Accessibility links

Дума депутаты Ресейге бұрынғы СССР елдерінің әрқайсымен "соғысуына тура келеді" деді


Мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров.
Мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров Ресейге алдағы уақытта СССР құрамында болған мемлекеттермен соғысып шығуына тура келеді деп мәлімдеді. Оның мәлімдемесі кремльшіл телеграм-арналарда жарияланды.

"Бұрынғы республикалардың бәрі ерте ме, кеш пе, Ресеймен қақтығысады не соғысады. Бұл теория мәселесі. Кейбірі мысалы, Беларусь қазір соғыспас. Грузия соғысқан, Украина. Бұның Арменияға да қатысы бар" деді депутат.

Дума депутатының пікірінше, республикалар “дипломатиялық жолмен қайтарылса әскери қақтығыстарды айналып өтуге болады”. Ол постсоветтік елдерді “қайда қайтару қажеттігі” туралы нақтыламады. Шамасы мәселе СССР жөнінде болып отырған болуы мүмкін.

Ресей депутатының бұл сөзіне Қазақстан билігі әзірге ештеңе айтпады.

Кейінгі жылдары постсоветтік республикаларға, оның ішінде Қазақстанға қатысты Ресей саясаткерлері мен сарапшыларының арандату сипатындағы мәлімдемелері жиілей түсті. Қазақстан халқының белсенді бөлігі мұндай мәлімдемелерді қоқан-лоқы, республиканың аумақтық тұтастығына қол сұғу деп бағалайды. Былтыр Мәскеу қалалық думасының депутаты Сергей Савостьянов Украина үлгісі бойынша Қазақстанды да "денацификациялау" және "демилитаризациялауға" шақырған. Сол кезде Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "айтылған әрбір мәлімдемелерді жеке-жеке қарастыру керек және сол деңгейде жауап беру керек" деп мәлімдеген.

2022 жылы қарашада кремльшіл сарапшы Дмитрий Дробницкий ресейлік пропагандист Владимир Соловьевтің бағдарламасы кезінде "Украинадан кейінгі мәселе - Қазақстан", "ол жақта да Украинадағыдай нацистік процестер өрістеуі мүмкін" деп айтқан.

Кейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко журналистерге берген сұхбатында "ешқашан нацистік процеске кезікпегенін, себебі ондай нәрсе елде мүлде жоғын" мәлімдеген. Василенко "бұл Ресей билігінің ресми ұстанымы емес" екенін айтып, дегенмен мемлекеттік арнада айтылғаннан кейін оған Ресей билігі реакция білдіргені жөн деген. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Соловьев бағдарламасында айтылған жайттар Кремльдің позициясы емес екенін айтқан.

2023 жылы мамыр айында "Қазақстан Украинаның кебін киюі мүмкін" деп мәлімдеген Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Ресей СІМ араласқаннан кейін Қазақстан аумағына кіре алған.

Кейінгі уақытта Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген. Ресейлік саясаткерлер мен пропаганда журналистері ара-тұра "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр" деп мәлімдеп тұрады. Ресейлік саясаткерлер Қазақстандағы қазақ тілді белсенділердің әрекетін және тілге қатысты заңдарды жиі сынға да алған. Ал тіл белсенділері елде мемлекеттік тіл саналатын қазақ тіліне тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей отырғанын айтады.

XS
SM
MD
LG