Мәскеудің солтүстігінде ішінде "Вагнер" әскери тобының басшысы болды делінген Embraer жолаушылар ұшағы қалай құлағаны әлі зерттеліп жатыр. Бірақ бұл ашылмай қалған, саяси салдары үлкен жалғыз әуе апаты емес. Азаттық Ресейдегі толық ашылмай қалған әуе апаттарын шолып шықты.
23 тамызда Мәскеудің Шереметьево әуежайынан Санкт-Петербургке ұшқан The Embraer Legacy 600 жолаушылар ұшағы 18:11-де радардан жоғалып кеткен. Құтқарушылар бірнеше сағаттан кейін Мәскеудің солтүстігіндегі Тверь қаласының маңынан ұшақ бөлшектерін тапқан.
Ресейлік шенеуніктердің сөзінше, борттағы 10 адам түгел қаза тапқан. Жолаушылар тізімінде Путинге ең үлкен қарсылық көрсеткен, "Вагнер" тобының негізін қалаушы Евгений Пригожиннің аты жазылған.
"Путиннің бас аспазы" деп танылған Пригожиннің жақтастары мен ақпарат құралдары оны әуе апатынан қаза тапты деп жазып жатыр. Бірақ Ресей билігі әзірге бұл мәлімдемелерді растаған жоқ.
Ақпарат расталса, бұл Ресейде жұмбақ жағдайда құлап, саяси салдармен аяқталған кезекті әуе апаты болады.
Азаттық Пригожин ұшағы мен Ресейде болған басқа да жұмбақ әуе апаттарын шолып шықты.
Ұшақтарды тіркеу жазбасына сәйкес, RA-02795 борттық нөмірлі Embraer ұшағы Пригожинге тиесілі екені бәріне белгілі. Ресейдің авиациялық билігі жолаушылар манифестін жариялады. Онда жеті жолаушы мен үш экипаж мүшесі көрсетілген. Тізімде Пригожин мен оның жақын серігі, Ресей барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Дмитрий Уткиннің де аты-жөні бар. "Вагнер" тобына Уткиннің лақап аты берілген. 24 тамыздағы дерек бойынша, Вагнердің серігінің де қазасы расталмады.
Алғашқы деректер бойынша, ұшақты Ресейдің зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі атып түсірген. Әлеуметтік желіде жарияланған, расталмаған видеода аспанға көтерілген ұшақтың артында будақтаған түтін шығып жатқаны көрінеді.
24 тамызда Ресейдің арнаулы қызметімен байланысты телеграм арна тергеушілер "ұшаққа жарылғыш зат қойылған жоқ па?" деген нұсқаны тексеріп жатқанын жазды.
Кремльдің, Ресей қорғаныс министрлігі мен барлау қызметіндегі шенеуніктердің Пригожиннің көзін құртуға себебі көп еді.
Пригожин ресейлік командирлердің соғыс жүргізу әдісін сынап, қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб генералы Валерий Герасимовқа тіл тигізген.
Осыдан екі ай бұрын 23 маусымда Пригожин "бүлік" шығарды. Орталық барлау қызметінің директоры "Владимир Путиннің 23 жылдық билігі кезінде болған Ресей мемлекетіне қарсы ең үлкен шабуыл" деп бағалаған саяси оқиға Ресей қоғамын дүр сілкіндірді.
Путин "бүлікшілерді" сатқындар деп атады, бірақ Пригожин мен оның жақтастарын жазалап не қудалаған жоқ. Ең үлкен жазаға Пригожиннің одақтасы, бүліктен хабары болды делінген генерал Сергей Суровикин кесілді. Осы аптада ол Ресейдің әуе-ғарыш күштерін басқарудан шеттетілді.
ПУТИННІҢ ЫҚТИМАЛ ҚАРСЫЛАСЫ
Александр Лебедь 1991 жылғы мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс кезінде әуе-десант күштерінің генералы ретінде көзге түсті. Ол әскерін Борис Ельцин бастаған қарсылықты басуға жұмсаудан бас тартты. 1992 жылы 14-әскермен Молдовадағы азаматтық соғысты тоқтатқаннан кейін тіпті танымал болып кетті.
1996 жылы Лебедь президент сайлауына түсіп, Борис Ельцин мен Коммунистік партия басшысы Геннадий Зюгановтан кейін үшінші орын алды. Кейін Ельцинді қолдады. Ал Ельцин одан кейін Лебедьті Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындады.
1996 жылы тамызда Лебедь Бірінші Шешен соғысын тоқтату үшін Шешенстанның өзін-өзі жариялаған президенті Аслан Масхадовпен келіссөз жүргізді. Бірақ соғысты қолдайтын тұлғалар бұл келісімді масқара капитуляция деп қабылдады. Лебедь Ельциннің кеңесшілерімен келісе алмай, сол жылы қазанда қызметінен кетті.
Екі жылдан кейін Александр табиғи ресурстарға бай Краснояр өңірінің губернаторы болды. Сол кезде Лебедь 2000-жылғы президент сайлауына қатысады деген сыбыс тарады. Бірақ бұл қауесет расталмады, сайлауда Владимир Путин жеңіске жетті.
2002 жылы сәуірде Лебедь Краснояр өңірінің оңтүстігіндегі жаңа тау-шаңғы курортының ашылуына бара жатты. Ол мінген Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Бортта жолаушылар мен экипаж мүшелерін қосқанда 16 адам болған. Сегіз кісі қаза тапты, олардың арасында ауруханаға жетпей көз жұмған Лебедь те бар.
Билік өкілдері тікұшақ тұманда жолды көрмей, электр сымдарына оралып құлаған деп, бар кінәні экипаж мүшелеріне арта салды.
Бірақ Лебедьтің серіктері, оның ішінде Ресей парламентінің бір мүшесі апат қолдан ұйымдастырылған деді. Расталмаған дерек бойынша, тікұшаққа жарылғыш зат қойылған.
Лебедьтің қазасы өзі жылдар бойы құрған ұлттық әскері мен Ресейдің әскери, барлау органдарындағы дос-таныстарына ауыр тиді. Кей журналистер мен саясаткерлер Лебедь Путинге салмақты қарсылас болар еді деп топшылады. Краснояр өңіріндегі алюминий және никель кен орындарына қызығып жүрген тұлғалар да Лебедьті жақтырмайтын.
ПОЛЬШАНЫҢ "ЖАЗЫЛМАҒАН ЖАРАСЫ"
1940 жылы Смоленск түбіндегі Катын орманында мыңдаған поляк офицерлері мен элита өкілдері өлтірілді. Бұл Варшава мен Мәскеу қарым-қатынасын талай жылға ауырлатты.
1980-90 жылдары советтік және ресейлік тарихшылар бұл қылмысты нацистік жауынгерлер емес, СССР-дің құпия полициясы жасағанын дәлелдеді. Бұл екі елдің арасын сәл жылытқандай болды. 2010 жылы 10 сәуірде Польшаның әскери әуе күштерінің ұшағы Варшавадан Смоленскіге ұшты. Польша үкіметінің мүшелері мен олардың туыстары Катын орманындағы оқиғаның 70-жылдығына орай Ресейге бара жатқан.
Бірақ Туполев ұшағы қалың тұманға байланысты Смоленск әуежайына жақын жерге құлады. Борттағы 96 адам түгел қаза тапты. Құрбандар қатарында Польша президенті Лех Качинський, Бас штаб басшысы, әскери шенеуніктер, депутаттар мен дінбасылар болған.
Бұл Польшаға ауыр тиді, 1940-жылғы оқиға қайталанғандай болды.
Не Польшаның, не Ресейдің тергеушілері ұшақтан техникалық ақау таба алмады. Апатқа ұшқыш немесе басқа әуежайға қонуға қарсы болған әскерилер кінәлі болуы мүмкін. Польша үкіметі ресми сапарларға жауапты поляк әскери одағын кінәлады. Уақыт өте келе Ресей мен Польшаның нұсқасы екіге жарыла бастады: кей поляктар апат қолдан ұйымдастырылған, ұшаққа жарылғыш зат қойылған немесе ресейлік әуе диспетчерлері дұрыс жол көрсетпеген деп есептейді.
Ресей ұшақтың қара жәшігін беруден бас тартты. Польшадағы билеуші "Заң және әділдік" партиясының кей өкілдері апат қасақана ұйымдастырылған деп, бұған поляк саясаткері Доналд Тусктың жанама қатысы бар деп күдіктенді. 2023 жылы сәуірде Лех Качиньскийдің сыңары, Польшаның ықпалды саясаткері Ярослав Качиньский апатқа Ресейді кінәлады.
ЖУРНАЛИСТІҢ ҚАЗАСЫ
1980-жылдардың соңында Совет Одағының басшысы Михаил Горбачевтің ашықтық бағдарламасы аясында тәуелсіз журналистер әртүрлі зерттеулермен айналыса бастады. Алғашқы зерттеуші журналистердің бірі Артем Боровик Совет Одағы басып кірген Ауғанстаннан эксклюзивті репортаждар жасады.
СССР тарағаннан кейін ол "Совершенно секретно" деген газет ашып, ресейлік элитаның жемқорлығын зерттеді. Боровик Бірінші шешен соғысын сынап, Екінші шешен соғысының басталуына алғышарт қалыптастырған жарылыстарға күмән келтірген. 1999 жылы Ресейдегі тұрғын үйлерде ұйымдастырылған жарылыстар болды.
Билік бұл жарылыстары шешен терроршылары ұйымдастырды деді. Бірақ тәуелсіз журналистер жарылыстың артында ресейлік арнаулы қызмет өкілдері тұруы мүмкін деген дәлелдер ұсынды. Бұл жарылыс Ресейдің Шешенстанға басып кіруін ақтап, Владимир Путиннің президент болуына жол ашты.
2000 жылы Боровик Путиннің анасы Санкт-Петербургте тұрған орыс әйел емес, грузин ауылынан шыққан кедей келіншек болған деген қауесетті зерттеді. 9 наурызда журналист шешен кәсіпкермен бірге осы зерттеуге материал жинау үшін Киевке ұшуы керек еді. Баспасөз дерегінше, 9 жолаушы мінген Як-40 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін бірнеше секундтан соң 50 метр биіктіктен құлаған.
Ресей билігі кінәні ұшқышқа артып, ұшар алдын ұшақтың қанаты мұзға қарсы өңдеуден өтпеген деп түсіндірді. Әлдекім жолаушылар қатарында болған, сепаратистерді қаржыландыратын шешен кәсіпкерді өлтірмек болған деген болжамдар айтылды. Боровиктің әріптестері журналиске көп қоқан-лоқы көрсетілгенін, ол Путиннің анасы туралы материалын аяқтауға жақын қалғанын айтты.
Басқа журналистер мен тарихшылар Боровиктің қазасын Путин туралы зерттеулермен байланыстырды. 2000 жылдың 26 наурызына белгіленген президент сайлауының қарсаңында журналист Путин туралы мақалалар жарияламақ болған.
Путин басымдықпен жеңіске жетті.
ПІКІРЛЕР