Accessibility links

Алматыда әкім кездесуіне барған белсенділерді полиция ұстап әкетті. Іске адвокат араласып, белсенділер босап шықты


Аружан Дүйсебаева.
Аружан Дүйсебаева.

24 тамызда полиция Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге келген тіркелмеген "Демпартия" белсенділері Аружан Дүйсебаева мен Мейірхан Жолаевты ұстап әкетті. Бұл туралы журналист, азаматтық белсенді Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

"Демпартия" өкілдері Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуіне қатыспақ болған. Жиын Қалқаман-2 шағын ауданындағы №208 мектеп-гимназия ғимаратында өтеді деп хабарланған. Инга Иманбайдың айтуынша, полиция белсенділер көліктен түскенде күшпен ұстап, Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен.

"Бұған дейін Досаевтың Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінде Аружан Дүйсебаева әкім отставкасын талап еткен петиция туралы сұрақ қойып, "ондаған мың адам сіздің әкім болғаныңызды қаламайды" деді. Енді Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі алдында ұстап әкетті. Досаев сынды, пікірді, бетіне айтқан адамды көтере алмады. [Белсенділер] Досаевтың тапсырысымен қамауға алынды деп ойлаймын" деді Инга Иманбай Азаттыққа.

Аружан Дүйсебаева ішкі істер басқармасына алып бара жатқан көлік ішінде видео түсіріп, полиция ұстаған сәтте жарақат алғанын айтады.

Наурызбай ауданы полиция басқармасы белсенділер туралы Азаттыққа "ақпарат бере алмаймыз, әлі алып келген жоқ" деді. Ал Инга Иманбай белсенді Аружан Дүйсебаева мен оның адвокаты Жалғас Сапарханова полиция ғимараты ішінде екенін айтты.

26 шілдеде Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге келген жұрттың арасында белсенді Аружан Дүйсебаева әкімнің отставкаға кетуін талап еткен петиция туралы сұрақ қойды. Досаев сол кезде "әкім ретінде сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды шығар. Бірақ жұмысым туралы шешімді мені бұл қызметке тағайындаған мемлекет басшысы шығарады" деп жауап берген. Әкімнің отставкаға кетуін талап ететіндер Досаев келгелі қалада заңсыз құрылыс көбейгенін, жөндеуді қажет етпейтін жолдар қайта күреліп жатқанын айтты.

13 шілдеде әкімге сұрақ қоюға талпынған Азаттық тілшісі де кедергіге тап болған. Алматыда Александр Невский ескерткішін ашуға келген Ерболат Досаевқа Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжан сұрақ қоймақ болған кезде журналисті бір топ ер азамат құрсауға алып, күштеп ұстап тұрған. Олар журналисті әкім көлігіне отырып кеткенде ғана босатқан.

"Досаев, кет!" Алматы әкімінің отставкасын талап ететіндер көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:03 0:00

Қаңтар оқиғасынан кейін Ерболат Досаев 2022 жылы 31 қаңтарда Алматы әкімі болып тағайындалған. Оған дейін Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарды.

Ерболат Досаев түрлі жылдары қаржы, денсаулық сақтау, экономика министрлігін басқарды. 2017 жылдың тамыз айынан бері бір жарым жыл премьер-министрдің орынбасары болды. 2016 жылы ұлттық экономика министрі болып тұрған кезде Досаев ауыл шаруашылық мақсатындағы 17 мың шаршы шақырым жерді аукционға шығарып, шетелдіктерге жерді 25 жылға дейін жалға беруді жоспарлаған. Жер реформасының соңы жаппай Жер митингілеріне ұласты.

2014 жылы Forbes журналы Досаевты Қазақстандағы ең ауқатты 50 адамның қатарына кіргізіп, байлығын 110 млн доллар деп бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG