Жексенбіде Украина әскері Қырым түбегін құрлықпен жалғап тұрған екі көпірді зымыранмен атқылап, зақымдаған. Бұл туралы Қырымның Ресей тағайындаған билігі хабарлады. Зымыран соққысынан кейінгі фото, видеоға қарағанда қазір көпірмен өту мүмкін емес немесе қатынас қиындаған.
Херсон облысының Ресей тағайындаған басшысы Владимир Сальдо Геническ қаласымен жалғайтын көпір туралы жазды. Одан соң аннексияланған Қырым басшысы Сергей Аксёнов Херсон облысын Қырыммен тікелей қосатын Чонгарск көпіріне де зақым келгенін хабарлады.
Украина қарулы күштерінің стратегиялық коммуникация басқармасы екі көпірге соққы жасалғанын растады.
Чонгарск көпіріне Украина маусымның соңында да шабуыл жасаған. Ол кезде соққы Британияның Storm Shadow зымыранымен атқыланды деген ақпарат шыққан. Украина әскери қызметкерлері Ресей Чонгарск көпірі арқылы Украина жеріндегі Ресей әскерін жабдықтап отыр деген болатын.
Қырымды Херсон облысымен жалғайтын екі көпір зақымданғанымен бұл төңіректе тағы да екі шекара өткелі бар. Бұған дейін Қырым көпірі зақымданған соң Ресей осы екі өткелді көбірек пайдалана бастаған.
- Кеше Ресей әскері Украинаны жаппай атқылаған. Оның ішінде елдің батысындағы Староконстантинов аэродромы да бар. Бұл аэродромға Storm Shadow зымыранын алып ұшатын Су-24 ұшақтарының базасы орналасқан. Ресей қорғаныс министрлігі "соққы мақсатына жетті" деген, Украина ақпарат таратпаған.
- Бұған дейін Ресей билігі "Қырымға соққы жасау үшін Storm Shadow зымыраны пайдаланылатын болса, шешім қабылдайтын орталыққа соққы жасаймыз" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Алайда жексенбіде шабуыл жасалған екі көпір де Херсон облысында жатыр.
ПІКІРЛЕР