Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) тобы Қазақстан билігін елде интернетті бұғаттау мен баяулатуға мүмкіндік беретін заңнаманы алып тастауға шақырды. 24 тамызда шыққан мәлімдеме мен петицияда қазақстандық және халықаралық сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар тобы 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде биліктің төтенше жағдай режимін жариялап, интернетті өшіргенін айтқан.
Олардың айтуынша, Қазақстанда болған алғашқы толыққанды интернет-шатдаун заң тұрғысынан тиісті түрде бағаланбады. Мәлімдеме авторлары 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде интернет болмағандықтан, оның салдары қайғылы жағдайға әкелді, адамдар ақпараттан мақұрым қалып, оларға қауіп төнді дейді.
"Сол күндері интернетке қосылу мүмкін болмады, салдарынан көп адам қаза болғаны анық, еш ақпаратсыз қалаға шыққандар оққа ұшты. Петиция бастамашылары қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеуге шақырады" делінген Shutdown.kz сайтындағы мәлімдемеде.
Интернетті өшіруді жақтаушылардың айтатын бір аргументі — жалған ақпарат таратуды болдырмау. "Алайда интернеттің өшуі азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жалған ақпарат таратуға жол бермейді дегенге ешқандай дәлел жоқ" дейді авторлар.
Ұйымдар мен сарапшылар "Деректерді беру желілерінің статикалық мекенжайларының тізілімі" (ДБЖСМТ) жасалғанын сынға алды.
Үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар тобы интернетті бұғаттау мәселесі бойынша соттарға жүгінбек. Олар тілек білдірушілерді Қазақстан президентіне, премьер-министріне, парламент мәжілісі мен сенат төрағаларына, Конституциялық сот басшысына жолданған петицияға қол қоюға шақырды.
Интернетті бұғаттауға қарсы науқан бастамашылары — "MediaNet Халықаралық журналистика орталығы", "Құқықтық медиа орталығы", "Азаматтық сараптама", "Еркіндік қанаты", Eurasian Digital Foundation, Digital Paradigm қорлары және Internet Freedom Qazaqstan тәуелсіз құқық қорғау тобы.
Былтыр Қазақстанда кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде елде бірнеше күн интернет өшірілген. Азаматтардың тәуелсіз ақпарат алу мүмкіндігі шектелген.
Freedom House халықаралық ұйымының әлем елдерінің интернет еркіндігіне баға берген 2022 жылғы есебінде Қазақстан "интернеті еркін емес" мемлекеттер қатарында қалды. "2022 жылы қаңтарда билік тәуелсіз жаңалық сайттарын жапты, оның алдында интернет толық өшіріліп, арасында ішінара бір істеп, бір өшті. Билік төтенше жағдай жариялаған шақта билікпен байланысты бірнеше ақпарат агенттіктері ғана ақпарат таратты" деп жазылған ұйым есебінде.
АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Қазақстанда былтыр билік я билік атынан әрекет ететіндер адам өлтіру, азаптау, түрмеде адамдарды қиын жағдайда ұстау, заңсыз қамау, саяси тұтқындау, басқа елдегі қысымнан қашқан адамдарды қудалау, сот жүйесіндегі проблемалар, сөз бостандығы мен БАҚ жұмысын шектеу, журналистерді қудалау, интернетті шектеу, бейбіт митинг өткізуге кедергі келтіру, адамдардың саяси өмірге араласуына бөгет болу, биліктегі жемқорлық, кәсіподақ жұмысына тосқауыл қою, балалар еңбегін қанау сияқты адам құқығын бұзатын жайттар болғаны айтылады.
ПІКІРЛЕР