Accessibility links

Ақтөбе облысында балалар мінген көліктің жол апатына ұшырауы: Сот спорт мектебі басшысының орынбасарын 2,5 жылға соттады


Жол апатына ұшыраған көлік. Ақтөбе облысы, 17 желтоқсан 2022 жыл. Ақтөбе полициясы таратқан сурет.
Жол апатына ұшыраған көлік. Ақтөбе облысы, 17 желтоқсан 2022 жыл. Ақтөбе полициясы таратқан сурет.

11 тамыз күні Ақтөбе соты Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұрбек Жұмакешовті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Жұмакешовтің жеке көлігі былтыр желтоқсанда волейболшы балаларды жарысқа алып бара жатып, Ақтөбеге жақындағанда жол апатына ұшыраған. Көліктегі 9 баланың біреуі оқиға орнында қаза болған, төрт бала мен жаттықтырушы жарақаттанған. Тергеу органдары Жұмакешовті «абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол жүру ережесін бұзды» (ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі) деп айыптаған.

Сотталушының әйелі Құндыз Өтеш үкімге наразы. Құндыз Өтештің пікірінше, осы кезге дейін жәбірленушілермен медиация келісімі жасалып, моральдық шығын өтелген, бірақ сот үкім шығарарда оны ескермеген.

- Күйеуімнің жазасы жеңілдесін деп осы кезге дейін жалпы сомасы 20 млн теңге моральдық шығын төледім. Ол үшін 17 рет несие алдым. Нәтижесінде жарақат алған балалардың отбасымен татуластық, олардың ісі тоқтатылды. Бірақ апат болып, адам өліп отыр. Күйеуім қолымен жасағанды мойнымен көтереді. Мұны о бастан айтып келеміз. Түсінбейтінім, адам айыпты мойындап, шығынды өтеген соң жазасы жеңілдеуі керек емес пе? Балалардан бөлек көлік салонында болған жаттықтырушының отбасына да медиация тәртібімен 3 млн теңге, кейін тағы 1 млн 470 мың теңге төленді. Соған қарамастан сот бүгін жаттықтырушыға тағы 5 млн теңге төленсін деп қаулы шығарды. Меніңше, бұл әділ үкім емес, - дейді Құндыз Өтеш.

Сотталушы Нұрбек Жұмакешовтің кәмелетке толмаған үш баласы бар. Балалардың кішісі әкесі тұтқынға алынған соң дүниеге келген. Үкімге наразы Құндыз Өтеш апелляция алқасына шағым жазбақшы.

Ақтөбе облыстық соты «Жұмакешов жол қауіпсіздігін сақтамаған, шаршап отырғанына қарамастан көлік жүргізіп, қарсы бағытқа шығып кеткен» деп санайды. Жол жиегіне ауып кеткен көліктегі бір бала қаза тауып, төрт бала мен жаттықтырушы жігіт ауыр жарақат алған. Екі бала орташа ауыр дәрежеде жарақаттанған.

Соттың хабарынша, волейболшыларды жарысқа алып шыққан Toyota Estima автокөлігінің жүргізушісі өзіне тағылған айыпты мойындап, қайтыс болған баланың отбасына 7 млн теңге моральдық шығын төлеген. Жарақат алған волейболшы балаларға да өзара келісімге сай түрлі сома төленген.

Ақтөбе облыстық спорт басқармасы волейболшы балалар апатқа ұшыраған соң балалар мен жасөспірімдерге арналған 38 мектептің тоғызында ғана автобус бар деп ақпарат таратқан болатын. Облыс жаттықтырушылары жарысқа үнемі такси жалдап жететінін айтқан.

Жол апатынан сегіз ай өткеннен кейін Темір аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне екі автобус бөлінетін болды. Бұл туралы Азаттыққа бүгін, 11 тамызда Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директоры Руслан Кенжеғалиев хабарлады. Кенжеғалиевтің хабарлауынша, ГАЗель маркалы екі автобустың бірі спорт мектебіне алдағы аптада тапсырылады.

«Екі автобустың бірі Ақтөбе облыстық спорт басқармасының, екіншісі Темір аудандық спорт бөлімінің балансында болады. Осыған дейін мектебіміздің тарихында ешқашан балаларды тасымалдауға автобус бөлінген емес» дейді спорт мектебінің директоры Руслан Кенжеғалиев.

Қайғылы оқиға 2022 жылғы 17 желтоқсанда болған. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолының 68-шақырымында болған. Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны "Toyota Estima" автокөлігімен волейболшы балаларды Шұбарқұдық кентінен облыс орталығы Ақтөбеге алып келе жатқан. Автокөлік тас жолдан таңғы 9:30 шамасында аударылып кеткен. Кейін полиция сегіз орындық салонда 11 адам болғанын анықтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG