Accessibility links

Белсенді Әсет Әбішев 15 тәулікке қамалды


"Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу үшін әділет министрлігіне құжат тапсырып тұрған белсенділер. Әсет Әбішев ортада тұр. Оң жақта мамырда дүниеден өткен оппозиция қайраткері Жасарал Қуанышәлин. Астана, 12 қазан 2022 жыл.
"Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу үшін әділет министрлігіне құжат тапсырып тұрған белсенділер. Әсет Әбішев ортада тұр. Оң жақта мамырда дүниеден өткен оппозиция қайраткері Жасарал Қуанышәлин. Астана, 12 қазан 2022 жыл.

Алматы әкімшілік соты тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі, белсенді Әсет Әбішевті 15 тәулікке қамады. Бұл жөнінде #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы хабарлады. Бұған дейін аталған топ полицияның белсендіні ұстап әкеткенін хабарлаған. Жақтастарының айтуынша, полиция ұстау кезінде оған күш қолданған. Полиция оның ұсталуына қатысты түсініктеме бермеді.

Ақпаратқа қарағанда, белсендіге биыл 5 мамырда Алматыдағы әділет департаментінің алдында "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айып тағылған. Жақтастарының айтуынша, ол сол күні әділет департаментіне "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ мүшесі ретінде қол қойғанын дәлелдеу үшін барған. Онда ешқандай рұқсат етілмеген митинг болмаған.

Әзірге sud.kz сайтында оған шығарылған шешім жарияланбады. Бірақ онда әкімшілік істі судья Рауза Әлиева қарағаны жазылған.

Бір күн бұрын сот дәл осындай айыппен аталған бастама топ мүшесі Бибігүл Иманғалиеваны 20 тәулікке қамаған еді. "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ Телеграм-арнасында белсенділерді ұстауды 9 тамызға белгіленген "Алға Қазақстан" партиясының конференциямен және Еуропа депутаттарының Қазақстанға сапарымен байланыстырады.

"Аталған баспасөз жиынында қазақстандықтар үшін өткір мәселелер талқыланады" деп жазды бастама топ өкілдері.

Аталған белсенділер мүшелері болып саналатын тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы айлар бойы әділет министрлігіне құжат тапсырып, саяси ұйымды тіркей алмай келеді. Министрлік бастамашыл топтың құжаттары партияларды тіркеу туралы заңға сай еместігін айтып, тіркемеген. Ал белсенділер өздерін "саяси себеппен тіркемей отыр" деп есептейді. Олар бұған дейін биліктен партияны тіркеуді талай талап еткен.

Билік елде саяси қудалау барын мойындамайды және партияны "саяси себеппен тіркемей отырғандарын" жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG