Кейінгі үш жылда Африканың кедей елдерінде қатарынан мемлекеттік төңкеріс болып, өңірде Ресейдің әскери ықпалы арта бастады. Наурызда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтонның өңірдегі маңызды серіктесі – Нигерге барып қайтты.
– Үлкен сынақтар кезінде Нигер тұрақтылық, демократия мен әріптестік үлгісін көрсетіп отыр. Біз мұны ерекше құрметтейміз, – деді Блинкен.
Одан бері бес ай өтті. Қазір Нигер мен АҚШ-тың қарым-қатынасы қыл үстінде тұр. 26 шілдеде әскерилер президентті орнынан қуып, билікті басып алды. Мемлекеттік төңкеріс жасаушылар діттеген мақсатына жетсе, өңірдегі тұрақтылыққа қауіп төнеді. Сарапшылар пікірінше, бұл Ресейдің Сахель аймағындағы ықпалын күшейтуі мүмкін.
ҚАУІПТІ ТЕНДЕНЦИЯ
Мемлекеттік төңкерістен бұрын Нигердің батыс елдерінің алдындағы беделі жақсарып келе жатқан. 2021 жылы елдегі билік тәуелсіздік алғаннан бергі 70 жылда бірінші рет бейбіт жолмен ауысты. Блинкеннің сапары АҚШ-тың Нигер мемлекеті мен оның президенті Мұхаммед Базумды қолдайтынын көрсетті.
Кейінгі 10 жылда АҚШ Нигердің қарулы күштерін Сахельде жиі теракт ұйымдастыратын әл-Қаида мен ИГИЛ ұйымдарымен байланысты әскери топтарға қарсы тұруға дайындап, 500 миллион доллар бөлген. Нигердің солтүстігінде 1100 америкалық жауынгер мен дрондар базасы бар. Бұл дрондар барлау жүргізіп, әскери топтардың қозғалысы туралы хабар беріп отырады.
Бірақ Сахельде бірінен кейін бірі мемлекеттік төңкерістер болып, кейінгі жылдары қол жеткен прогресс пен әріптестікке қауіп төнді.
Нигерге көршілес мемлекеттер – Мали, Буркино-Фасо мен Чад 2020 жылдан бері мемлекеттік төңкерістерден зардап шегіп жатыр. Судан мен Гвинеяда да билік күшпен ауысты. Өңірдегі тағы бір ел Сенегалда жақында саяси дүмпу болды.
– Бұл – қауіпті тенденция. Мемлекеттік төңкеріс жиілеп, бүлікшілер дегеніне жеткен сайын, билікті басып алуға талпынатын әскери топтар көбейеді, – дейді Сиракуза университетінің профессоры, Африка бойынша сарапшы Шон Макфейт.
Макфейттің пікірінше, бұл тенденция Ресей ықпалының күшеюіне жол ашып отыр.
Қазір АҚШ пен оның одақтастары, оның ішінде Батыс Африка мемлекеттерінің 15 мемлекеттен тұратын экономикалық одағы (ЭКОВАС) нигериялық әскери топқа қарсы тұрып, демократиялық жолмен сайланған президент Базумның билігін қайта қалпына келтіруге тырысып жатыр.
АҚШ әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі Нигерге көмек беруін тоқтатты. Ал ЭКОВАС-қа мүше 11 мемлекет электр энергиясы экспортын шектеп, қаржылық санкциялар салды. Батыс Африка одағы Нигерге басып кіретінін мәлімдеді.
"ВАГНЕР" ТУРАЛЫ БОЛЖАМДАР
Кремльге жақын кәсіпкер, "Вагнер" әскери тобының негізін қалаушы Евгений Пригожин мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырушыларына көмек берген. Бірақ сарапшылар "Вагнер" тобы қысқа мерзімде осындай бүлік ұйымдастыруға қауқарлы дегенге күмәнмен қарайды.
– Хунта билікте қалатын болса, оған қолдау мен халықтың мойындауы керек. Осы қолдауды "Вагнер" ұсынып отыр, – дейді Вашингтондағы Африканы зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Даниель Эйзенга.
Эйзенганың дерегінше, "Вагнер" тобының Мали, Ливия мен Суданда 1000 жауынгері бар. Ресейлік жалдамалы әскер Орталық Африка Республикасында да шоғырланған.
Бірақ "Вагнердің" маусымдағы нәтижесіз аяқталған "бүлігінен" кейін Нигердегі әскери топты қолдауға қанша жауынгер жинай алатыны белгісіз.
– "Вагнер" тобы аз уақыт ішінде жауынгер жинай ала ма? Бұл – бірінші кезектегі мәселе. Бірақ ресейлік жалдамалы әскер тобына ЭКОВАС-тың Нигерге басып кіруіне жол бермей, күрделі халықаралық геосаяси жағдай қалыптастыру қиын емес, – дейді Эйзенга.
Флорида университетінің саясаттану профессоры, Африка елдері бойынша сарапшы Себастьян Элишер "Вагнер" тобының ЭКОВАС-қа қарсы тұруға көмектесетін ауыр техникасы мен қару-жарағы жоқ дейді.
Сарапшының сөзінше, "Вагнердің" иелігінде негізінен Калашников автоматы мен Toyota көліктері ғана бар. Ал Малидегі әскерилердің негізгі дені – жауынгерлер емес, оларды дайындайтын командирлер ғана.
Элишер мен Эйзенга санкцияның астында қалып, АҚШ-тың көмегінен қағылған Нигер "Вагнер" тобына қалай ақша төлейтінін түсінбейді. Биыл Нигерге 2,2 миллиард доллар шетелдік көмек берілуі керек еді. Бұл – мемлекет бюджетінің 40 пайызына тең.
– "Вагнер" Нигерде аз уақыт ғана болады деп ойламаймын, – дейді Элишер.
Оның айтуынша, Ресейдің Нигермен тарихи экономикалық және дипломатиялық байланыстары жоқ. Сарапшы "Вагнердің" Нигермен серіктестігін ақпарат құралдары мен Африка халқына арналған қойылым деп атады.
Ресей Африкаға 2014 жылдан бері қызығушылық білдіріп келеді. Бұл кезде Мәскеу Қырымды тартып алғаннан кейін АҚШ пен Еуроодақ Ресейді әлемнен оқшаулап, шеттете бастаған.
Өткен айда Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте Африка елдерінің басшыларымен саммит өткізді. Осыған дейінгі кездесу 2019 жылы өткен.
Элишердің сөзінше, Ресей Африкада қару-жарақ сатып, табиғи ресурстарын пайдаланып, БҰҰ-да өзінің қалауы бойынша дауыс беретін одақтастар тапқысы келеді. Мәскеудің тағы бір мақсаты – өзін ғаламдық ойыншы көрсетіп, Батыс елдері арасында алаңдаушылық туғызу.
– Бұл біз ойлағаннан да үлкен мәселе сияқты, әсіресе, Сахельде, – дейді Элишер.
Сахель – Атлант мұхитынан Қызыл теңізге дейін созылып жатқан жартылай шөлді аймақ. Солтүстігінде Сахара шөлі, оңтүстігінде тропикалық саванна жатыр. Сахель өңіріне Сенегал, Мавритания, Мали, Буркино-Фасо, Нигер, Нигерия, Чад пен Судан кіреді.
Кейінгі он жылда өңірде кедейлік, легитимділігі төмен билік, климаттың өзгеруі және басқа да мәселелер салдарынан әскери топтардың белсенділігі артқан. Макфейттің пікірінше, Сахель – Ресей үшін жайлы өңір. Өйткені өңірдегі елдердің билігі тұрақсыз, ал халқы Франция мен Батыс мемлекеттерін жақтырмайды.
Сахель бұрын Францияның отары болған. Халықтың өзін жылдар бойы қанаған мемлекетке көзқарасы әлі өзгермеген. Малиде хунта әскері Француз күштерін қуып шыққан. Қазір олардың орнын "Вагнер" тобы басты.
– Ресей өңірдегі Францияға қарсы көңіл-күйді пайдаланып, оны саяси тұрғыдан ығыстырып шығарғысы келеді. Африка халқы Вашингтон мен Париждің емес, Мәскеудің аузына қарағанын қалайды, – дейді Макфейт.
The Washington Post сәуірде АҚШ барлау қызметінен түскен деректерге сілтеп, "Вагнер" тобы Буркино-Фасо, Чад, Эритрея, Гвинея, Мали, Нигер мен Суданнан тұратын Африка елдерінің конфедерациясын құрмақ болғанын жазды. Журналистер дерегінше, "Вагнер" көздеген мақсатына жету үшін Чад үкіметін құлатуды жоспарлаған.
Дегенмен АҚШ Нигердегі төңкерістің артында "Вагнер" тұр дегенге сенбейді. Сарапшылар биліктің құлауына президент Базумның өзіне дейін тағайындалған әскери шенеуніктерді ауыстыру туралы шешімі себеп болғанын айтады.
Африкалық стратегиялық зерттеулер орталығының 2022 жылы сәуірде жариялаған есебіне сәйкес, Ресей Нигерде екі рет жалған ақпарат науқанын ұйымдастырмақ болған.
Орталық дерегінше, кейінгі жылдары "Вагнер" тобымен жұмыс істейтін желілер Нигерде мемлекеттік төңкеріс туралы сыбыс таратуға тырысқан. Эйзенга Мали мен Буркино-Фасода француз күштері кеткеннен кейін қантөгіс басталғанын мысалға келтіріп, "Вагнер" келсе, Нигердегі жағдай одан әрі ушығады дейді.
АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд 7 тамызда хунта өкілдерімен кездескеннен кейін журналистерге "Олар "Вагнерді" шақырса, өздерінің тәуелсіздігіне қауіп төнетінін жақсы түсініп отыр" деді.
Эйзенга АҚШ пен ЭКОВАС хунта тобын биліктен бас тартуға мәжбүрлесе, бұл бүкіл Сахель аймағы үшін оң тенденция болады деп сенеді.
Сарапшы Мали мен Буркино-Фасода әскери топтар өз күшін нығайтып алу үшін, ЭКОВАС-қа билікті азаматтық бақылауға береміз деген уәдесін бірнеше рет кейінге қалдырғанын айтты.
– ЭКОВАС азуын көрсетсе, Мали мен Буркино-Фасо басшылары уәдесін орындауға асығар еді, – дейді сарапшы.
ПІКІРЛЕР