Ресей Украинаға басып кіргелі бері ресейлік компанияларға Қытайдан он мыңдаған жүк тасымалданған. Мәселе ракеталық қондырғылар, бронды және бомбалаушы техникалар жөнінде болып отыр. Компаниялардың арасында батыс санкциясына ілінгендері де бар. Бұл жөнінде The Telegraph басылымының зерттеуінде айтылады.
Қытай мен Ресей арасында сауда көлемі биыл 200 млрд доллардан асты, бұл жаңа рекорд болады деп жазды басылым. Әскери салада пайдаланылуы мүмкін тауарлар экспорты бір жыл ішінде (2022 жылдың маусымы – 2023 жылдың маусым аралығында) үш есе артқан.
Molfar Global зерттеу ұйымының мәліметінше, соғыс басталмай тұрып екі ай бұрын қытайлық Shantou Honghu Plastics компаниясы Ресейге мың дрон жіберген. Әлеуметтік желілерде және ресми сайтында компания өзін "балалар ойыншығын көтерме бағамен сатушы" деп атаған. Дрондар ресейлік "Самсон" фирмасына жіберілген. Ол да өзін ойыншық сатушы ретінде көрсетіп жүр. Басылымның жазуынша, бұл шын мәнінде жарғылық капиталы небәрі 10 мың рубль құрайтын жалған фирма.
Украинада соғыс басталғаннан кейін төрт күннен соң қытайлық Hems999 компаниясы Ресейге екі тікұшақ жіберген. Тағы бір қытайлық Tianjin Huarong Aviation компаниясы соғыс басталғалы бері Ресейге Airbus тікұшақтарының төрт данасын жеткізген. Техниканы ресейлік "Уральский вертолет" қабылдаған, оның негізгі тапсырыс берушісі Росгвардия.
Зерттеуге сүйенсек, 2022 жылдың басынан бастап 2023 жылдың алғашқы тоқсанына дейін қытайлық фирмалар 50-ден астам ресейлік компанияға оптикалық көздеуіштер жіберген. 2022 жылы бұл өнімнің импорты алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайып, 2,5 млн долларға жеткен.
Оптикалық көздеуіштердің басым бөлігін – шамамен 2500 данасын Yiwu Wojie Optics Instrument компаниясы жеткізген. Оларды бұрын Ресей ішкі істер министрлігіне осыған ұқсас тауарлар мен түнде көретін құралдарды тасымалдаушы CEK фирмасы қабылдаған. Құжаттарда бұл "аңшылық мақсатында қолданылатыны"
көрсетілген, алайда The Telegraph оларды әскери қаруларға пайдаланылуы мүмкін деп жазды.
2022 жылы Қытай Ресейге құны 18 млн доллар болатын балқытылған титан өнімдерін экспорттаған, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Жеңіл әрі ыстыққа төзімді титан қорытпалары әскери ұшақтар мен қаруларды өндірген кезде негізгі материал ретінде пайдаланылады.
Басылымның жазуынша, титан табақтар мен біліктері Қытайдан ресейлік "Старт" ғылыми-өндірістік кәсіпорнына тасымалданған. Бұл кәсіпорын зенит-ракеталық кешендерді жасаумен айналысады және "Ростех" мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді.
Қытайлық компаниялар сонымен бірге Ту-95 және Ту-160М тәрізді бомабалаушы ұшақтарды құрастыруға және жөндеуге көмектесетін "Туполев" компаниясына магний қорытпаларының партиясын жіберген. Аталған бомбалаушы ұшақтарды Ресей әскері қанатты зымырандарымен Украинаға аумағына соққы жасау кезінде пайдаланған.
Басылымның жазуынша, Қытай сонымен бірге Ресейге үшінші елдер арқылы да шикізат тасымалдаған болуы мүмкін. Ақпаратқа қарағанда, Пекин мен Мәскеу Иранмен аммоний перхлоратын (бұл баллистикалық ракеталарды қозғалтуға пайдаланылады) жеткізу мәселесі бойынша құпия келіссөз жүргізген. Егер мұндай келісім жасалса, ол ресми сауда реестрінен жасырылады.
Батыс ақпарат құралдары Қытай Ресейдің Украинамен соғысында бейтараптық танытанынын айтса да Мәскеуге әскери жабдықтар мен құрылғылар жеткізіп жатқанын бірнеше рет жазған. Қытай Ресейге әскери қолдау көрсеткенін жоққа шығарады.