Accessibility links

Шымкентте қамаудағы оппозиция белсендісін туған күнімен құттықтаған қала тұрғынына полиция ескерту берді


Белсенді Гүлжан Мұратбаева полиция учаскесінде отыр. Шымкент, 31 тамыз 2023 жыл.
Белсенді Гүлжан Мұратбаева полиция учаскесінде отыр. Шымкент, 31 тамыз 2023 жыл.

Шымкентте қамаудағы оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевты қолдап, Қажымұқан атындағы орталық стадион маңында жүгірген тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясының мүшесі Гүлжан Мұратбаеваны полицияға шақырып, ескерту берді. Белсенді мұны “саяси қудалау” деп бағалады.

Гүлжан Мұратбаева 19 тамыз күні Шымкенттегі орталық стадионда жақтастарымен бірге Марат Жыланбаевты қолдап, жүгірген. Бәрі бірге “Марат Жыланбаевқа бостандық!” деп айқайлап, артынан Мұратбаева Жыланбаевты 60 жасқа толуымен құттықтап, видеоны Facebook парақшасына жариялаған.

29 тамызда полиция қызметкері белсендіге хабарласып, 31 тамызда полицияға барып, өзіне қозғалған әкімшілік іспен танысып кету қажеттігін айтқан.

31 тамызда кешке белсенді Тұран аудандық полиция басқармасына қарасты 67-учаскелік полиция пунктіне барды. Оны қабылдаған учаскелік полицей Нұржан Омаровтың сөзінше, қалалық полиция департаменті экстремизммен күрес басқармасы Мұратбаеваның үстінен "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап) бойынша іс қозғап, учаскелік полицейге түсіндіру жұмысын жүргізіп, ескерту беруді тапсырған.

- Стадион маңында жүгіріп, Марат Жыланбаевты туған күнімен құттықтау қандай да бір заңға қайшы ма? - деп сұрады белсенді полицейден. Ол жауап бермеді. Мұратбаеваның өзі полицияның әрекетін саяси қудалау деп атады.

Биыл 25 мамырда Астана соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілінген Марат Жыланбаевты қамауға алған. Адвокаты бұған дейін абақтыдағы белсендінің денсаулығы нашарлағанын айтқан. Танымал марафоншы, билік сыншысы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Жыланбаев биыл кезектен тыс парламент сайлауына депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген. Билік оны "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, оған әкімшілік іс қозғады. Ақыры оны кандидаттар қатарынан алып тасталды.

60 жастағы Марат Жыланбаев кейінгі кезде билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген. Ол биыл қыста Павлодар облысындағы жылу дағдарысы кезінде жақтастарымен бірге Екібастұз тұрғындарын қолдаған.

Билік ол тіркемек болған оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтінішін жуырда кері қайтарды.

Жуырда Ақтөбеде полиция Марат Жыланбаевтың ісі бойынша 20-дан астам белсендіні тергегенін Азаттық жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG