Оралда қауіпсіздігі жоғары № 28 мекемесінің ондаған тұтқыны өздерін мекеме қызметкерлері мен әскери қызметкерлер аяусыз ұрып-соққанын айтты. Бұл жөнінде мекеменің бірнеше тұтқыны 3 тамызда туыстарына хабарлаған. 4 тамызда тұтқындардың жақындары мекеме алдына жиналып, басшылықпен кездестіруді және "түрме ішінде азапталған жақындарын ауруханаға жатқызуды" талап етті.
—Кешеден бері жүрміз. Бізге оларды ұрып-соқты деп хабарлағаннан кейін қалалық ауруханаға бардық. Басында облыстық, кейін қалалық ауруханаға бардық. Ол жақта біздің балаларды әкеле ме деп түнге дейік күттік. Бірақ әкелген жоқ. Бүгін осында түрмеге келіп, түрме бастығымен кездесуді күттік, бізге жақындарымызды көрсетсін дедік, – деді тұтқын Райымбек Серіковтің анасы Бұлбұл Нұрбайқызы.
Әйелдің сөзіне қарағанда, жиналғандарға ұзақ уақыт жақындарымен тілдесуге мүмкіндік бермеген. Тек түстен кейін ғана әйелдер туыстарымен Skype арқылы сөйлесе алған.
—Біз олардың аман екеніне көз жеткізгіміз келеді. Кеше, ауруханаға бірнеше сотталушыны әкелген кезде мұнда [колонияда] қатты соққыға жығылған бірнеше адам барын айтты. Біз видеоға жазып алдық, бізге жарақаттан тіпті тұра алмай қалған бір адам барын айтып, аты-жөнін атады, – деді сотталушы Руслан Мәкішевтің әйелі Гүлназ Юсупова.
4 тамызда сағат 14.00-ге қарай мекеме қызметкерлері бірнеше тұтқынды видеобайланыс арқылы туыстарына көрсеткен.
Бұлбұл Нұрбайқызы ұлымен сөйлескен кезде ұлының бетінен қатты соққының іздерін байқағанын айтты: оның бір көзі ашылмайды, ерні мен аузы жырылған, басының бір бөлігі қатты ісіп кеткен, бір қолын көтере алмайды, "көк ала қойдай сабаған".
Түрмедегі жақындарымен сөйлескен әйелдердің сөзінше, олар тұтқындарды не үшін ұрып-соққанын білмейді. Тұтқындардың айтуынша, олар камерада жатқан кезде мекеме қызметкерлері кіріп келіп "мынау", "мынау" деп нұсқап, шығарып алып, камерасы жоқ жерге апарып, ұрып-соққан. "Резеңке таяқпен ұрған, бастан тепкен, дымын қалдырмаған ғой" деді жақындарының сөзіне сүйенген әйелдердің бірі.
"Біздің отрядта 26 адам бар, төртеуі тәртіптік изоляторда жатыр. Резеңке таяқпен ұрды, тепті, қолмен ұрды. Не себепті ұрғандарын түсіндірмеді" деді тұтқындардың бірі Алмаз Мұратов анасына.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, 3 тамызда сағат 20:33-те "тұтқындардың денсаулықтарына шағымданып жатқаны туралы" колонияға шақырту түскен.
"Төрт бригада кетті. Оқиға орнында 47 тұтқынның жағдайы тексерілген. 26-47 жастағы 11 адам қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Бас сүйек, кеуде, қабырғалары рентгенге түсірілген. Травмотологтар мен нейрохирургтар қарап, кеңес берген. Жағдайлары орташа, амбулаторлық ем тағайындады" деп жазылған облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хабарламасында.
Қарамағында қатаң режимдегі колония бар қалалық аурухананың директоры Сержан Есенкөбеков зардап шеккендерді жеке өзі қарап шыққанын айтты. Барлығы 47 адам.
—11 адамды облыстық ауруханаға тексеруден өтуге жібердік, барлығына амбулаторлық ем тағайындалды. Ешқайсысынан ірі жарақат анықталған жоқ, тек терілері сырылған және денелерінің көгерген тұстары бар, – деді Сержан Есенкөбеков.
Ал колония басшылығы өз кезегінде тұтқындарды "мекеме тәртібін бұзды" деп айыптады. Колонияның бастығы міндетін атқарушы Қанат Алпысбаев шара қолдануға "мәжбүр" болғанын айтты, себебі "бір тұтқын режимді бұзған".
—3 тамыз күнгі жоспарлы тінту шараларынан кейін сотталушылардың бірі жатақхана бұрышына шығып алып, бұйрыққа бой ұсынбай қойды. Заңға қайшы әрекетті тоқтату туралы талаптан сотталушы үзілді-кесілді бас тартты. Өзінің заңсыз әрекетін жалғастыра берді, айқайлады, балағаттады, қызметкерлердің намысына тие бастады. Бағынбай қойды. Ол тінту кезінде тәркіленген заттарын қайтаруды талап етті. Ол өзге сотталушыларды да өзін қолдауға шақыра бастады, – деді Қанат Алпысбаев.
Оның сөзінше, үндеуден кейін камерада отырған түрлі отрядтағы бірнеше адам айқайлап, оны қолдап, есік пен терезені тықылдата бастаған.
—Мекеме қызметкерлері мен ұлттық гвардия өкілдері камераға барып, үн қатпауды талап етті. Сол кезде бір сотталушы әскери қызметкерге соққы жасады. Қазір ол емделіп жатыр. Бұдан соң "қызметкерге шабуыл" белгісін жарияладық, сол белгі бойынша өзге қызметкерлер келді. Сотталушыларды шығарып, бағынғандарын орындарына қайта жібердік, ал бағынбағандарға күш қолданылды, – деді Қанат Алпысбаев.
Оның сөзінше, қазір мекеме ішінде тексеріп жүріп жатыр, "сотталушылардың бағынбау" фактісі бойынша тергеу басталған.