Түркістан облысының прокуратурасы аймақта полицейлердің адам азаптағаны туралы айтты. Түркістан облысы прокуроры орынбасарының айтуынша, полицейлер адам азаптау кезінде түрлі әдіс қолданған.
"Басқа дорба кигізіп, ұрып-соққан, психологиялық қысым жасаған. "Кінәні тұтас мойныңа ал әйтпесе мойныңа тағы басқа қылмыс ілеміз, жақындарыңа қысым жасаймыз" деп қорқытқан" деді Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саят Келдібеков.
Оның сөзінше, қылмыстың басым бөлігін полиция қызметкерлері жасаған. Прокуратура өкілі олардың әрекетін "өкілетті асыра пайдалану" деп сипаттады.
Шілде соңында Түркістан қалалық соты "адам азаптады" және "заңсыз ұстады" деп айыпталған 6 полиция қызметкерін түрме жазасына кескен. Іс материалдарына қарағанда, полицейлер екі ер адамды "қой ұрлады" деген күдікпен ұстап, оларды мойындатқызу үшін азаптаған.
Халықаралық және қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстанның қамау орындарындағы азаптауды жоюға үндеп келеді.
Биыл көктемде БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің өкілдері Қазақстандағы бірқатар қамау орындарын аралап, "Қазақстан тұтқындарды азаптаудан қорғау үшін тиісті шараларды жүзеге асыруға тиіс" деп мәлімдеген.
Қазақстан билігі азаптаумен күресіп келе жатқанын жиі айтады, алайда азаптау бойынша шағымдар азайған жоқ.