияланып тұратын. Жаңа астанаға кандидат қала ретінде Ақмола да атала бастаған тұс та осы.

Целиноград (бұрынғы Ақмола) қаласындағы Бейбітшілік көшесі. Совет заманында түсірілген фото.
Целиноград (бұрынғы Ақмола) қаласындағы Бейбітшілік көшесі. Совет заманында түсірілген фото.

Азаттық радиосының жергілікті баспасөзге жасаған шолуына қарағанда, 1992 жылы жазда ғана советтік Целиноградтан қайтадан бұрынғы тарихи атауы қалпына келтірілген Ақмола астана болуға лайық деген ұсыныс-пікірлер айтылған. Экономика тұралап, халықтың әлеуметтік ахуалы қиындаған тұста астананы ауыстыру қоғамда едәуір резонанс тудырғаны белгілі.

Бүгінде астананы ауыстыру тәуелсіздік жариялаумен қатар туындаған идея екені айтыла бермейді. Астанасы ауысып үлгермеген кезеңнің өзінде оның жаңа атауын талқылау – соның көрінісі.

Айталық мемлекет тәуелсіздігінің бір жылдығы қарсаңында "Қазақ әдебиеті" газетінде Ақмоланың "мола" атауы жайсыз көрінсе, оны "Ақорда" деп ауыстырайық деген ұсыныс айтылған. Оны жазушылар Сафуан Шаймерденов пен Жұмағали Смағұлов ұсынған.

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ – ЖЕЛТОҚСАНДЫ, АЛАШОРДАНЫ ЕСКЕ АЛҒАНДАР КІМ?

1992 жылдың 16 желтоқсаны. Қазақстан тәуелсіздігіне тура бір жыл толған күн. Сол күні Алматыдағы бір кезде – Брежнев алаңы, кейін – Жаңа алаң, сосын Республика алаңы болып атауы бірнеше рет өзгерген жерде бүкілхалықтық мерекелік шара өткен. Осы алаңнан Азаттық тілшісі репортаж жасаған.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңынан түсірілген сурет.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңынан түсірілген сурет.

Мерекелік шара кезінде Азаттық тілшісі алаңда жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, жазушы Әбілфайыз Ыдырысовты сөзге тартқан. Ұстаз өз ойын былай білдіреді:

"Күннің осынша бұлыңғыр, тұман болуына қарамастан, біздің қыршындарымыз еркіндік пен бостандық жолында бас көтерген астанадағы алаң халыққа лық толы. Қазақстан халықтары форумында біздің тұңғыш президентініміз Назарбаев жолдас тәуелсіздік туралы өте әдемі айтты. Шындығында, бұл – тегіннен тегін келген теңдік емес, біздің ұрпақтан ұрпаққа көшіп келген теңдігіміздің алынған күні" дейді Азаттыққа Әбілфайыз Ыдырысов президент сөзіне сілтеме жасап.

Сұхбат беруші бұл жерде 14 желтоқсанда Алматыда өткен Қазақстан халықтары форумын меңзеп отыр. Форумға қатысушылар сол жиынның аяғында президент Назарбаев ұсынған "Қазақстан халықтары ассамблеясын" құру туралы үндеу қабылдағаны белгілі.

Азаттық радиосының тілшісі тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған мерекелік шарада өзін "Жағыпар Қуандықов" деп таныстырған ақсақалмен де жүздесіп, сөзге тартқан. Желтоқсан айы несімен ерекше екенін сұраған тілшіге Жағыпар ақсақал бірінші кезекте 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы еске түсетінін айтып, сол күні көргенін баяндаған.

"Ой, қалқам, желтоқсан айындағы оқиғалар туралы айту адамға өте қиын... Мен осы арада тұрамын. Анау бесінше қабатта. Желтоқсан оқиғасы кезінде бойлары екі метр солдаттар келіп, балаларды ұрып-соққанда, құдай салмасын, кемпіріміз екеуміз көзіміз ештеңе көрмей жылаумен болдық...", – дейді Жағыпар қария Азаттық тілшісіне.

Тәуелсіздік монументінің ұшар басындағы Алтын адам ескерткіші тұсынан түсірілген сурет. Алматы, 17 қараша, 2022 жыл.
Тәуелсіздік монументінің ұшар басындағы Алтын адам ескерткіші тұсынан түсірілген сурет. Алматы, 17 қараша, 2022 жыл.

Азаттық радиосы әңгімелескен адамдардың ішінде желтоқсан айында Алашорданың құрылғанын, оған сол жылы 75 жыл толғанын айтқандар да болған. Солардың бірі өзін былай деп таныстырып, пікір білдірген.

"Мен, Төлешова Ырысханым, [Алматыдағы] №12 қазақ мектебінің мұғалімімін. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін тойлауға келіп отырмыз. Кеше балалармен бірге Республика сарайында болдық. Сосын №12 мектептің екінші классында Қазақстан тәуелсіздігіне байланысты тәрбие сағатын өткіздік. 13 желтоқсан күні Алашорданың 75 жылдығы өтіп кетті. Оны көп адам байқамай да қалды...", – деген алматылық мұғалім.

Келесі эпизодта Азаттық радиосының тарихы туралы деректер айтылады.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға және жүктеп алуға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG