Ресейлік әртіс, тележүргізуші Максим Галкин бірнеше айдан бері Қазақстанда концерт өткізе алмай жүргенін хабарлады. Бұл туралы Галкин 30 тамызда Instagram-парақшасында жариялаған видеосында айтты.
Галкин Алматы мен Астанада жоспарлаған концертіне Қазақстанда "мемлекеттік деңгейде кедергі келтіріп жатқанын" айта келе, "шенеуніктер командама үнемі қарсылық танытады" дейді.
"Қандай да бір ойдан шығарылған себептер, кулуардан тыйымдар бар. Біресе [билет] сатылымын тоқтады, біресе... Бәлкім, мен Қазақстан билігіне қауіпті шығармын, сондықтан менің концерттерімді өткізуге қорқатын шығар. Қазіргі уақытта құпия түрде концерттерімді өткізуге тыйым салынды" деді Галкин видеода.
Әртістің осы мәлімдемесінен соң Астана қаласының мәдениет басқармасы бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді. Басқарма мәліметінше, Галкиннің концертін ұйымдастыратын команда таңдаған күнге – 8 қазанға "Қазақстан" орталық концерт залында мұғалімдер күніне орай концерт жоспарланған деп мәлімдеді.
"Ұстаздар күніне арналған концертті басқа концерттік залда өткізу жоспарланғанын ескере отырып, ұйымдастырушылар қайта қайырылған жағдайда, ұйымдастыру комитеті тиісті заңнамаға сәйкес Максим Галкиннің кешін өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын" делінген хабарламада.
Алматы қаласының мәдениет басқармасы бұл жағдайға әлі түсініктеме бермеді.
Әртіс болған жайтқа қынжылатынын айтып, "Қазақстан мен ондағы көрермендерін жақсы көретінін" жеткізді.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Максим Галкин мен Алла Пугачева балаларымен бірге Ресейден кеткен. Галкин шетелде жүріп, Ресейдің әрекетін қатаң сынаған.
2022 жылы 16 қыркүйекте Ресей әділет министрлігі Максим Галкинді "шетел агенті" тізіміне қосқан. Министрліктің түсіндіруінше, Галкинді "шетел агенті" тізіміне енгізуге себеп болған жайт – "Украинадан түскен қаржы". Ведомство мәлімдеуінше, тележүргізуші саяси қызметпен айналысады.
Галкин Ресей билігінің бұл айыптауларын жоққа шығарады. Кейін Максим Галкиннің әйелі, Ресейдің танымал әншісі Алла Пугачёва Ресей билігінен өзін "шетел агенті" тізіміне қосуды сұраған.
Соғыс басталғалы бері ресейлік әртістердің көбі бұрынғыдай жер-жерде концерт өткізу мүмкіндігінен айырылды. Қазақстанда Ресей әншілерінің концертіне жаппай емес, ішінара тыйым салынады. Мысалы, "танымал Z-әртіс" деген атаққа ие Полина Гагаринаның концерті көпшіліктің талабымен өтпей қалды. Бірақ Киркоровтың Астана мен Алматыдағы концертіне ресми қарсылық болмады.
Әлеуметтік желідегі жаппай наразылыққа байланысты Лариса Долина Қазақстанға келе алмады. Концерт өтетін орынның әкімшілігі әлеуметтік желіде "Қарағанды облысы тұрғындарының негатив реакциясына байланысты ұйымдастырушыға Лариса Долинаның концертін өткізуге орын берілмейді" деп жазды.
Биыл 15 ақпанда Алматыда ресейлік әншілер қатысатын "Жара" фестивалі өтпей қалған. Ұйымдастырушылар елдегі және әлемдегі саяси жағдайға байланысты музыкалық шара кейінге қалатынын хабарлаған. Ресейлік шоу-бизнес өкілдері, ішінде соғысты қолдайтын Григорий Лепс те бар, 2022 жылдың жазынан бері Қазақстанда концерт өткізуге талпынып келеді
ПІКІРЛЕР