Accessibility links

"Қытайда мені өлім күтіп тұр". Польшадан босқын мәртебесін ала алмаған қазақтың хикаясы


Украинадан Словакияға қашып, шекарашылар қолына түскен Ерсін Еркінұлы қамауда. Луцк қаласы, Украина. 2021 жылдың қазаны.
Украинадан Словакияға қашып, шекарашылар қолына түскен Ерсін Еркінұлы қамауда. Луцк қаласы, Украина. 2021 жылдың қазаны.

"Балам, ертең алыс жол жүресің, үйден ас ішіп аттан. Енді кезігеміз бе… Кезіксек, қашан?.. Әкең екеуіміз жұмыс арасында, түске қарай үйге келіп кетеміз, қайткенде де бізді тосқаның абзал".

Төрт жыл бұрын Қытайдан асығыс шығып, қашып-пысып Польшаға жеткен Ерсін Еркінұлы босқындар лагерінде жатып анасының соңғы айтқан сөзін есіне түсіреді. Қазір дауысын естіп, жүзін көруге зар болып отырған анасының сол кездегі осы "тос" деген өтінішін орындамағаны жанына батады. Бірақ өкінбейді.

Ол сонда Қытайдан безіп кеткен. Аңсатқан "атажұрты" - Қазақстанда да тұрақтап қалмады. Еуропа елдерінің шекараларын заңсыз кесіп өтіп, құжатсыз қаңғыды. Сансыз сұрақтар мазалағанда өткен жолына көз жүгіртіп, шытырман кино көргендей әсерде болады. "Адам айтса нанғысыз, бірақ соның бәрі шын" дейді өзі.

Польша астанасындағы босқындар орналасқан ашық ғимаратта байланыс нашар. Пана іздегендер телефонмен аулаға шығып сөйлеседі. Құқық қорғау ұйымдары, демократия орнаған елдердің елшіліктері, журналистер және басқа да көмегі тиеді-ау дегеннің бәріне қоңырау соғып, сағаттап сыртта тұрады. Жауынды күні бүрсеңдеп, телефонға құлақ тосқандарға өткіншілер аяй қарайды.

ҚЫТАЙ ҚЫСЫМЫНАН ҚАШУ

"Ауылдық комитет өкілдері көрші үйге түнгі сағат үштен кете келіпті. Олардың сол уақытта тамақ ішіп отырғандарын түртіп алып кетіпті" дегенді естіген Ерсін қайран қалған.

Ертеңінде "тексерушілер тағы сол үйге барыпты, үй ішіндегілердің түскі ас мезгілінде неге тамақ ішпей отырғанын сұрапты" деген сөз құлағына жетіп, секем алып қалды.

Басына "Ораза ұстауға да болмай ма?" деген ой келген. Бұл 2017 жылы болатын.

Ерсін Еркінұлы.
Ерсін Еркінұлы.

–Рас, Қытайда адамға шектеу қойыла бастады. Әке-шешемді сұраққа алғанда оған көзім жетті, – деді Ерсін Еркінұлы.

Оның айтуына қарағанда, "үкімет адамдары" әке-шешесіне "некелеріңді мұсылманша қидыңдар ма?", "балаларың намаз оқи ма?" деген секілді сұрақтар қойған. Ерсіннің барып келген жерлері туралы да сұраған.

2018 жылы аз ұлттарға ашық қысым көрсетіле бастайды. Күмәнді санағандарын немесе шетелден келгендерді "үйрету лагеріне" апарып, қытай тілін оқытқан, күніне бірнеше мәрте партия саясаты жөнінде "насихат видео" көрсеткен.

– Шыңжаңның Нылқы ауданында тұратын едім. Құлжа қаласына бармақ болғанымда ұзақ тексерді. ID-картамды алмай шыққан едім, ауылдық комитетке хабарласып, сонда тұратыным анық болған соң ғана жіберді. Не себеппен бара жатқанымды сұрады. Барған жерімнен сурет, видео жолдап беріп тұрдым. Жалпы мұндай нәрсе үрдіске айналды. Жақын жердегі сапардан оралсақ, бір апта, ұзақ жерге барып келсек, бір айдай қадағалауда жүрдік. Көрген-білгеніміздің бәрін айтатын болдық, – деді Ерсін.

Оның айналасындағы адамдарды "үйрету лагеріне" көптеп алып кете бастады. Діни білімі "таяз" екенін айтса да, өзіне қатысты тексеру күшейді.

Шектеулерден қажыған ол Қазақстанға кетуге бекінеді. Атажұртқа кету жөніндегі бұрыннан ішінде жүрген арманын жедел іске асыруға құлшынады. Қолына Үрімжіден Қазақстанның үш жылдық визасы келіп тиеді.

– Бұл әрекетім күдікті көрінген болса керек, "Неге барасың?" деп тағы да тергей түсті. Үш ай ішінде қайтып келемін, "үйренуге" өз бетіммен барамын деп жалған уәде беріп, шығып кеттім, – деді Ерсін.

Әке-шешесі Ерсінді қимай, әрең көнеді. Ерсін олармен қоштасу ауыр болар деп ойлайды, бір жағы Қазақстанға жылдам өтіп алуға да асығады.

Түсте жұмыстан келетін әке-шешесіне қарамай, таңертең ұйқыдан тұрған соң Қорғас бекетін бетке алып, жолға шығып кетеді.

– Миымда не бар, партия саясатына қалай қараймын? Қытай мемлекеті соның бәрін біліп, ішіме кіріп алғысы келді, – деген Ерсін Еркінұлы "Компартиядан қашып", еркіндік іздегенін айтады.

АҢСАТҚАН АТАЖҰРТТАН ТҮҢІЛУ

– Алматы облысындағы Сарқан деген жерге барғанда таныстарым телефонға жауап бермеді. Хостелге орналастым. Хостел қожайыны ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) Қытайдан келген мен туралы айтып қойыпты. Сол күні-ақ ҰҚК қызметкерлері келді.

Ерсін Қазақстандағы бірінші күнін осылай еске алады. Ол Қазақстанға келгенде де "аңдудан құтылмадым" дейді.

Ерсін Еркінұлы Алматы әуежайында тұр.
Ерсін Еркінұлы Алматы әуежайында тұр.

– Оларға (Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне - ред.) бір сағат Шыңжаң саясатын айтумен болдым. Жағдай қиын дедім. Олар менен ажырамай, күнде хабарласып тұрды. "Қайда тұрсың, қайда барасың, тағы сөйлесуіміз керек" деп айтады. "Ой, ағалар, айтарымды айттым ғой. Неге хабарласа бересіздер?" деймін. Олар басқа бір адамдар арқылы шақыруға тырысты. Тіпті Талдықорған көші-қон мекемесінің бір қызметкері де "осы жерге келіп кетші" деп қоңырау шалған. Сарқандағы Қытайдан келген адамдар мені үйлеріне қабылдаудан қашты. Сосын Талдықорғанға кеттім. Қытайдан келген тағы бір танысымдікінде болдым. Бірақ әртүрлі адамдар телефон шала берді. Шошып кеттім, – деді Ерсін.

Ол осыдан кейін Қазақстан Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым көрсету саясатын қолдайды деген ой түйгенін айтады. Кейбір қандастарға босқын мәртебесін бермеуі "осы ойыма дәлел болды" дейді.

– Толассыз қысымға байланысты жарты жыл уақыт өткенде Қазақстаннан кетуге бекіндім. Адам құқығын құрметтейтін, Қытайдағы саны аз ұлттарға жаны ашитын елдерге кеткім келді.

СОҒЫСТЫҢ "ПАЙДАСЫ"

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға басып кіргенде Ерсін Украинада болатын. Әлеуметтік желі бетін жарылған бомба, қиранды үйлердің видеосы жаулап алғанда, Ерсін сол оқиғаның ішінде жүріп, бәрін басынан кешіріп жатқан.

Бірақ бұл соғыс кейін өзіне Польшаға жетуге "мүмкіндік" ашып тұрғанын білген жоқ.

Ерсін Қазақстаннан кетуді ойлағанда "Алматы – Стамбул – Париж – Тунис" бағытына билет сатып алады. Сонда жолай Парижде түсіп қаламын да, босқын мәртебесін сұраймын деп ойлайды.

Бірақ ол Стамбулдан ары өте алмаған. Кеден қызметкерлері бәрібір ұстап қалады.

Осы сәттен Ерсіннің Еуропа елдерін заңды-заңсыз шарлауы басталды. Түркиядан Сербияға, сосын Украинаға ұшып жетеді. Бұл мемлекеттерде де Шенген аймағы елдеріне баруға талпынады. Шенген визасы жоқтығы тағы қолбайлау болады. Бірнеше билеті күйіп кетеді.

Ерсін Еркінұлы Киевте.
Ерсін Еркінұлы Киевте.

– Осылай ұшып-қонып жүргенде ақшаны қайдан алып жатыр деп ойлайтын шығарсыз. Украинада ұсталып қалғанымда шекарашылар да осы сұрақты қойған. Маған ата-анам көмектесіп отырды. Ойламаған жерден Сербияда хостелде танысқан жаңазеландиялық сапарласым – 50 доллар, кейін оның танысы 100 доллар ақша беріп кетті. Тегінде ағылшынтілді адамдар қайырымды болады екен. Менің Қытайдан қашып жүргенімді түсінді. Әлеуметтік желі арқылы мені сырттай бақылап, жанашыр болып жүрген ағайын да көмектесті. Шекарашыларға да осының бәрін айтқанмын.

Ерсін Украинада қалу үшін Түркияға билет алуға мәжбүр болады. Сол күні әуежайда қонған ол таңертең паспортын таппай қалады.

– Украина шекарашылары "елде қалмайсың, тұруға рұқсатың жоқ, тек басқа елге билет алсаң ғана әуежайдан ішке өтесің" деді. Қайта шығып кетуім керегін де шегелеп айтты. Басқа амал жоқ, Түркияға билет алдым. Кенет, шынымен шаршап кеткендіктен ғой, Түркияға қайтсам қайтып-ақ кетейін дедім де әуежайда түней кеттім. Бірақ ойламаған жерде паспортымды жоғалтып алып, қатты қапаландым. Әуежай қызметкерлеріне хабарлатқыздым. Тәртіп сақшыларына айттым. Өзімнің де іздемеген жерім қалмады. Алашапқын болдым. Ұшты-күйлі жоқ. Қырсыққанда, билетім де текке кетті, – деді Ерсін қатты абыржығанын айтып.

"Далада қалды деген осы болды" дейді ол құжатын жоғалтқанын еске алып.

Ерсін осылай Украинада қалып қояды. Енді оның Шенген аймағындағы демократиялық елдерге жететін бір ғана мүмкіндігі бар еді, бұл – шекараларды заңсыз кесіп өту. Сәті түссе Польшаға, сосын Германияға кетпек болады.

– Украинаның Польшамен және Словакиямен шекарасында адам аз. Ауылды жерлер сирек ұшырасады. Мен түн жамылып қашамын ғой. Ал түнде қасқыр, түлкі өріп жүреді екен. Адамнан да, жолдағы мәшинелерден де қорықпайды. Қараңғы уақытта жалғыз жүргендіктен шошыдым. Қосыла кететіндей өзге адам көрмедім. Кейін 50 долларға такси жалдап, шекараға бір шақырым жерге таядым. Бірақ шекарашылар ұстап алды, – деді Ерсін.

Украина соты Ерсінді Қытайға депортациялау жөнінде шешім шығарады. Жолға билет алып бермек болып, уақытша ұстау изоляторына қамайды.

– Изоляторда әр күнде екі сағат телефонмен сөйлесуге мүмкіндік береді екен. "Қытайға депортациялағалы жатыр, ол жақтан бір жылда өлігім шығады" деп Қазақстандағы "Атажұрт" ұйымының еріктілеріне хабарластым. Одан ары Америка, Батыс елдеріндегі ұйымдар жағдайымды естіпті. Жан-жақтан көмек қолын созғандықтан, Украина мені депортациялай алмады, – деді Ерсін.

Ерсін Еркінұлы украиналық құқыққорғаушылардың ортасында. Словакияға қашқаннан кейін ұсталып, босатылған сәті. 1 қараша 2021 жыл.
Ерсін Еркінұлы украиналық құқыққорғаушылардың ортасында. Словакияға қашқаннан кейін ұсталып, босатылған сәті. 1 қараша 2021 жыл.

Ол осылай "бір ажалдан қалғанын" айтады. Бірақ оның шым-шытырық сапары мұнымен таусылған жоқ. Әлі де сапар күтіп тұрған еді.

УКРАИНДАРМЕН БІРГЕ СОҒЫСТАН ҚАШУ

Дәмханада бірінің үстіне бірі ретсіз қойылған кір тәрелке көп. Краннан таза су сарылдап ағып тұр. Бір жігіт ыдыс-аяқты шапшаң жуып-тазалап жатыр.

Арасында камераға қарап, "Қайда жүрсек те, далада қалмасақ болды. Қандай жұмыс істесек те, аман болсақ болды" дейді.

Бұл – Ерсін. Италияда дәмханада жұмыс істеген кезі. Испания мен Германияда да осындай жұмыс істеген. Смартфоннан сол кездерде түскен видеоларын көріп, көңілі босап тұр.

Италия туының алдында суретке түскен Ерсін Еркінұлы. Сан-Ремо қаласы Италия. 2022 жылдың қыркүйегі.
Италия туының алдында суретке түскен Ерсін Еркінұлы. Сан-Ремо қаласы Италия. 2022 жылдың қыркүйегі.

Ол 2022 жылдың қысында оқ пен оттың ортасында босқан Украина халқымен бірге Польшаға өтіп алған. Аласапыран уақытты пайдаланып, Германияға да кіріп кеткен.

– Соғыстан қашқан елді шекарада тексермеді, тек автобусқа билетіміз болғанын қадағалады, – дейді.

Ерсін көптен армандаған Германиясы енді босқын мәртебесін берсе, ешкімнен "қысылып-қымтырылмайтын" еркін күн туады деп арман етеді. "Аз қалды, әлі-ақ бөркімді аспанға атармын" деп ойлайды.

– Еуроодақ елдерінің бір заңы бар. Қай елде бірінші тіркелсең, босқындық мәртебеңді беру-бермеуді сол ел шешеді. Мен алғаш Польшада өтініш беріп, саусақ іздерін қалдырғанмын. Ол жерде Өзбекстан, Шешенстан және Африка едерінен келген адамдар жеті-сегіз жыл бойы жауап тосып жатқанын әрі кейібреуін еліне қайтарғанын көріп, үмітімді үздім. Солайша Германияға келіп, бұл жақтан да босқын мәртебесін сұрадым. Олар әлгі заңды көлденең тартты. Польшаға қоя беретін болғандықтан дереу басқа елдерге өтіп кеттім. Атап айтқанда, Италия, Испания, Португалия, Францияға барып, асханаларда ыдыс-аяқ жуып, көкөніс тазалап, күніне 30-50 долларға жалдандым. Бұл елдерде босқын көп болғандықтан ба, қара жұмысшыларды полиция тексере қоймайды екен. Осылай бір елден екінші елге оңай өтіп жүріп, Германияға қайтып келдім. "Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады" деген рас екен, халықаралық автобуста отырғанымда тексеру кіре қалды. Құжаты жоқ мені "заңсыз шекарадан өткен" деген айыппен ұстап, алды да кетті.

Германия Ерсіннің босқын мәртебесін беру туралы өтінішіне "Польша қарайды" деп жауап беріп, шекарадан шығарып салады. Ол Польшадан тағы бір мәрте қашып шығып, Швецияның Мальме қаласында қолға түсіп, Польшаға қайтып оралады.

"ӨЗ ЕРКІМЕН ҚЫТАЙҒА ҚАЙТУҒА КЕЛІСКЕН"

Ерсіннің құжатсыз қаңғып, сергелдеңге түскен сапары осы жеріне келген. Қазір ол Польша астанасы Варшавада босқындарға арналған ашық лагерьде тұрады. Қайта-қайта шекара бұза бергендіктен алты ай қамалып шыққан беті осы.

Мемлекет уақтылы тамақ береді. Бірақ бойына "ас батпайды". Себебі Польша сотының оны "Қытайға қайтару" жөніндегі шешімі күшінде тұр.

"Шетел азаматына либерал шара қолдану мүмкін емес. Оның Польшада тұратын жері және жеткілікті қаражаты жоқ" деп жазылған Польша сотының Ерсінге шығарған үкімінде.

Сонымен бірге үкімде оның "тағы да шетелге қашып кету ықтималдығы жоғары" екені, бұған дейін Германия, Швеция және Голландиядан баспана сұрағаны да жазылған. Осының бәрі оны еліне қайтаруға себеп болып отырғаны көрсетілген.

Швецияның Мальмо қаласында ұсталып, Польшаға қайтарылған Ерсін Еркінұлы ұшақта отыр. 17 қаңтар 2023 жыл.
Швецияның Мальмо қаласында ұсталып, Польшаға қайтарылған Ерсін Еркінұлы ұшақта отыр. 17 қаңтар 2023 жыл.

Сот үкімінде Ерсіннің "өз еркімен Қытайға қайтуға келіскені" де жазылған.

Польша мемлекеті Ерсіннің "Қытайдан саяси көзқарасы үшін қашқаны сенімсіз, ол Интернетте ашық көзқарасын білдірмеген" деп санайды. Көші-қон мекемесінің оған босқын мәртебесін беруден бас тарту жөніндегі жауабында солай жазылған.

– Мені биыл 9 ақпанда қамағаннан 7 тамызда босатты. 14 күнде босқын мәртебесін беруден бас тартқан көші-қон мекемесінің шешіміне шағым беруге мүмкіндік берді. Шағымды бердім. Соңғы үмітім – осы. Егер тағы қабылдамаса, онда мені осы соңғы жолы қамаған 9 ақпандағы сот шешімі негізінде Қытайға қайтармақшы. – деді Ерсін.

Ерсін Қытайға қайтқысы келмейді. "Онда мені өлім күтіп тұр" дейді.

Ол Польшада "адам құқығы қорғалмайды", "өтінішімді қабылдамауға түрлі себеп ойлап тауып жатыр, Шыңжаңға қайтып барған аз ұлт өкілдері лагерьге қамалғаны өтірік емес" дейді.

Сонымен бірге "ешқашан Қытайға еркіммен қайтамын" деп айтпаған. Бұл сөз сот үкімінде қайдан пайда болғанын білмейді.

Ерсін алда не боларын болжай алмайды. Халықаралық ұйымдардан үміт күтетінін айтады.

Ол күн сайын сағаттап телефонмен сөйлессе де, әке-шешісімен 2021 жылдан бері хабарласпаған. Олар "саяси үйрену лагеріне" барды ма, жоқ па, білмейді. Өзінің шетелде баспана іздеп жүргенін Қытай мемлекеті біледі, сондықтан туыстарымен қатынасын әдейі үзген. "Менен хабар алып отырғандарын білсе, бастарына бәле болармын" дейді. Ол Қытайдың месенджерінен біржола шығып кеткен.Қытайдың Шыңжаң өлкесінде байырғы кезден бері тұратын қазақ, ұйғыр, қырғыз және өзге де мұсылман халық өкілдері "саяси үйрену лагерьлерге" жаппай қамалғанын халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

  • БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан.
  • Зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын айтқан. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады.
  • Саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп, ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атайтын Қытай билігі әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарғысы келеді. Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан Пекин мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG