Қарағанды облысы Нұра ауданындағы "Шұбаркөл көмір" компаниясының отызға жуық машинисі видеомәлімдеме жасап, жұмыс берушіге, кәсіподаққа және депутаттарға қайырылды. 21 тамызда жарияланған видеода жұмысшылар жалақыны өсіруді, ұжымдық келісімшартты қайта қарауды, Еңбек кодексін өзгертуді талап етеді.
Жұмысшылар бұған дейін де осы талаптарды қойып, нақты жауап ала алмағанын айтады. Вахтада жүрген жұмысшылар видеомәлімдемеде Еуразия тобының (ERG) басқарма бастысы Серік Шахажановқа, "Қазпрофметалл" ұйымының кәсіподақ басшысы Асылбек Нұралинге және депутаттарға қайырылады.
- Жүк көлігінің жүргізушісі тау-кен жұмысшыларынан көп алады. Біздің жалақымыз кемі солармен тең болуы керек деп ойлаймыз. Басшылық бізге не үшін жалақы аз екенін түсіндіре алмай отыр. Бізге ресми қағазды көрсетсін. Жұмысшылар ұжымдық келісімшартты да өзгертуді талап етеді, себебі бірнеше пунктіні алып тастады. Біздің зейнет жасымызды 63 жасқа көтеріп тастады, сондықтан вахталық ауыр жұмыс алдында тынығып алу үшін бізге лайықты еңбек демалысы үшін төлем берілсін. Еңбек кодексін өзгертіп, еңбекақыны жұмыс күндерімен емес, күнтізбелік күндермен есептесін, - дейді жұмысшылардың бірі Марат Алданғаров Азаттыққа.
Ал видеомәлімдемеде жұмысшылар "біздің денсаулығымызға келіп жатқан зиян үшін төленетін төлем қайда?" деп сұрайды.
"Шұбаркөл көмір" компаниясындағылар Азаттыққа видеомәлімдемені көргенін айтады. Компанияның мәліметінше, экскаватор машинистері жалақыны жүк көлігі жүргізушілерімен теңестіруді, тамаққа ақы төлеуді "сұрап", еңбек демалысы мәселесін көтерген. Компания Азаттыққа мәселе қарастырылатынын, машинистердің жалақысын жүк көлік жүргізушілердің еңбекақысымен теңестіру 2024 жылы 1 қаңтарға жоспарланғанын да айтты.
- Тамаққа ақы төлеу де қарастыралады. Еңбек демалысы туралы мәселе бойынша еңбек министрлігіне хат жолданады. Өндіріс орнындағы жағдай тұрақты, жұмыс тоқтаған жоқ, - деді компания.
"Шұбаркөл көмір" компаниясы Азаттыққа видеомәлімдеме авторларымен кездесу болып, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтқан. Алайда жұмысшылар кездесу болмағанын, талаптарына қатысты жауап алмағанын, кездесу 21 тамыз кешкі уақытқа жоспарланғанын жеткізді.
Көмір өндіретін "Шұбаркөл көмір" Еуразия тобының (ERG) құрамына кіреді.
ПІКІРЛЕР