Алматы қаласының әкімшілік соты осы апта басында "әуежайды басып алу" ісі бойынша өткен апелляциялық сот кезінде әлеуметтік желіде тікелей эфирден хабар таратқан белсенді Абзал Достияровты 15 күнге қамады. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.
"Процесс бітті. 15 күнге қамады. Біз Абзал Достияровтың YouTube-арнасы бар екенін, эфир тек бір сағатқа созылғанын және онда ешқандай ұран айтылмағанын, футболка, үнпарақ таратылмағанын айттық. Алайда судья біз іс материалдарына тіркеген жайттардың ешқайсысына назар аударғысы келген жоқ" деді Балғабаева Азаттыққа.
Сот Абзал Достияровты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Адвокаттың пікірінше, билік осылайша "белсенділерді қорқытқысы келеді", осылайша олар белсенділердің келесі аптада өтетін Тілеужан мен тағы төрт сотталушының процесіне қатысқанын қаламайды.
22 қыркүйекте Алматы соты белсенділер Марат Тұрымбетов пен Майра Ғабдуллинаға әрқайсысына 30 АЕК көлемінде (1 айлық есептік көрсеткіш – 3450 теңге) айыппұл салды. Оларды жұма күні таңертең полиция ұстап әкеткен. Түскі сағат 3 шамасында онлайн сот өтті. Екеуіне де "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айып тағылған. Марат Тұрымбетов сот шешіміне шағым түсіретінін айтты.
19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген.