Accessibility links

Жоғарғы сот "саяси тұтқын" Ерұлан Әміровтің өтінішін қараудан бас тартты


"Саяси тұтқын" деп танылған Ерұлан Әміровтің жақтастары Жоғарғы сот ғимаратының алдында. Астана, 21 тамыз 2023 жыл.
"Саяси тұтқын" деп танылған Ерұлан Әміровтің жақтастары Жоғарғы сот ғимаратының алдында. Астана, 21 тамыз 2023 жыл.

21 тамызда Жоғарғы сот "терроризм" бабымен жеті жылға сотталған белсенді Ерұлан Әміровтің шағымын сот алқасының қарауына жіберуден бас тартты. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

"Сот актілерін қайта қарауға негіздердің болмауына байланысты адвокат Досқараевтың сотталған Әміровтің келтірген өтінішхаты кассациялық сот отырысының қаралуына беруден бас тартылды" деді судья.

Мұны естіген Әміровтің жақтастары "Масқара!" деп айқайлады. Жоғарғы сот қызметкерлері сот залын босатуды талап етті.

Әміровтің анасы Шәрипа Ниязбекова "әділ шешім күттім" деп жылады. Ол Конституциялық сотқа шағым жазатынын айтты.

7 тамызда белсендінің кассациялық шағымы бойынша алдын ала тыңдау өтті. Жоғарғы сот Әміровтің ісі бойынша адвокат пен қоғамдық қорғаушысы келтірген уәждерін тексеру үшін шағымды қарауды кейінге қалдырған. 21 тамыздағы сотта Әміровтің адвокаты пен қоғамдық қорғаушысы тағы сөйледі.

Жоғарғы сот Әміровтің жақтастарына сотқа ұялы телефон алып кіруге рұқсат бермеді. Олар сот кіреберісінде күзетшілермен дауласып қалды. Әміровтің жақтастары "мұндай талап Конституция мен қылмыстық іс жүргізу кодексіне қайшы" деді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья журналистерге видео түсіруге тыйым салып, аудио жазуға рұқсат етті.

Сот алқасы кеңесу бөлмесіне кеткенде Әміровтің жақтастары сот залында "Бостандық!" деп айқайлады. Күзетшілер белсенділерге "шуламаңдар, алып кетеміз" деп ескертті. Сот залының алдында арнайы жасақ тұрды.

Бұған дейін сот алқасы белсенді Әміровті қолдап келгендерге ескерту жасап, "плакат ұстап келу — сотқа қысым" деп айтқан. Судья белсенділерге келесі сот отырысына плакатсыз келуді, айғай-шу шығармауды ескертті.

Алайда белсенділер бүгін де плакат ұстап келді. Судья оларға тағы да ескерту жасап, "шара қолданамыз немесе залдан шығарамыз" деді.

2022 жылы 16 мамырда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Қылмыстық кодекстің "әлеуметтік алауыздық қоздыру", "Терроризмді насихаттау", "Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу" баптарымен белсенді Ерұлан Әміровті кінәлі деп танып, 7 жылға соттаған. Құқық қорғаушылар Әміровті "саяси тұтқын" деп таныған.

Былтыр 22 маусымда Шымкент қалалық соты Ерұлан Әміровті ақтау туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Белсендінің жақындары аппеляциялық сот қаулысына наразы болып, кассациялық шағым түсірген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Әміровті "саяси тұтқын" деп таныған. Ол әлеуметтік желіге жариялаған видеоларында Қазақстан билігін сынап, Қазақстанда тыйым салынған "Көше партиясының" (Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым дейді) наразылық шараларына қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG