Accessibility links

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім тағы аштық жариялады


Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Талдықорғанда қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім тағы аштық жариялады. Ақпаратқа қарағанда, ол аштық акциясын 1 қыркүйекке қараған түні сағат 00-де бастаған. Ол бұл жолы өзін дәрігерлерге қаратуды талап етіп отыр.

Журналистің аштықты бастағанын адвокаты Ғалым Нұрпейісов растады. Ол қамаудағы журналистпен 31 тамызда кездескен.

– Думанның денсаулығы бойынша ауруханаға апарсын деп бірнеше хат жаздық. Кейін Думанға дәрігерлер келген, олар “сені ауруханаға жатқызамыз” деп айтқан. 2-3 күн өтті, ешкім келмеген. Дәрігерлер емдетеміз деп, өз сөздерінде тұрмады. Думанның аштық жариялау себебі осыдан. Ол дәрігерлер келсе, аштықты тоқтатамын деп айтты, - деді Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа.

Адвокаттың айтуынша, журналистің бүйрегі, асқазаны сыр бере бастаған. Нұрпейісов журналиске медициналық көмек керек екенін жеткізді.

– Бүгін (31 тамызда) әкесімен бірге Думанға кірдік. Тергеуші жауап алайын деп, тергеу жүргізуге тырысқан. Думанның Алматыға ауыстыру туралы талабы орындалмады, сондықтан ол бұдан бас тартатынын айтты, – деді адвокат Азаттыққа.

Журналист жаз айларында да аштық жариялап тоқтатқан. Адвокат ол кезде оның көп салмақ жоғалтқанын хабарлаған еді.

Азаттық Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайына қатысты Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухана мен қалалық емханаға хабарласты. Қалалық емхана қызметкері бұл сұрақ бойынша Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы Азаттық тілшісіне хабарласады деді. Бұл жаңалық жарияланғанға дейін басқармадан жауап түспеді.

Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілініп, маусымның соңында қамалған. Құқық қорғаушылар билікті қатаң сынап жүрген журналист ісінің саясиланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG