Accessibility links

Қазақстан мұнайы тасымалданатын Новороссийск портында ірі өрт болды


Новороссийск портында өрт сөндіріп жүрген мамандар. 18 тамыз 2023 жыл.
Новороссийск портында өрт сөндіріп жүрген мамандар. 18 тамыз 2023 жыл.

Ресейдің Новороссийск портындағы жүк терминалында ағаштан жасалған паллеттер өртеніп, оның аумағы 1300 шаршы метрге жеткен. Бұл туралы Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, өрт толығымен сөндірілген. Оның неден шыққаны әзірге белгісіз.

Новороссийскіде Қазақстан мұнайын экспорттайтын Каспий мұнай консорциумының (КТК) терминалы орналасқан. Қазақстан энергетика министрлігі КТК хабарламасына сүйеніп, өрт Қазақстан мұнайын тасымалдауға әсер етпеді деп хабарлады.

"Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайын Каспий құбыр консорциумы (Южная Озереевка кенті) мен Новороссийск портының Шешхарис мұнай терминалы арқылы тасымалдау жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр" делінген хабарламада.

4 тамыз түнде Қара теңіздегі Ресейдің Новороссийскідегі әскери теңіз базасына Украина теңіз дроны шабуыл жасап, Ресейдің «Оленегорский горняк» әскери кемесін істен шығарды. Ресейдің әскери кемесі қазақ мұнайын экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының тиеу қалқымаларынан бірнеше шақырым жерде ғана тұрған. Шабуылдан кейін Ресей билігі портта кеме қозғалысын бірнеше сағатқа тоқтатты.

Кейін Украина қауіпсіздік қызметі кейін осы шабуылға қатысы барын мойындаған.

8 тамызда Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Новороссийск портының қауіпсіздігі мәселесін саяси деңгейде көтереді деді. Министр "бұл мұнай терминалының тұрақты жұмыс істеуіне мұнай өндіруші ірі компаниялар да мүдделі" деді.

Новороссийскідегі әскери-теңіз базасында кемелер мен сүңгуір қайықтар шоғырланған. Ал ол жақтағы Каспий құбыр консорциумының (КТК) терминалы арқылы Ресей, Әзербайжан және Қазақстан мұнайы халықаралық нарыққа жол тартады.

КТК – Қазақстан мен Ресей және әлемдегі жетекші мұнай өндіруші компаниялар қатысатын аса ірі халықаралық жоба. Құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырым. КТК негізінен Батыс Қазақстан мұнайы мен Ресей мұнайын тасымалдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG