Орталық Азияға арналған конференцияның спикерлері қара аспанды төндірген болжамдармен қатар өңір туралы жақсы сөздер де тауып айтуға тырысты. Кей сарапшылар Қытайдың ықпалы артып, Ресей Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатқанда трансформация мен адаптацияға мүмкіндік жоқ дейді. Әлемнің басқа бөлігімен салыстырғанда Орталық Азияда климаттық дағдарыс та қарқын алып барады.
Конференцияға қатысушылардың көбі Орталық Азия елдері 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бастап біраз жетістікке жетті дегенмен келіседі. Бірақ олар өңір мемлекеттерінде жүйелі жемқорлық пен авторитаризм жойылмай отырғанына қынжылады.
28-29 тамыз күндері өткен "Еуразиядағы шешуші кезеңдер" атты конференцияны Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро ұйымдастырды. Ұйым биыл 30-жылдығын тойлап жатыр.
Алматыда өткен шараға қоғам қайраткерлері мен ғалымдардан құралған 200-ден астам сарапшы қатысты. Қатысушылар адам құқықтары жөніндегі бюроның мерейтойын тойлаумен қатар саладағы маңызды мәселелерді де көтерді.
Ұйымды көп жылдан бері басқарып келе жатқан Евгений Жовтис өз сөзінде өңір халқын "ішкі авторитаризм мен геосаяси қысым тұтқыны" деп атады.
ДЕМОКРАТИЯ ӘЛІ ЖОҚ
Жовтис халықаралық бақылаушылардың өңірдегі бес мемлекеттің еркіндігі туралы бағалау қорытындысын ұсынды.
Бұрын бірқатар демократиялық бостандықтарға қол жеткізген Қырғызстан президент Садыр Жапаровтың тұсында Freedom House eceбіндегі "жартылай еркін" деген тізімнен шығып, "еркін емес" елдер қатарына қосылды.
Тәуелсіздік жылдары Қырғызстанда үш президент ауысты. Кей билік ауысымы қантөгіспен келді. Сондықтан қырғыздарға қиын жолмен келген демократиялық құзыреттерден әп сәтте айырылу ауыр тиді.
– Көзді ашып жұмғанша қанша жыл күресіп, қол жеткізген дүниеміздің бәрінен айырылып қалдық. Бұл әрине, үрей тудырады, – дейді "Әділет құқықтық клиникасы" коммерциялық емес ұйымының басшысы Чолпон Жакупова.
Конференция басталған күні Қырғызстан прокуратурасы саяси элита арасындағы жемқорлық фактілерін әшкерелеуімен танымал Kloop тәуелсіз басылымын жабуға өтініш бергенін мәлімдеді.
Былтыр күзде Қырғызстанның Өзбекстанға су қоймасын беруіне қарсылық білдіргені үшін түрмеге жабылған жиырма шақты белсендінің көбі әлі сотын күтіп отыр.
Бірінші президент Ислам Каримов дүние салғаннан кейін бірқатар бостандыққа қол жеткізген Өзбекстанда да адам құқықтарының жайы мәз емес. Билікке жаңа келгенде мақта алқаптарындағы мәжбүрлі еңбекті жойып, сын-пікірге жақсы қарайтынын білдірген Шавкат Мирзияев көп ұзамай Кәрімовтің кезіндегі шектеулерге қайта оралды.
Прокурорлар мен соттар билікке қарсы пікір айтқан белсенділер мен азаматтық журналистерді түрмеге жабуға мүмкіндік алды.
Францияда тұратын өзбек эмигранты, "Орталық Азиядағы адам құқықтары" қауымдастығын басқаратын Надежда Атаева Мирзияевтың "Жаңа Өзбекстанына" баға беруді құқық қорғаушы Ағзам Тұрғыновтың жағдайынан бастау керек дейді. Ол Кәрімовтің тұсында түрмеге жабылып, азапталған. 2016 жылы Мирзияев билікке келгеннен кейін белсенді 11 рет үкіметтік емес ұйым тіркеуге өтініш беріп, рұқсат ала алмаған.
Өзбек блогері Миразиз Базаров президент Шавкат Мирзияевқа қарсы шыққаны және ЛГБТ құқығын қорғап сөйлегені үшін қудалауға ұшырады. Күш құрылымдары блогердің анасы мен адвокатына қоқан-лоқы көрсеткен.
Былтыр Қарақалпақстан автономды республикасында болған жаппай наразылықтан кейін Өзбекстанда мемлекеттік қуғын-сүргін күшейген. Аймақтағы басқа мемлекеттерде авторитаризмнің тереңдеуі әлдеқайда ерте басталып кеткен.
Еуропада тұратын тәжік журналисі Хумайро Бахтиер Орталық Азиядағы ең репрессивті мемлекет деген атауға Түркіменстан емес, Тәжікстан лайық деді. Ол елде 2010 жылдан бері азаматтық белсенділік, тәуелсіз журналистика мен саяси оппозицияға қарсы науқан басталғанын айтады.
Бірақ Түркіменстанның орны бөлек. Нидерландыда орналасқан Turkmen.news сайтының бас редакторы Руслан Матиев ақпарат құралдарының еркіндігіне арналған талқыда мемлекет интернетке қарсы соғыс ашты деп, Түркіменстандағы сайттардың төрттен үш бөлігі бұғатталғанына назар аударды.
Өңірде кейінгі жылдары болған ең үлкен қантөгістердің бірі – Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 238 адам қаза тапты.
Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің өкілі Эрика Марат бұл оқиға Нұрсұлтан Назарбаев пен аймақтағы басқа да авторитар басшылар ұсынған "тұрақтылық формуласы" өміршең емесін көрсетті деп есептейді.
– Бұл тұрақтылық институттарға емес, элитаға негізделген еді, – дейді ол.
Сарапшы Орталық Азияда жауапсыз басқару қалыпты дүние, сондықтан болашақта наразылық көбейеді, өйткені халықтың ұйымдасу қабілеті артып келе жатыр деген болжам айтты.
КҮРДЕЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Бір қарағанда, өңірдегі адам құқықтарының жайы көрші мемлекеттерге байланысты емес сияқты көрінеді. Бірақ тағы бір шолып шығайық.
Қырғыз саясаттанушысы Эмиль Жураев Ресей Украинаға қарсы соғысып, Қытайдың ықпалы артып келе жатқанда Орталық Азияда демократия құруға мүмкіндік жоқ дейді.
Мәскеудің көрші мемлекетке басып кіруі Орталық Азиядағы азық-түлік бағасының қымбаттауына әкелді. Мобилизациядан қашқан ондаған мың ресейлік шетелге қоныс аударды, мигранттардың басым көпшілігі Қазақстанды паналады.
Аймақ елдерінен Ресейге барып, жұмыс істеп жүрген мигранттар санкция қыспағында қалған экономика, құнын жоғалтқан рубль мен Мәскеудің өздерін соғысқа тарту науқанының ортасында қалды.
Соғыс саяси атмосфераға да әсер етті. Жураевтың сөзінше, өңір азаматтары батыл сұрақтар қойып, Ресей империясы мен Совет Одағының боданында өткен жылдарды талқылай бастаған.
Medianet ұйымының басшысы Әділ Жалилов Украинадағы соғыс жергілікті ақпарат құралдарындағы жалған ақпарат тарату мәселесін одан әрі өршітті деп отыр. Оның айтуынша, ресейлік фейк жаңалықтар салмақты мәселеге айналған. Сарапшылар үкімет осы мәселені сылтауратып, интернет кеңістікке бақылауды күшейтуі мүмкін деп қауіптенеді.
2022 жылы қаңтарда Қазақстанда авторитаризмді сақтап қалуға Ресей үлкен үлес қосты. Мәскеуден келген әскер қоғамдық тәртіпті күшейтті. Жергілікті күш құрылымдары бейбіт халықты атып, ұсталғандарды азаптағаны үшін жауапқа тартылмады.
2016 жылдан бері Шыңжаң өңірінде мұсылман халықтары қайта тәрбиелеу лагерьлеріне жабылып, қысым көріп келді. Белсенділер мұны "геноцид" деп сипаттады.
Орталық Азия елдерінде, әсіресе, Қазақстанда Қытайда қудалау көрген адамдар жиі кездеседі. Олардың көбінің құжаты жоқ.
– Өйткені өңір мемлекеттері Қытаймен қарым-қатынасына нұқсан келтіргісі келмейді, – дейді "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының басшысы Айна Шорманбаева.
Адам құқықтары бойынша заңгер, Оңтүстік Каролина университетінің академигі Стив Свердлоу Пекин Орталық Азиядағы белсенділерді қудалау үшін қытайлық түр-тұлғаны анықтау технологиясын қолданғанын айтты.
Ол қыркүйектің соңында Орталық Азия елдерінің басшылары Нью-Йоркте БҰҰ-ның бас ассамблеясында АҚШ президентімен 5+1 форматында кездесетінін еске салды. Сарапшы бұл кездесуді адам құқықтары мәселесіне баса назар аударға таптырмас мүмкіндік деп санайды.
Бірақ Вашингтон бірінші кезекте, Мәскеуге қарсы салынған санкциялардың бұзылмағанын қалайды. Осы мәселе тұрғанда, адам құқықтары тақырыбын көтере ме?
Өңірдегі халықаралық ұйымдар өз міндетін дұрыс атқарып жатыр ма?
Джордж Вашингтон университеті халықаралық қатынастар мектебінің қызметкері Себастьян Пейруз осындай сауал көтерді, тәжік құқық қорғаушысы Нигина Бахриева сарапшының пікірін қолдай кетті.
– Көбіне халықаралық ұйымдар адам құқықтарына қатысты позицияны қорғаудың орнына елдегі жағдайға бейімделіп кетуге тырысады, – деді ол. Кейінгі жылдары Тәжікстанда көп халықаралық ұйым мемлекет қысымына шыдай алмай, жабылып қалған.
КЛИМАТТЫҚ ДАҒДАРЫС
Жергілікті басқару нашар, геосаяси ахуал күрделі аймақта климаттық дағдарыс мәселесі де бар. Орталық Азия – әлемдегі су тапшылығы өзекті өңірлердің бірі. Қазақстанда су мәселесі қазірдің өзінде байқала бастады.
Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан басқа мемлекеттердің территориясынан ағып келетін өзен суын пайдаланып отыр.
Ресейден келетін Жайық өзенінің суы азайып барады. Осының салдарынан Каспий теңізі де Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін.
Өзеннің жоғарғы ағысында орналасқан елдерде өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуы су дағдарысын күшейтеді. Астана Пекинге сөзін өткізе алмайды, Украинадағы соғысқа байланысты бейтарап позицияда қалғалы Ресеймен де қарым-қатынасы жақсы емес.
Осы айда қазақ шаруалар сусыз қалғаннан кейін Қазақстан-Қырғызстан шекарасында жүк көліктерінен кептеліс түзілді. Көбі мұны Астананың Бішкекке жауабы деп қабылдады.
Қырғызстан су квотасын толық орындадық деп отыр. Қазақстан билігі су көлемін арттыру бойынша келісімге келуге тырысқан. Өйткені Жамбыл облысының шаруалары құрғақшылық пен су тапшылығынан зардап шегіп жатыр.
Әлеуметтік-экологиялық қор Вадим Ни аймақ елдері жаһандық жылыну кезінде бизнесті қалыпты жағдайда жүргізу моделінен бас тартуы керек деп есептейді.
– Су азайып барады. Ал шенеуніктер жақсы табыс әкелетін өнімдерді көбірек егуді талап етеді. Олар су жетпей жатыр дегенді түсінбейді, – дейді ол.
Ни үкімет пен қоғам жаһандық жылынуға қарсы ортақ шешім таппаса, өңір халқы климаттық дағдарыстан көп зардап шегеді деп топшылайды.
ПІКІРЛЕР