Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөлімде жаппай ауырған жауынгер саны 49 адамға жеткен. Бұл хабарды Қазақстан ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік басшылығына сүйеніп ақпарат агенттіктері таратты.
Сейсенбі, 29 тамыздағы түске дейінгі жағдай бойынша, 23 тамыздан бері міндетті әскери борышын өтеп жүрген кемінде 49 адам "жіті респираторлық инфекция" деген алдын ала диагнозбен ауруханаға жатқызылған. Бесеуі менингококк инфекциясын, төрт адам энтеровирус инфекцисын жұқтырғаны анықталған. Тексеру қорытындысы олардың COVID-19 инфекциясынан аман екенін көрсеткен.
Аурухана қызметкерлерінің сөзінше, сарбаздардың қызуы көтеріліп, басы ауырған, қалтырап-дірілдеген. Бір науқас әуелі денесі тырысып, кейін жүрегі тоқтап қалып, клиникалық өлімді бастан өткерген.
"Реанимациялық шаралар сәтті болып, қазір науқас қарқынды терапия бөлімінде жатыр, ақыл-есін біледі" деп хабарлады аурухана басшысы Сәкен Қалымжанов. Оның сөзінше, әлгі сарбаз жақында қызылшамен ауырған. Сондықтан оның иммунитеті әлсіреген болуы мүмкін деп түсіндірді дәрігер.
Қалымжанов кейінгі кезде ауруханаға күніне 6-10 сарбаз түскенін айтты. "Дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген, бірақ қазір едәуір тұрақталды" деді ол.
Дәрігерлер әскери бөлім сарбаздарының жаппай ауруын маусымдық инфекция болуы мүмкін, бәрі қазармада тұрып жатқандықтан ауру жылдам жұққан тәрізді деп топшылайды.
Ұлттық гвардия ауру шыққан әскери бөлімде емдеу-профилактика шаралары атқарылғанын, қазіргі кезде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР