Accessibility links

Сәтбаев соты Сириядан оралған азаматты терроризм бабы бойынша алты жылға соттады


Сириядан оралғандар ісі бойынша сот процесі. 22 қазан, 2019 жыл
Сириядан оралғандар ісі бойынша сот процесі. 22 қазан, 2019 жыл

Ұлытау облысы Сәтбаев аудандық соты отбасымен бірге Сирияға кетіп, қайта оралған жергілікті адамды "терроризм" бабы бойынша алты жылға бостандығынан айырған. Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, "Ұлытау өңірі тұрғындарының біріне терроризмді насихаттап, діни алауыздық қоздыру мен терроршыл топ жұмысына қатысу фактісі" бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталған.

"Сотталушы 2016 жылы отбасымен Сирияға барып, онда "ДАИШ" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) құрамында болғанын тергеу анықтады. Қабылданған шаралар нәтижесінде содырдың шетелде жүрген жері анықталып, содан соң шетелдік серіктестердің көмегімен оны ұстауға және 2023 жылдың маусым айында ҰҚК жасағымен Қазақстанға жеткізуге мүмкіндік туды" дейді ҰҚК баспасөз қызметі.


Сот үкімі 2023 жылғы 22 қыркүйекте заңды күшіне енген.

ҰҚК ақпаратында сотталушының аты-жөні, жасы туралы мәлімет айтылмаған. Оның өкілдерімен сөйлесуге мүмкіндік болмады.

Қазақстан 2019 жылы Сирияда жүрген азаматтарын қайтаруға арналған "Жусан" операциясын аяқтағанын хабарлаған. Бірақ одан кейін де бірнеше рет эвакуациялық рейстер жасаған, әлі де жалғасуы мүмкін екенін айтқан.
Билік 2021 жылы қазанда таратқан мәліметке қарағанда, 2018 жылдан бері Сириядан Қазақстанның 742 азаматы оралған. Оның ішінде 189 әйел, 516 бала бар. ҰҚК мәліметіне қарағанда, елуден астам адам сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG