Accessibility links

WP: Пентагон Киевке беретін қару-жарақ қорын толықтыру үшін қыстың түсуін күтіп отыр


АҚШ қорғаныс министрлігі Украинаға жөнелтілетін қару-жарақ қорын толықтыру үшін қыстың түсуін күтіп отыр. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген The Washington Post басылымы жазды.

Басылым дереккөзінің айтуынша, Пентагон соғыс қарқыны бәсеңдей ме деген үмітпен оқ-дәрі өндірісін арттыруды жоспарлап отыр. Дегенмен The Washington Post дереккөзінің айтуынша, Ресей армиясы да сол үзілісті пайдаланып, қаруларын толықтыруы мүмкін.

Кейінгі кезде Батыстың кейбір ақпарат құралдары украин армиясы шабуылының баяу жүріп жатқаны жөнінде жазған. Британдық Financial Times басылымы сарапшыларға сүйене отырып, АҚШ Киевті негізгі күштерін оңтүстікке бағыттап, сол жақтағы Ресей әскерінің бекінісін бұзып, Азов теңізіне шығуға үндегенін жазған.

Financial Times жазуынша, Украина шабуылды тиімді ету үшін Батыс елдерін алыс қашықтықтан соққы жасауға мүмкіндік беретін техника беруге үндеген. Алайда Америка шенеунігінің сөзінше, АҚШ украин армиясын қамтамасыз ететіндей қажетті тактикалық баллистикалық ракеталарын өндіре алмайды.

Ал Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Юрий Сак The Washington Post басылымына берген сұхбатында украин армиясында F-16 жойғыш ұшағы жоғын атап өткен. Сактың айтуынша, осының салдарынан қарулы күштер әрекет ету радиусын кеңейту мақсатында дрондарды пайдаланып жатыр.

Жуырда Вашингтон украин ұшқыштарын оқыту аяқталғаннан кейін Нидерланд пен Даниядан F-16 жойғыш ұшағын Украинаға жіберуді мақұлдағаны белгілі болды. Дегенмен Politico жазуынша, украин әскерін оқытуды қолдаған 11 мемлекеттің ешқайсысы әзірге бұл бағдарламаға ұшақ бөлмеген. Оқудың қашан басталатыны, қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба немістің Bild басылымына берген сұхбатында батыс басылымдарындағы сынға қатысты жауап берген. "Ешқашан да Украинаның мүмкіндігін төмен бағаламаңдар. Шыдамды болыңыздар. Жеңіс – бұл ауыр еңбек" деді Кулеба.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG