Бүгін, 19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталды.
Алдын ала тараған хабарға қарағанда, сот отырысы сағат 15-те, сотталушылардың өкілдерінің тікелей қатысуымен өтетін болған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірді.
Сот алқасның төрағасы Ержан Дәулиевтің сөзінше, апелляциялық соттың онлайн өтетіні барлық қатысушыға хабарланған.
Судьяның сөзіне қарағанда, апелляциялық сотқа шағым түсірген белсенділердің бірі Әйгерім Тілеужан камерадан шығудан бас тартқан.
Сот ғимаратының алдында тұрған адвокаттардың екеуі ZOOM арқылы сот процесіне қосылса, тағы үш-төрт адвокат қосыла алмай, сот залына кіргізуді талап етті. Олар сот ісін бұлай жүргізу заңға қайшы деп санайды. Адвокаттардың сөзінше, сот залындағы дыбыс бірде естілсе, бірде естілмейді.
Сотқа Рысбек Сәрсенбай, Зәуреш Баталова, Ғалым Ағелеуов, Арайлым Назарова секілді саясаткерлер мен қоғам белсенділері келген. Барлығы отыздан астам адам сот ғимаратының алдына жиналған. Сот ғимаратын полиция қатаң бақылап тұрды.
Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу ісі" бойынша үкімді 11 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты шығарған.
Судья Марат Кәкімжанов журналист, қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім оқыған. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелген.
Судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелген.
Сот үкімі шығарар күні де Наурызбай аудандық соты алдына сотталушылардың жақтастары, туыстары мен қоғам белсенділері бар, барлығы жүзден астам адам жиналған еді. Сот залына кіргендер айыпталушыларға бостандық сұрап ұрандатқан.
Сот үкімінен кейін журналистерге сұқбат беріп үлгерген Әйгерім Тілеужан өзін кінәсіз деп санайтынын, сондықтан "ешкімнің алдында басын иіп, тізесін бүкпейтінін" айтқан. Оның сөзінше үкімге биыл қаңтарда парламентте есеп берген Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловтың "әуежайды басып алушылар" қатарында өзін де атағаны себеп болған.
Әйгерім Тілеужан мен оның адвокаты бұл мәселе бойынша Берік Асылов "кінәсіздік презумциясын бұзды" деп сотқа берген.
Үкім шығарылған тағы да үш адам сот үкімімен келіспейтінін, "Жаңа Қазақстан" соты әділетсіз өткенін айтты.
Биыл 30 наурызда Алматыда "Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу" ісі бойынша бес адамның соты басталған.
Тергеу орындары бұл іс бойынша журналист Әйгерім Тілеужанға, белсенді Қалас Нұрпейісовке, Нұрлан Дәлібаевқа, Ермұхамет Шилібаевқа, Жанайдар Кәрменовке айып таққан. Әйгерім Тілеужан бастапқыта абақтыда отырып, кейін үйқамаққа ауыстырылған, өзге төртеуі былтыр көктемнен бері тергеу абақтысында қамауда отырған.
Айыптау қорытындысында Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайында наразы топтың алдында "билікке қарсы сөздер айтып, оларды заңсыз іс-әрекетке айдап салып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деп көрсетілген.
Нұрпейісов, Дәлібаев, Шилібаев пен Кәрменов "ғимараттарға шабуыл жасап", "көліктерді тартып алған, бөтеннің мүлкін жымқырған" деп жазылған.
"Нұрпейісов әуежай ішіндегі жаппай тәртіпсіздікпен шектелмей, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерінің келуіне жол бермеу үшін, әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелік жабдыққа электр қуатын беретін "Қазаэронавигация" ғимаратын басып алмақ болған" деп жазылған тергеу материалында.
Қылмыстық іс бойынша, Алматы халықаралық әуежайы, "Қазаэронавигация" мен Qazaq Air, Air Astana, Fly Arystan және Scat әуекомпаниялары жәбірленуші деп танылған. Прокуратура айыпталушылардың әуежайдағы заңсыз іс-әрекетінің салдарынан әуекомпаниялар мен жеке кәсіпкерлер орасан зиян шеккен дейді. Тергеу материалдарында келген зиян көлемі 6,1 миллиард теңгеден асады деп жазылған. Оның негізгі бөлігі ірі әуекомпанияның әуежайдағы дүрбелең кесірінен жұмысы тоқтағандықтан алынбай қалған табысы деп көрсетілген.
ПІКІРЛЕР