Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылар Ресей басып алған Украинаның Донецк облысында таяуда өнер көрсеткен "Камызяки" тобының Астана мен Алматы қалаларында өтетін концерттеріне тыйым салуға шақырып, қол жинай бастады. 12 қыркүйектегі мәлімет бойынша, ALASH online сайтында жарияланған петицияға қол қойғандар үш мыңнан асқан.
"Камызяки" КВН командасына ұлты қазақ, ресейлік әзілкеш Азамат Мұсағалиев жетекшілік етеді. Олардың Донбасстағы концертте соғысты қолдап ән шырқағаны желіде кең тарады. Бұдан соң Қазақстанда ресейлік әзілкештердің концерт өткізуіне бойкот жариялауды талап еткендер көбейді.
"Біз, қазақстандықтар Украинаның егемендігін қолдаймыз және оған қарсы агрессияны қолдайтын адамдарды елімізде көргіміз келмейді. Біз - бейбіт елміз, бейбіт халықпыз" деп жазған петиция авторы Ирина Торопова.
"Камызяки" тобының концерті 5 қазанда Алматыдағы "Алматы арена" сарайында, 7-8 қазанда Астанадағы Конгресс холлда өтеді деп жоспарланған.
Мұсағалиев жергілікті "Оплот ТВ" телеарнасына берген сұхбатында Ресей аннексиялаған Донецк облысының тұрғындарына "бейбіт өмір тілейтінін", Украинада соғысып жүрген "орыс солдаттарымен кездескенін" айтқан. 8 қыркүйекте өткен концерттен кейін Украина билігі Мұсағалиевті "орыс-фашистік басқыншыларға және террористерге көмектесушілер" тізіміне енгізген.
Әзілкеш бойкот пен петиция жөнінде әзірге түсініктеме бермеді, ол Instagram-дағы парақшасында пікір жазуды өшіріп тастады. "Камызяки" тобының ресми парақшасы да бұл туралы ештеңе жарияламады.
Петицияда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Ресей президенті Владимир Путин қатысқан Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарын "Қазақстан мойындамайды" деген мәлімдемесі айтылған.
Желі қолданушылары "Концертке қарсымыз!", "Камызяки келмеңдер!", "Сендерге Қазақстанға жол жабық!", "Соғысты қолдайтын әртістерге жол жоқ!" деген мазмұнда пікір жазып жатыр.
Осыған дейін Қазақстан Ресей әртістері Полина Гагаринаның Астанада, Григорий Лепстің Қонаевта, Лариса Долинаның Қарағандыда жоспарланған концерттеріне тыйым салған. Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдаған бұл әртістерді қоғамда "Z-әншілер" деп атау үрдісі пайда болған.
ПІКІРЛЕР