Accessibility links

Полиция Азаттық тілшісін бөлімшеде екі сағат ұстап, қайта босатты


Азаттық тілшісі Сәния Тойкен. Есіл аудандық полициясы, Астана қаласы. 25 қыркүйек, 2023 жыл
Азаттық тілшісі Сәния Тойкен. Есіл аудандық полициясы, Астана қаласы. 25 қыркүйек, 2023 жыл

Бүгін Астана қаласындағы EXPO аумағында басталған INNOPROM.QAZAQSTAN көрмесі алдында Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді полиция алып кетіп, екі сағат ішінде себебін түсіндірместен қайта босатты.

Сәния Тойкенді Есіл аудандық ішкі істер бөліміне апарып, сонда ұстап отырған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарына қарағанда, 25-27 қыркүйек аралығында өтетін "INNOPROM.QAZAQSTAN" инновациялық-өндірістік көрмесіне Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин, Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров қатысады.

Сәния Тойкеннің Азаттық редакциясына жіберген видеосында EXPO ғимараты сыртындағы ашық алаңға ауыл шаруашылығына арналған түрлі техника көрмеге қойылғанын көруге болады.

Көрмедегі техникаларды сырттай камераға түсірген Азаттық тілшісіне өзін таныстырмаған белгісіз әйел келіп кедергі жасаған, көрмеге үкімет басшылары келетінін айтып, видеоға түсірмеуді талап еткен. Артынша полиция қызметкері, капитан Жолдасбек Ибрагимов пен Алмас есімді азаматтық киімдегі адам келіп, көрмені видеоға түсіруге болмайтынын айтқан.

Сәния Тойкен түсірген видеодан көрме алдына қымбат автокөліктер мен шетел елшіліктерінің нөмірі тағылған автокөліктер бірінен соң бірі келіп жатқаны көрінеді.

Көрменің ашық алаңда өтіп жатқаны, оны көшеден түсіргені, көрме жұмысына кедергі жасамағаны жөніндегі уәжі мен журналист құжаты бар екенін ескерместен, Азаттық тілшісін полиция Есіл аудандық полиция бөліміне әкеткен. Алайда полиция бөлімінде тілшіні не үшін ұстағаны туралы хаттама толтырмаған. Не үшін ұстап, қайта босатқанын ресми түрде түсіндірмеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG