АҚШ Беларусьтің төрт заңды және сегіз жеке тұлғасына санкция салды. Бұл туралы 9 тамызда АҚШ қаржы министрлігі хабарлады.
Санкция тізіміне Беларусь металлургия зауыты, мемлекеттік бақылау комитетінің қаржыны тергеу департаменті, Беларусь президенті Александр Лукашенкомен тығыз байланысты кәсіпкер Алексей Олексин мен оның отбасы мүшелері, тағы бірнеше шенеунік ілінген. Беларусь билігі пайдаланатын Bombardier CRJ-200ER ұшағы да тізімде бар.
Бұған дейін "Белавиаға" ЕО-да санкция салған. Оған Беларусь билігінің оппозициялық журналист Роман Протасевичті ұстау үшін Ryanair жолаушылар ұшағын Минскіге қондырып, борттағы журналисті ұстауға жағдай жасауы себеп болған.
Минскіге қарсы санкция Беларусьтегі президент сайлауының үш жылдығы қарсаңында күшейтілді. АҚШ сайлаудың ресми нәтижесін мойындамаған. 2020 жылы 9 тамызда өткен сайлауда Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып келген авторитар басшы Александр Лукашенко жеңді деп жарияланған. Халық және Батыс елдері сайлау әділетсіз өтті деп санайды.
Сайлаудан соң елде наразылық тұтанып, мыңдаған адам наразылық акцияларына шықты. Билік сайлаудан кейін демократиялық топтарды басып-жаншыды. Лукашенко режимі азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-ты толықтай бақылауға көшті.
Наразылықтан соң жүздеген адам түрмеге жабылды, мыңдаған адам елден кетті. Лукашенко режимінің Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдауына байланысты Беларуське санкция тағы күшейтілді.
ПІКІРЛЕР